Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сырдария тартылып барады

23.10.2021

1745 0

«Білем сені, сүйем сені,

Сырдың суы – қарт анам.

Сенсің мені әлдилеген,

Туған сенен мен балаң», –

деп жырлаған ақын

Әбділда Тәжібаевтың өлеңінде өміршеңдік бар.

Иә, талай ақынның шығармасына арқау болып, талай шайырға шабыт сыйлаған Сырдария өзені бүгінде кенезесі кеуіп, тартылып барады. Сейсенбі күні түс ауа қасыма фототілші Нұрболат Нұржаубайды ертіп, Сырдария өзеніне бардық. Бір кездері дауысы анадайдан гүрілдеп жататын жарықтық демін ішіне тартып, бүк түсіп жатып алғандай әсер етеді.

– Кімнен, қалай, не себеп мына халің?

Сен мұңайсаң қалайша жұбатамын.

Етегіңде еріксіз толқып тұрмын,

Толқыныңды өйткені ұнатамын, –

деген ақын Мамыр Байдәулетовтің өлеңдері еріксіз ойға орала берді.

Таңдайында тамшы су қалмаған дария табанында тұрамыз деп кім ойлаған? Кезінде шалқып жатқан Сыр суына Сақтар келіп шомылып, Тұмар ханым бұрымын жумап па еді?! Жер жүзін жаулаған Ескендір де толқынына тұншығып өте алмаған өзеннің тартылып бара жатқаны өкініштен өзегіңді өртейді екен.

Әңгіме әлқиссасын әріден бастайын. Сырдария Гималай тауынан басталып ағатын Қарадария мен Қырғыздың Алатауындағы Ыстықкөлдің бергі іргесіне жақын Нарыннан бастау алады. Осы екі дария Өзбекстанның Ферғана өлкесінде ұштасып, содан Сырдария басталады. Сырдың ұзындығы 2200 шақырым, осының 1800 шақырымы Шыназдан бастап Қазақстанның күнгей-батысын жиектеп отырып, Арал теңізіне құяды. Сырдың бұлай қарай ағатын себебі – аржағы бер жағынан жоғары. Мәселен, Мырзашөл теңіз бетінен 273 метр биік болса, Қызылорда 129 метр, Арал сағасы 67 метр биік.

Сырдария өзенінің суы Орталық Азиядағы ең құнарлы мақта өсіретін аймақтарды суғаруға және оның бойындағы қалаларды сумен қамтамасыз етуге қолданылады. Бұл өзенді ілгеріде жергілікті халық Шаш өзені десе Моңғолдар Гүлзариян, Арабтар Сейхун, Түріктер Сырдария деп атаған. Яһудилер жазбаларында Писон және Гихон деген өзендер жайлы айтылады. Сейхун мен Жейхун осы сөздерге жақын болуы мүмкін деген де болжам бар. Моңғол шапқыншылығы заманында Сейхун атауы қолданыстан шығып, Сырдария атала бастаған.

Сырдария тартылып барады

Сол алып Сырдария «Алаштың Сыр анасы» өзгеге өкпелі секілді сезілді. Өйтпегенде ше! Өзағам деп өзеуреп жүрген Өзбекстан мемлекеті соңғы жылдары салған «Сардоба» су қоймасына су құюда. Одан қала берді Қырғыз елі де жолдан қысып, Тоқтағұлды суға тоғытуда. Енді біз қайтпекпіз? Бар тыныс-тіршілігі Сырдариямен байланысты сырбойылықтар енді қалай күнелтпек? Бұған су мамандары не дейді?

– Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы байқалған. Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына тікелей байланысты. Көбі-несе «Тоқтоғұл» су қоймасында судың жиналуымен айқындалады. Қазіргі таңда «Тоқтоғұл» су қоймасындағы судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 млрд текше метрге кем. Вегетациялық кезеңнің басында «Тоқтоғұл» су қоймасында шамамен 15 млрд текше метрге су жинақталған. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай

бойынша су қоймасында 8,7 млрд текше метрге су бар. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,9 млрд-қа аз. Осыған байланысты су тапшылығы болуда. Бұл тікелей Сырдария өзенінің жағдайына әсер етіп отыр. Бұл мәселеге қатысты қараша айында өтетін халықаралық комиссия отырысында кеңінен қаралады деп күтілуде. Оның ортақ нәтижелерін алдағы уақытта білетін боламыз, – дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері.

Министрлік берген мәліметке сүйнесек, бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін таппақ. Оны уақыт еншісіне қалдырдық.

Алқымы кеуіп, аңызақ болған дария кейпі кез келген адамды алаңдатпай қоймайды. Бір кездері балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған Сырдария суы сирағымызға да жетпей тұрғанын көзімізбен көрдік. Көңілімізге көп нәрсе түйдік. Бұлай жалғаса берсе ертеңгі ел болашағы қалай болмақ?

Бұл мәселеге байланысты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов өз пікірін білдірді.

– Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі 30 текше метрді құрады. Бұл су деңгейінің күрт төмендеуіне әкеліп отыр. Осыған байланысты жан-жақты келіссөздер жүргізілуде, – деді Бауыржан Серікұлы брифингте.

– Сырдария өзені трансшекаралық өзен болып саналады. Судың көлеміне байланысты жылына екі рет халықаралық комиссия арнайы тексерістен өткізіп тұрады. Сырдария өзені арқылы Қазақстан территориясына көктем мен күз мезгілінде 4 млрд текше метр су келуі керек деп болжанған. Қазіргі уақытта 2 млрд текше метрге жуық су келген. Бұл мерзімді жоспармен салыстырғанда 60 процентті ғана қамтиды. Көксарай су реттегіші және Шардара су қоймасында толық пайдалануға және шекті пайдалануға ең төменгі шегі 650 млн текше метрге дейін су қалды. Осының себебінен қыркүйек және қазан айларында жоғарыдан келіп жатқан су көбейген жоқ. Керісінше су деңгейі 30 текше метрге дейін азайған. Қазіргі уақытта облыстың шекарасынан 60-65 текше метр, Қызылорда қаласы тұсынан 66 текше метр су өтіп жатыр, – дейді Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Тәуелсіз сарапшы-журналист Айткүл Шалғынбаеваның республикалық «Халық» газетінде жарияланған «Сырдария Әмудың жолын құшуы мүмкін немесе өзбек ағайында ортақ су деген ұғым жоқ» атты мақаласында мына мәселерге назар аударған.

«Әлемде су тақсіретін тартып отырған 164 елдің ішінде Өзбекстан су жағдайы мүшкіл 25 елдің бірі боп саналады. Солай бола тұра арқыраған Сырдың бастауынан қалағанынша, қажетті суынан да артық көлем алып отырған ел. Сөйтіп отырып 2013 жылы Азия-Тынық мұхиты су саммитіне қатысып, су тапшылығын аса қатты сезініп отырған елдердің қатарынан тағы бір көрініп, су қауіпсіздігі ахуалын анықтайтын 5 компоненттің санатына енді. Бұл деген сөз суға зәру елдердің су қауіпсіздігі сол 5 компонент бойынша қорғалатын болады. Олар біріншіден, үй шаруашылығына қажетті су (қазақша аяқ су). Екіншіден, экономикаға қажетті судың қауіпсіздігі (агро сала, мал шаруашылығы, өндіріс орындары). Үшіншіден, қалаларды сумен қамту қауіпсіздігі (халықтың тұтынатын суы, елді мекендердің су жүйелері). Төртіншіден, экожүйеге қажетті судың қауіпсіздігі (табиғи су балансын сақтау). Бесіншіден, судан келетін табиғи және техногенді апаттарға төтеп беру.

Міне, Өзбекстанның су саясаты. Бұл 5 бағытын сараласақ, өзағамызда трансшекаралық су деген ұғым жоқ сияқты. Соған қарағанда Сырдарияны өздерінше меншіктеп алғанға ұқсайды. Осы суды басқарудың 5 бағытын анықтап, белгілеп алған Өзбекстан Су ресурстарын басқаруды ұлттық су қауіпсіздігі деңгейіне көтеріп алды. Сосын олар комитет деңгейінде бозда ойнағандай боп жүрген қазақ сушыларын менсінсін бе? Апыр-ай, қазақ сонда да бейқам. Өзбектің басынғаны соншалық, ортақ суды пайдалануды бізбен келіспей, 30 жылда 9 қойма салып алды. 2018 жылы Шавкат Мирзиёев тағы 7 қойма салуға тапсырма берді. Міне, Өзбекстанның су саясаты. Міне, Өзбекстанның су басқарудағы өлермен позициясы. Осы әрекеттердің бәрі – еліміздегі су саясатының әлсіздігінің көрінісі. Міне, біздің елдің Су саясатының сиқы. Мемлекетаралық су проблемасы қауіпсіздік кеңесі немесе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атсалысуымен шешілуі тиіс. Олай болмағанда Сырдария Әмударияның соңынан кетеді. Рахатын өзбек көреді. Әмудің суын Қарақұм каналы қалай жұтса, өзбек те солай Сырды меншіктейді.

Неге олай? Өйткені Өзбекстан Кеңес одағы тұсында 25 су қоймасын салса, соңғы 30 жылда 9 қоймасын салып алды. 2018 жылы Мирзиёев тағы 7 қойма құрылысына тапсырма берді. Алдыңғы 25 су қоймасы Арал теңізінің түбіне жетсе, соңғы 9 қойма Сырдың төменгі ағысын тартып жатыр. Ал енді қолға алынып жатқан 7 қойма Сырдың төменгі ағысын түбегейлі жұтады әрі Қызылорда облысын аграрлы аймақтан құмды, тұзды алапқа айналдырады. Одан кейінгісі бесенеден белгілі. Сырдария суының проблемасы

мемлекетаралық деңгейде шешілмейінше, нәтиже болмайды. Ол үшін елімізде су саясатын күшейтіп, өз мүддемізде табандылық таныту – үкіметтің табиғат, ел-халық алдындағы парызы», – деп жазады.

Расымен, Сыр өңірі халқының бүгіні де, болашағы да Сыр суымен тығыз байланысты. Өзен бойын жағалай қоныстанған өлке тұрғындарының алаңдауы негізсіз емес.

Ел ертеңін ойласақ, осы бастан опық жеп қалмаудың қамын қылу керек. Әйтпесе болары болып, дария құмға сіңіп кеткен соң аһ ұрудың қажеті жоқ. Бұл – көпшіліктің айтар ортақ уәжі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: