Сәрсенбі, 27 қараша, 15:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Үй жинаушы

20.03.2021

3772 0

Бәрі ойыңдағыдай бола бермейді екен… Бұл Жанерке­нің соңғы кездері  жиі айтатын нақыл сөзіне айналды. Жас та болса өмірден түйгені. Кейде осы сөзді өзін жұбату үшін іштей жиі қайталайтын сияқты.

Жанерке де замандастары секілді мектеп бітірген соң студент атанды. Мектепте үз­дік оқушылар қатарынан бол­маса да жоғары оқу орнына түсіп, бір мамандық иесі атанатынына сенімді болды.  Анасы тұңғышының қала орта­­лығындағы сәулеті келіс­кен зәулім ғимаратта білім алғанын елестетіп, жаңа оқу жы­лында келісті ғимарат ал­дында қызымен суретке түсіп, телефонындағы  «Туыстар» ча­тына салып мақтанатынын елес­тетіп, тәт­ті қиялға берілетін. «Менің қызым жұрттың бала­сынан кем емес, оқысын, қо­лымдағыны аямаймын» де­генді әкесі де шай үстінде жиі айтатын. Тіпті оқу орнын да, мамандықты да ата-анасы таңдап қойған. «Анау Гүлжан шет тілді үйреніп алып, қазір білдей бір компанияда аудармашы екен. Айлығы өте жақсы. Кеше анасының туған күніне үлкен сақина алып беріпті. Сен де сол оқуды оқисың» дегенді анасы жиі айтатын. Өз шамасы өзіне ғана мәлім Жанерке аттестат алатын күн жақындағанда анасына өз таңдауын айтты. «Анашым, мен тігінші болғым келеді» дегені сол екен, Сәбилә шошып кетті. «Мен саған күнде не айтып жүрмін?» деп бастырмалата сөйлеп, әрі қарай тағы да туысы Гүлжанның табысы, анасына жасаған сыйлығын, өзінен кейінгі алты бауырын жеткізу керек екенін бірнеше мәрте қайталап, мұндайды енді естімейін деп қатаң ескертті. Анасы мен қызының сырласу минуты осымен тәмам…

Жанерке жаңа оқу жылында мақтаулы оқу орнының шет тілдер факультетінің 1 курс студенті атанды. Өзінен бұрын ата-анасының қуанышында шек жоқ. Алайда табиғат бер­меген талантты зәулім уни­­верситет бере алмайды екен. О бастан тіл үйренуге қы­зығушылығы жоқ Жанерке іл­дәлдәлап күнін өткізіп, бір­де көшіріп, бірде өтініш ай­тып, енді бірде емтиханнан сүрініп, қайта тұрып жүргенде 4 жыл зу етіп өтіп кеткенін де байқамай қалды. Университет оқытушылары да әйтеуір бір нанын тауып жер деп кешіре салды ма, қолына «ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» деген жазуы бар көк дипломды бере салды. Әйтпесе, Жанеркенің  4 жылда үйренгені жоқ. Курстастары ағылшын тілінде емін-еркін әңгіме айтқанда ол төмен қарайтын. Диплом жуу, мақтану, «Туыстар» чаты қызылды-жасылды суреттер­мен толып, абыр-сабыр ба­сыл­ды. Жанерке дипломды қолына алып талай мектептің табалдырығын тоз­дырды, ба­лабақшаға бас сұқты. Әңгі­мелесуден беті қызарып шы­ғады. Жұмыс жоқ. Үйдегі жағдай белгілі, шиттей бала-шаға. Төрт жылғы оқу ақысы несиемен өтелген. Ата-анасы шиқылдап отыр. Күн сайын анасы оны үмітпен үйден шығарып салып, күтіп алады.  Бүгін де таңғы асын ішіп алып, жарнаманы бір шолып шықты. «Таза жұмыс. Жалақысы жо­ғары» деген жазуға көзі түсті.  Көрсетілген мекенжайға алып-ұшып жетті. Мекемеге ұқса­майды. Үш қабатты зәулім үй. Қорқасоқтап сыртындағы түймені басып еді, есік ашыл­ды. Өзін қарсы алған  әйел іші-сырты аппақ үйдің бірінші қабатындағы шағын бөлмеге бастап кірді. Үстелге жайғасып, түйіндемесін, дипломын мұ­қият қарады. Жанеркені әңгі­мелесу сынағынан өткізіп, біраз «тер­геді». Сонан соң оның тап-тұйнақтай, ұқыптылығына сенім артып, жұмысқа қабыл­дайтынын айтты. Таңертеңнен бастап жұмысқа кірісуін сұ­рады.

– Сонда қандай жұмыс?

– Үй жинаушы. Күн сайын осы үш қабатты үйді таза­лайсыз, арасында балаларға бас-көз боласыз. Табысыңыз жаман болмайды. Таза жұмыс.

– Сау болыңыз…

Қақпа сыртынан зәулім үйге бір, қолындағы дипломына бір қараған Жанерке қас қарайғанша жұмыс іздеді.  Салы суға кетіп, екінші қабатқа әрең көтерілді. Күндегі көрініс. Есікті ашқан  анасы «жұмыс таптың ба?» деп сұрауға бата алмай, жаутаң-жаутаң қарайды. Аяп кетті. «Жұмыс таптым» деген сөзді қалай айтқанын білмей қалды. Анасының сол сәттегі қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қызын құшақтап жылап жүр. Байғұс ана іштен тынып жүр екен. Қанша несие, қанша қарыздан шаршағанын да жасырмады. Қуанғаннан қызының жұмысын да сұрамады.  Күн ұзағына қаланы жаяу шарлап, әбден қалжыраған Жанерке бір-екі кесе ыстық шайдан соң төсегіне құлай кетті. Таңертең жұмысқа баратыны есіне түсіп, оятқышқа қояйын деп телефонын қолына алған. «Туысқандар» чатынан «Сүйінші! Біздің Жанерке жұмысқа тұрды!» дегенді оқы­ды. Анасы жазыпты…

***

Үш қабатты ғимарат шынын­да адам тұратын үй екен. Қала орталығындағы ондаған мекеме паналаған ғи­мараттардың қай-қайсысы да мұндай кең емес шығар, сірә! Үй иесі үш қабатты үйдің әр қабатын аралап көрсетіп, сағат 8-00-ден кешкі 19-00-ге дейін атқаратын жұмыс барысымен таныстырды. Шаң сүрту, гүлдерге күтім жа­сау, аппақ кілемдерді күн сайын тазарту, кір жуу, киім үтіктеу, ыдыс жуу, балалардың тәртібіне мұқият болу және тағысын-тағы. Жанеркенің үш қабатты үйдің әр бұрышымен танысып шығамын дегенше басы айналып кетті.  «Мынадай зәулім үйде бар болғаны 4 адам тұрады екен. Ата-анасы, ұлы, қызы. Олар да кішкентай. Айналдырған төртеуіне сонша үлкен үйдің не қажеті бар? Мына үйге аядай екі бөлмеде тұратын отбасымен көшіп келсе, шіркін. Тоғызына бір бөлмеден емес, екі-үш бөлмеден келеді екен. Соның өзінде қанша бөлме бос. Көрші Әлима апайды бес баласымен көшіріп әкелсе де болады. Несі бар, зәулім үйде екі отбасы бірге тұрса бір-біріне кедергі болмайды. Оның үстіне Әлима апай сондай мейірімді…»

– Шаңсорғышты ұқыпты қолданыңыз.

– Әәә, иәәә, осыны ма? Қиялға беріліп кеткені сон­ша, асып-сасып қалды. Шаң­сорғыш дегені өзі көріп жүргенінен бөлек. Биіктігі беліне келіп қалады. Үй иесі әрі қарай пайдалану жөніндегі нұсқаулықты қолына ұстата қойып, өзі де нықтап түсіндірді. Түсінгені бұл қарапайым шаңсорғыш емес. Жиһазды да жуады, шаңды да да сүртеді. Әйтеуір бір ғажап нәрсе. Іске ұқыпты Жанерке үй жұмысына кірісіп кетті. Кешке дейін бір тынбады. Қолы қалт ете қалғанда, балалармен бірге ойнады. Бір бөлме толы ойын­шықты қызық көріп, өзі де бір сәт бала болып кеткенін білмей қалады. Мүлгіген тыныштық орнаған зәулім үйдің іші бір сәтке күлкіге көміліп қалды.

Ертесіне зәулім үйдің ханымы Жанеркені құшақ жая қарсы алды. Тапсырма беруден аспайтын тұйық мінезі жайында қалған. Дас­тарқан басына шақырып, бірге шай ішті. Бір күнде балалармен тіл табысқанына алғысын білдіріп, қанша де­генмен жоғары білімді маман екенін айтып, мақтап қойды.  Отағасының жұмысбасты, өте кірпияз екенін де жа­сырмады. Өзінің бір­неше бутикті үйде отырып басқа­ратынын айтты.

– Балаларды үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Биз­неске аса ұқыптылық керек. Көзден таса етуге болмайды. Үй шаруасына үлгере ал­маймын.

Мұнысы ақталу деп тү­сінді Жанерке. Әйтпесе, азаннан кешке дейін үйдегі әйелге үл­гермейтіндей жұ­мыс жоқ. Таңертең және кешке ғана ашылып-жабы­латын қақпадан артық адам кіріп-шықпайды. Осы ой­мен үй тазалау жұ­мысына кірісіп кетті. Ке­шегідей емес, бұл үйге бойы үйрене бастағандай. Жүгіріп жүріп бар шаруаны дөңгелетіп тас­тады. Балалармен кешегіден ұзағырақ ойнады, ән айтты, би биледі. Ең бастысы, қымбат жиһаздарға жолатпаса болды. Мұны кеше ханым қатаң ескерткен. Жастайынан ұғым­тал Жанерке әр жиһаздың бағасы миллиондардан бас­та­латынын кеше естіген. Сон­дықтан да әрқайсысын аялай сүртеді.

– Кешке қонақ келеді. Сәл кеш қайтарсыз, – деді ханым, жұмсақ креслода телефоннан бас алмай. Өзі жайбарақат.

– Бауырсақ, торт пісірейін бе?– деді Жанерке аптығып. Үйіне қонақ келетін болса анасы екеуі түнімен бар тәттіні қолдан пісіруге әбден үйренген.

– Бәрі дайын. Тек үстелге қойып шығамыз, – деді тағы да телефоннан көз алмай. Айтқанындай, есік қоңырауы басылды да үйге қорап-қорап зат келе бастады. Жанерке енді түсінді. Дайын тамақтың түр-түріне тапсырыс бер­ген екен. Көптігі сонша, дастарқанға қойып үлгере алмай жатыр.

Жанеркенің іші ашыға­­­ны – қонақтан кейін дастарқан­­ды жинауы. Тамақтың түр-түрін толтыра қойғанмен, кей­біреуі тіпті түртілмепті де. Ас та төк тағам сол күйі қоқыс­қа тасталды. «Обал-ай, астың обалына қалдық-ау» деп қиналды ол. Ал үй иесі үшін бұл қалыпты жағдай сияқ­ты. Нанның қиқымын да оба­лы бар деп тастамайтын ана­сы мұны естісе қандай күйде болар екен?..

Айтпақшы, анасы Жан­ерке­нің жұмысынан хабар­дар. Екі-үш күн жасыр­ғанмен, әрі қарай шыдай алмады. Әнеукүні анасымен шай ішіп отырып  ішіндегісін ақтарып салды. Өзі қаламаған мамандық, көп ақша табуды ойлау, таңдау жасауға мұрша бермеудің нәтижесін түсінген анасының көз жасы дастарқан шетіне тырс-тырс тамды…

***

Бұл күнде Жанерке өз жұмысына әбден үйреніп ал­ғанмен, бала күннен тігінші болсам деген арманы кей-кейде жылт ете қалатын. Әзірге тапқан табысы ата-анасының 4 жыл бойы алған несиесін азайтудан артылмай тұр. Ақша жинап тігін курсын оқысам, тігін машинасын алсам деген арманы бар.

Үш қабатты үй ханымы да Жанеркеге әбден бауыр басты, айрылғысы жоқ. Бұған дейін талай қызды апта сайын жұмыстан босататын ол қазір Жанеркенің қас-қабағына қа­райтынын кейде өзі де бай­қамай қалады. Жалақысын қомақты етті, мереке күндері сыйақы беріп тұрады. Тіп­ті жаздыгүні отбасымен шетелге шығатынын айтып, өзімен бірге  ала кету үшін оның  да құжатын түгендеп қойды. Үйіне азық-түлік алса, Жанеркенің де қалтасын қарсы болғанына қарамай тәттіге толтырып жібереді. Дүкен араласа сыйлық ала келетін болды.  Ханымның бұл қамқорлығын артық санап, қысылатын. Мұндайда ол:

– Сендей білімді маман табу қиын,– деп асыра мақ­тайтын. Мұндайда ол «Тазалау үшін ма­мандықтың қажеті жоқ екенін біле тұра несіне айтады?» деп шамданып қалатын.

***

Үш қабатты үйдің кіш­кентай тұрғындары бала­бақшадан үйге жүгіре кірді.

– Анашым, ертең бала­бақшада ертегі қоямыз. Маған киім керек, – деді ентелей.

– Апай тілдер мерекесін тойлаймыз деді, – деп кіш­кентай қарындасын ағасы да қоштап қойды.

– Апайларың ертерек ес­кертпейді ме? Кеш түскенде қайдан табамын? – деп ашу­ланған анасы барлық та­ны­сына хабарласып шықты.

– Қолдан тігейік,– деді Жанерке.

– Қалааайй?

– Мата болса, мен қо­лымнан келгенше көрейін.

–Алақай, маған күнбағыс­тың киімі керек.

– Ал маған аюдың киімі.

Үй ханымы дереу бар матаны жайып салды. Мата болғанда қан­дай, жайнаған қымбат ма­та­лар. Жанерке ішінен қа­жет­ті матаны таңдап ал­ды. Асықпай кесіп, піше бас­­та­ды. Ханымның қызық үшін сатып алып, әлі қора­бынан да шықпаған су жаңа тігін машинасын іске қосты. Жаңа үлгідегі тігін маши­насында түрлі бағ­дар­ламалар да бар екен. Ою­лап, гүлдеп, кестелеуге де болады. Жанеркенің қолы тігін машинасының алдында зырылдай жөнелді. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Қуаныштан бал-бұл жайнап отыр. Өзінің сүйікті кәсібімен айналысқан адам қандай бақытты. Әп-сәтте күнбағыс киімі дайын болды. Алтын түстес қымбат жібектен тігілген көйлек сүй­кімді хан­шайымға жараса кетті.

– Алақай, мен күнбағыс­пын!

Жанерке матаның қиын­дыларынан әдемі бантиктер де жасай қойды. Күнбағыс ханшайымның қуанышында шек жоқ. Бір кезде аюдың киімі де дайын болды. Үйдің ішін қуаныш кернеді.

– Сен қандай кереметсің!– деп құшақтап алған үй ха­нымы болашақ тігіншіге қай­тарында қомақты сыйақы берді.

Осыдан кейін Жанерке үй шаруасын тез-тез аяқтап тігін машинасының алдына отыратын болды. Талай киім үлгілерінен альбом жасаған қыздың шабыты ашыла түсті. Кішкентайлардың ба­лабақшадағы мерекелерге киетін киімі Жанеркенің қолынан шығатын болды. Бір күні үй иесіне де көйлек тігіп берді. Гардеробы киімге сыймай жататын ханымның сол күні қуанғанын көрсең. Екінші қабаттағы үлкен айна алдына он барып келді.

– Эксклюзив! Кешкі қо­наққа осыны киетін бол­дым, – деп балаша шыр айналды.

***

Күндегі әдетпен жұмысқа асыққан Жанеркенің теле­фоны шырылдады. Теле­фон­ның ар жағындағы  бей­­таныс әйел қаладағы бел­­гілі сән үйінің иесі екен. Ха­нымның құрбысы екенін, кешегі тік­кен көйлегін көргенін айтып, біраз мақтау айтты.

– Бізге жұмысқа кел,– деді.

– Менің мамандығым ті­гінші емес. Шет тілі пәнінің мұғалімімін – деді ол сас­қалақтап.

– Сені жұмысқа аламын!

***

Жанерке күндегіден ерте тұрды. Түрлі сызбаларға толы альбомын сөмкесіне салды. Шашын тарап, айна алдында тұр.  Қуаныштан жүзі бал-бұл жанады. Шай дайындаған анасын құшақтап сүйді де жұмысқа асықты.

Бүгіннен бастап ол сән үйінің тігіншісі. Сүйік­ті мамандығының иесі! «Адам­ның ойлағаны орын­далады екен ғой» деді ол бірінші рет.

Г.Мұрат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: