Жексенбі, 22 желтоқсан, 13:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлт болмысын танытқан «Ақ  босаға»

11.10.2022

1197 0

… Оның есімін әу баста Сәнікүл деп қойған екен. Ел басына күн туған қиын кезде дүниеге келген сәби елге береке ала келсін деген оймен қойылса керек. «Қолтаңба» кейіпкері мұны өзінің естелігінде жазады. «Мен 1932 жылдың ақпан айында ашаршылықтың  қысында дүниеге келіппін.  Шын атым Сәнімкүл емес, Сәнікүл. Ашаршылық тезірек бітсін, елдің, заманның сәні кірсін деп Сәнікүл қойыпты. Құжаттарға Сәнімкүл болып қате жазылып кеткен ғой». Адамның есімі тектен-тек қойылмаса керек. Сәнімкүл Желдербаева ұстаз, ғалым, ақын ретінде шынында ел руханиятына үлкен үлесін қосты. Оның бір ғана «Ақ босаға» өлеңін әңгіме арқауы етсек те жатып жатыр.

Бұл ән жарыққа шыққан сәттен бастап ел арасында тез тарады. Көп көкейіне қона кетіп, жүректен-жүрекке жетті. Қазақтың салт-дәс­түрін, ұлттың болмысын, тіпті сүттей ұйыған ағайынның тату­лығын бір өлеңге сыйғыза білгені сондай, өлеңді тыңдай отырып, ауылы ара­лас, қойы қоралас қазақы ауыл, берекелі дастархан, жүзін төмен салып иіле түскен қазақтың әдемі келіндері көз алдыңа келе қалады.

Бүгінгі күнге дейін ел арасында жатталып, аналарымыздың сүйікті әніне айналған «Ақ босағаны» кейде халық әні деп жатады. Алайда бұл өлеңнің авторы бар. Бүгінде тоқсанның төріне шыққан, ұзақ жыл ұрпақ тәр­биелеп, ұлағатты ұстаз атанған, педагог-ғалым, ақын Сәнімкүл Желдербаеваның шы­ғармашылында өзге өлеңі бір төбе болса, «Ақ босағасы» бір төбе десек қателеспейміз. Себебі бір ғана өлеңге қазақтың салт-дәстүр энциклопедиясы сыйып кеткендей.

Жарыққа шыққан сәті­нен бастап ел арасында айтылып, танымал әнге ай­налған өлең авторын кейінгі буынның бірі білсе, бірі білмес. Оның үстіне, «мен жаздым, менің өлеңім» деп атын шығару үшін, атақ қуу үшін алға ұмтылмайтын ақын болмысы бөлек қой. Өзге­лер есімін бірде айтып, бірде айтпай, енді бірі халық әні десе де сыр бермейтін сыры бөлек ақынның парызы атын шығару емес, ұлт болмысын танытар өлең сыйлау екенін үндемей-ақ ұғына білгенге ұқтыра түскендей.

Кейде өлең сөзінің ел ішінде қате айтылып жататын кезі де бар. Қазақтың келіндері арқылы тұтас ұлттың бейнесін суреттеген кіршіксіз әнді Берік Жүсіп ағамыз қызғыштай қорғап, қай жылдары әдемі мақала жазды. Онда былай дейді: «Ақ босаға» әнін сонау бала кезімнен, мектеп қабырғасында жүрген шағымнан орындаушы едім. Ақыры репертуарымнан ойып орын алды.

Кейінгі жылдары фольклорлы-эт­нографиялық Президент ансамблі­­нің сүйемелдеуімен әнді сахнаға шығарып, телевидение мен радио­ның Алтын қорына тапсырдым. Бір қызығы, соңғы жылдары біреулер бұл әнді «Халық әні» деп орындап жүр екен. Кейде әуе толқынынан «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» деп хабарлайтынға да ұқсайды. Иә, кейде жақсы әннің ізінде осындай жойдасыз хикаялар ілесе жүретіні бар. Десе де шығарманың авторын біліп, атын атап, түсін түстеп отырудың өзі үлкен мәдениетке келіп тіреледі. Әрине, оны үнемі сақтап жүре алатын пенде болса.

Өз орындауымдағы сол «Ақ босаға» әнін жұрттың назарына жеткізу үшін әлеуметтік желіге жүктеген едім. Көбіне мақала, ой-толғам, сын пікірімізді жариялап, орындаған ән, тартқан күй, толғаған мақамды жылтыңдата бермеуші едік, сахнагерлігімізді сәдеттемеу үшін. Алайда Оралдағы Бауыржан Халиолла деген бауырдың «Беке, сіз сол әнді орындаушы едіңіз ғой. Қиындық тудырмаса, маған салып жібере аласыз ба?» деген өтілінен кейін, арнайы жұмыс қылып, шаңы­рақ көтерген кезімнен бастап, бү­гінге дейінгі көне һәм жаңа су­реттермен әдіптеп, ескерткіш бол­­­сын деген ниетпен, алқаға салған­мын. Алла разы болсын, тыңдау­шы­лардың жақсы лебіздері келіп жетті.

Алайда сол жылы сөздерге ілесіп бір түйткілді мәселенің де ізі шығып қалған сияқты. Өз басым мұны жақсылықтың нышанына жоры­дым. Мұндай талқылаудан кейін кәдімгідей, желіге ән жүктеуге деген ниет пайда болады екен. Әңгіме ауаны «Ақ босаға» әнінің мәтініне, соның ішінде «Қыз аттаған келін боп ақ босаға» деген сыңар жол қатарындағы жалғыз ауыз сөзге қатысты болып отыр. Бұл жайында пікір жазған, кезінде консерватория қабырғасында бізден азын-аулақ дәріс алған Лаура Қынтаева қа­рындас ізгі тілегін білдіре келіп, «Өлең­нің бірінші шумағында «Қыз аттанған» еді, сіз «аттаған» деп орындапсыз» депті.

Алтынай Жүздібайқызы деген желі қолданушы да осы ойды қуаттай келе, «Бұл бір босағадан қыз аттанып жатса, келін ке­ліп жатады дегендік-ау. Себебі қыз өз босағасынан келін боп аттанбайды ғой. Сәнімкүл апаның өзінен сұраған жөн шығар» деп жазыпты. Дұрыс қойылған сұрақтың жарым жауабы да өзінде тұрады ғой. Жөн айтасыз, қыз ақ босағадан аттанбайды, өзге босағаның табал­ды­рығынан аттай­ды. Олай болса, көтерілген мәселеге қатысты бір­сыдырғы толымды ойы­мызды ортаға салып көрейік.

Ғылымда орындаушылық интер­претация деген бар. Бұл – белгілі бір шығарманы алқаға салған сәтте айтушының ой-санасында сана­лы әрі бейсаналы түрде жүріп жа­татын жанды үдеріс. Кез келген орындаушы ерте ме, кеш пе, бұл психотехникалық ерекшелік жүйе­сімен бетпе-бет келетіні хақ. Бірін­шіден, оған әуелде шәкірттің мәтінді белгілі бір ұстаздан қате үйренуі себеп болады. Екіншіден, дұрыс үйренген мәтінді түрлі себеп­тің салдарынан (жаңылысу, ұмыту, саналы, бейсаналы түрде ауыстырып алу, мән бермеу, салақсу, жады жаңылысу, жады көнеру, ұмыт­шақтық әдет пайда болу, т.б.) ұмы­тып қалуы жаңсақтыққа ұрын­дыра­ды. Үшіншіден, айтушыға сана­лы түрде белгілі фактордың әсер етуі мәтіннің өзгеруіне жол ашады.

Мен өз басым орындаушылық дәстүрдің заңды мұрагері әрі осы саланың маманы ретінде өзім орын­дап, халықтың алдына алып шығатын ән мен жыр мәтіндеріне ерекше мән беріп отырамын. Өйт­кені көп жағдайда мәтін атаулы құбылмалы әрі көп нұсқалы болып келеді. Біз авторлық мәтіннің жайын сөз етіп отырғандықтан, бұл жердегі жағдай ерекше. Әрине, кейде бейсаналы түрде, орын­дау үстіндегі түрлі эмоция әсерінен жаңылысатын кезің бо­лады. Ал мына «Ақ босаға» әнінің мәтініндегі сыңар жолдағы бір ауыз сөзге қатысты біз саналы түр­де түрлемеге (интерпретацияға) бар­­ғанбыз. Бірақ ол шумақта емес, үшінші қайырмада. Кінәрат арту­шылар оны байқамаған сияқты.

Иә, негізі көзі тірі автордың мәтініне редакция өзінің рұқсаты­мен жасалғаны абзал. Солай десек те, мәтінге қатысты белгілі бір кәсіби заңдылықтарды ескермеуге болмайды. Мәтін атаулыда логи­калық сәйкестікке қоса, кереғар қайшылықтар да кездеседі. Қанша жерден түпнұсқа болса да, маған салса, бұл мәтінді мен «аттанған» деген нұсқада орындамаған болар едім. Неге? Өйткені қыз ешқашан босағадан аттанбайды, ата-анасы­ның оң жағында отырып, шаңы­рағынан ұзатылып, тұз-дәм бұйыр­ған жердің босаға табал­дырығынан аттауы мүмкін. Ал аттана қалған күннің өзінде сүйегі тек өзгенің шаңырағынан шығады. Бірақ бұ­рынғы істің ығын, әңгіменің жымын білетін қазақ сөзді ешқашан бұлай қолданбаған болар еді.

Аттану сөзінің мағынасы мүл­дем бөлек. Құдай бетін әрі қылсын, елге тұт­қиыл­дан жау шапса ғана, амалың жоқ, Отан-анаңды қорғау үшін аттануға тура келеді. Сол үшін қазақ бұл сөзді өте сирек қолданады. Онда да қыз аттанбайды, қару ұстау үшін ер-азамат аттанады. Құдайға шүкір, әндегі баян бойынша бұл жерде ол (қыз) өз еркімен ерге тұрмысқа шығып (күйеуге тиіп), ұзатылып келіп тұр, біреудің ақ босағасының табалдырығын аттау үшін. Ден қой­сақ, мұндағы ситуатив те «Қыз аттаған келін боп ақ босаға» жайында ғой. Сондықтан әуелде түпнұсқадағы сөз «аттаған» болса керек. Мәтін «аттанған» деген өз­геріске кейін, ән халық арасына кең тараған кезде түсуі мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Олай болса, біз белгісіз орындаушының немесе жаңылысқан жадтың бейсаналы түрде жіберген қателігін орнына қайта келтірген боламыз. Мұндай лирикалық сәтті суреттейтін мәтінде жаугершілік ұғымын білдіретін сөздің «арпа ішіндегі бір бидай» болып жүруінің өзі түсініксіз.

Иә, мұның ақиқатын автордан сұрап білмей-ақ басылымдарды ақ­тарып, оңай көз жеткізуге болады. 2009 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген жинақтағы нұсқада «аттаған». Ақын Сәнімкүл Желдер­баева әуелде бұл мәтінді қандай жағдаятқа (ситуацияға) қатысты жазған екен, түп ниетінде нені көз­­деді? Ал композитор әуелде мәтінге сүйенді ме, әлде ән өмірге бірінші келіп, соған орай мәтін түзілді ме? Міне, шығармашылық лабораторияға қатысты «бір сөзді бір сөз түртедінің» кері осын­дайда келеді. Сондықтан да сөздің «аттанған» нұсқасы кейінгі айтушы­лар тарапынан кеткен бейсаналы «қателік» деп есептеймін һәм солай қабылдауға бейімбіз. Қалай болғанда да, мәтінтану ғылымы алды­мен мұздай логикаға жүгінетіні анық. Ол жағынан келгенде «аттану» сөзі өзін ақтай алмайды».

Ғалымның өлең мәтіні туралы пікірін кейінгі буын есте сақтаса екен деген мақсатпен қостық. Себебі асыл қазына ұрпақтан-ұрпаққа бұ­зылмай жетсе құба-құп. Бұл – аға буынның парызы.

Ғалым, профессор Бағдат Кәрбозов бұл өлең турасында: «Сәнімкүл Желдербаева есімі Сыр еліне етене таныс. Ақынның «Ақ босағасы» қазақ ұғымындағы ең бір нәзік салтты, келін түсіру салтының мән-мағынасын терең бейнеленген күйінде Қазақстанға түгел тарап, талантты ақын-апамыздың атын аңыз­ға айналдырып жіберді» деп жазады.

Ал өзі жазғандай, репертуарында ойып орын алған бұл өлең туралы Берік Жүсіп: «Сырдың бір аруы сөзін жазып, бір перзенті әнге бөлеп бағын жандырған «Ақ босаға» әні келін түскен шаңырақтың әнұранына айналғанына, міне, тура жарты ғасырдан астам уақыт өтіп бара жатыр. Бұйырса, жер бетінде ана тілін, салт-санасын, ата-баба дәс­түрін сақтаған соңғы қазақ қалғанша, дәстүрлі неке заңы шеру тартып тұрғанда, ғашық жүректер бір-біріне деген ынтызарлығын тоқ­татқанша мәңгі шырқала бере­тін әннің бірі – осы! Талайдың қыз күнін сағындырып, басынан қы­зыл орамалын алып, ақ жаулық са­лып, келін болып түскен ең ба­қыт­ты сәтін есіне салып, көзіне қуа­­ныш мон­шақтарын үйіретін осы бір қарапайым әнге және оның авторлары – ақын Сәнімкүл Желдер­баева мен композитор Мұхамеджан Рүс­те­м­ов­­­ке арнап Сыр бойы­нан һәм әр об­лыстың орталығынан шаңы­рақ көтерген жастар тәу ететін монумент орна­тып, техникалық жағын үйлес­тіріп, сол жерде осы әнді күні-түні сайратып қойса да артық болмас еді-ау» деп жазады.

Мақала жазу барысында ақын Сәнімкүл апамызға хабарласқанды жөн көрдік. Алайда тоқсанның төріне шыққан қария ем қабылдап жатқандықтан тілдесе алмадық. Қарияның қас-қабағын бағып, күтім жасаған келіні Салтанат Қамысбаева ақын-ананың қаламынан туған жыр­­лардың басым бөлігі отбасы, қазақтың салт-дәстүрі, тәрбиесіне бағытталғанын айтты. Ол кісінің болмысы әңгімеге жоқ екенін де жасырмай, дегенмен ақын бұл өлең­­ді соғыс жылдарындағы қиын уақытта ерлері соғысқа аттанып, ер-азаматының, елдің тілеуін тілеген аналардың, келіндердің сол кездегі жайын, бір-біріне көмектесіп, бір үзім нанды бөліп жеп, баласын бағысқан татулығын көріп өскенін, жеңгелерінің, яғни қазақтың келін­дерінің даладай кең пейіліне риза­лықтан туған жыр екенін айтты.

Үлкеннің батасын алған, ағайын­ның бірлігін ойлаған қазақтың келіндерін суреттеу арқылы ұлттық тәлім-тәрбиені, салт-дәстүрді наси­хаттаған педагог-ақынның бір өлеңінің өзі тәрбие бесігіндей.

Әріптесіміз Гүлжазира Жалғасова­­ның «Сыр бойы» газетін­де жария­ланған «Кешегіні жалғаған бүгінгі­мен» атты ғасырға жуық ғұмыр иесі­­мен сыр-сұхбатында: «Ақ босаға» сол кез­дегі «Ленин жолына» басқа да өлеңдеріммен бірге жарық көрген еді, – деді апам әңгіме желісін үзбей. – Ком­позитор Мұхамеджан Рүстемов ха­барласып ән жазғысы келетінін айтты. Мәтін­нің кей тұстарын әуенге бейімдедік. Әні мен сөзі үйлесіп, елге тарап кетті. Басқа өлеңдер «Ақ босаға», «Жүректегі жауһарлар» деген кітаптарға топ­тастырылды. «Сырдария кітап­хана­сының» бір томына Рахат Наурызбаева екеуміздің өлеңдеріміз енді, – деді ол» деп жазады.

Бүгінде ақ кимешекті қария тоқ­саннан асты. Ғасыр жасады деу­ге болады. Алайда оның ғалым, ұстаз, ақын, азамат ретінде ұлт руханиятына қосқан үлесі ғасырдан да ұзақ, мәңгілік қолтаңба.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: