Облыстық жастар ресурстық орталығында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпеннің «Мен сүйсем сүйемін» атты әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесер-таныстырылымы өтті. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев пен кәсіпкер Гүлсара Шәкетова демеушілік жасаған.
Ақын Мөлдір Айтбайдың сөзіне жазылған әннің бейнебаяны Алматы қаласында тұратын тағы бір талантты жерлесіміз, кәсіби клипмейкер-режиссер Нұрмұхамед Демеуғазиннің режиссерлігімен түсірілген. Тұсаукесер жиында әнші мен режисер әннің шығу тарихы мен бейнебаянның түсірілу барысы жөнінде сөз сөйледі.
– Шағын туындымызға арнайы шара ұйымдастырып, елмен қауышуға себеп болған Қызылорда облыстық жастар орталығына, өнер жанашырларына алғысым шексіз. Интернет желісі мен телеарналардан бұрын, туған жерімде ән мен бейнебаянның тұсауы кесіліп жатыр, – деді ән авторы.
Көрермен дәстүрлі өнерді дәріптеуші ретінде танылған қызылордалық жас әнші Күнсұлу Түрікпенқызының заманауи ән өнеріндегі алғашқы туындысын тамашалап, өз бағасын берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!