Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Бағаның құбылуына жол бермеу керек»

16.10.2021

1103 0

Мақала тақырыбына арқау болған сөзді Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев аппарат мәжілісінде айтқан болатын.

Аптаның сәрсенбісінде қала әкімдігінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын сөз еткен аппараттық жиын өтті.

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев төрағалық еткен жиында алдымен кадрлық өзгерістер айтылды. Бұған дейін облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Ғабит Жаңабаев қала әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған. Ол кәсіпкерлік, қаржы және экономика, ауыл шаруашылығы салаларына жетекшілік етсе, спорт, ішкі саясат, мәдениет, және әлеуметтік салаларға Бектас Нұридинов басшылық жасамақ.

«Бөлім басшысы ауыл әкімінің сөзін айтпау керек»

Мәжілісте алдымен қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев баяндама жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының қалай орындалып жатқанын жеткізді.

Бөлім басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 653 жоба қаржыландырылған.

Бұл бағытта серпін бар. Себебі, өткен жылы небәрі 41 жоба ғана қолдау тапқан. Ал «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасында жеңілдікпен несиелеуде 6 жобаға 937 млн теңге берілген көрінеді. Осы негіздегі мәліметтерді алға тартқан кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы қазір екінші деңгейлі банктерге де нақтылы жобалардың құжаттары ұсынылып жатқанын тілге тиек етті.

Баяндамасын жасап біткен соң қала әкімі кәсіпкерлік бөлімінің басшысынан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша неге жөнді жұмыс жасалмағанын сұрады. Бөлім басшысының жауабы бұл бағдарлама негізінде жұмыс жасағысы келетіндердің кепілге қоятын мүлкі дұрыс болмаудадан ары аса алмады.

Қала әкімі мұндай сылтауды қабылданбайтынын айтып, жұмысты жүйелеуді тапсырды.

– Облыс бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын орындауда Қызылорда қаласы ең соңғы орында келеді. Сізден себебін сұраса, ауыл әкімдері айтқан уәжді қайталайсыз. Тұрғындардың кепілге қоятын мүлкінің жоқтығын не арзан бағаланатынын алға тартасыз. Бұл деген ұят емес пе, мен аудандармен салыстырып отырмын. Бәрі біздің алдымызда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде аудандар арасындағы ең төменгі көрсеткіш 9 жоба болып тұр. Ал бізде бар-жоғы 6-ақ жоба. Аудандар бұл мәселені қалай шешті, соны зерттеу керек, – деді қала басшысы.

Қала әкімінің ескертпесі орынды. Өйткені облыс орталығы саналатын Қызылорда қаласының әлеуеті аудандардан әлдеқайда жоғары, халқы да көп. Шаһар басшысы негізгі көрсеткіштерді облысқа қарасты аудандармен ғана салыстырып отыр. Ал басқа облыс орталықтарымен салыстырса кәсіпкерлік бөлімінің жасаған жұмысы қай деңгейден көрінетіні бір Құдайға аян.

«Ауыл әкімдерінен тест алу керек»

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі аса төмен емес шығар. Өйткені қай бағдарламаны алсақ та жасалған жұмысты алға тартуға болады. Дегенмен қала басшысы Қызылордаға қарасты кент және ауыл әкімдерін мемлекеттік бағдарламалар бойынша сынақтан өткізіп, тест алу керектігін назарға салды. Қалаға қарасты кент пен ауыл әкімдерін елең еткізген сынақ жайлы тапсырманы жаңа орынбасарына жүктеді.

– Қызылорда қаласына қарасты кент және ауыл әкімдерінің мемлекеттік бағдарламаларды қаншалықты білетінін тексеру керек. Өзі білмей тұрса, жұртқа қайтіп бағдарламалардың игілігін түсіндіреді? Бір ғана «Қарапайым заттар экономикасының» өзі ауыл әкімдірінің іскерлік қабілеттерінің төмендігін көрсетіп отыр. Ғабит Жұмабекұлы, осы жұмыстарды қолға алыңыз, тест дайындаңыз. Халыққа мемлекеттік бағдарламалар жайлы айтпай тұрып, алдымен өздеріңіздің қаншалықты білетіндеріңізді тексерейік, – деді қала әкімі.

76 азамат мемлекеттік грантты мақсатсыз пайдаланған

Қызылордада әлеуметтік сала бойынша да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Жұмыссыздықпен күресу мақсатында 8527 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева баяндады.

Бөлім басшысының айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, жұмысшы кадрларды еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша облыстық бюджеттен 35 адамға 4 357,6 мың теңге қаражат бөлінген. Қаралған қаржыға оқытылған азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылды. Елді мекендер мен шағын қалаларда микробизнес ашу, ісін жаңа бастаған жас және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерліктің қызметін кеңейту үшін 60 азаматқа 515 393 мың теңге көлемінде несие берілді. «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 633 қызылордалық «Атамекен кәсіпкерлік палатасы» арқылы оқу курстарын аяқтап, 261-і мемлекеттік грантты алғанын жеткізген бөлім басшысына қала әкімі нақты қанша адамның қайтарымсыз негізде қаржы алғанын сұрады. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, 654 адам қайтарымсыз грант алған. Бірақ оның бәрі бірдей алған ақшасын мақсатты пайдалана қоймайды екен. Мәселен, қайтарымсыз қаржы алғандардың 76сы мақсатсыз пайдаланған болып шықты. Яғни ісін жүргізбеген, кәсібін дамытпаған. Тіпті олардың ісі сотқа да жолданыпты, соның 59 ісі қанағаттандырылған.

Қала әкімі сандық көрсеткіштермен сапаны бұзбай, бағдарлы миссияны жыл соңына дейін толығымен орындауға күш салуды міндеттеді.

«Әлеуметтік дүкенде не бар?»

Қазір азық-түлік бағасына бұғау болмай, халық көп тұтынатын ұн, нан, май сынды басқа да өнімдердің қымбаттап жатқаны белгілі. Қалада бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендер жұмыс жасауда. Егінді жинап, астықты қамбаға құятын берекелі күзде бұл мәселе шешілмесе, алдағы уақытта азық-түлік бағасының тұрақтануы қиын.

Осы және басқа да мәселелердің тиегін ағытқан қаланың ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын Нұрбек Әзірбек қала диқандарының күрішті толық орып болғандығын, орташа өнім 51,5 центнерден келгендігін баяндады. Бөлім басшысының сөзінше, аяқ судың тапшылығы шаруашылықтардың шаруасын күрделендірген, сондықтан келер жылғы жоспарға көп өзгеріс енгізілмек. Ол үшін бүгіннен бастап іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет.

– Бұл саладағы күрделі мәселе – азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Әлеуметтік дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азықтүлік тауарларының бағаларында ауытқушылық жоқ, тұрақтандыру қорындағы 1038,9 тонна өнім төмен бағамен сатылуда, – деді бөлім басшысы.

Қала әкімі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысынан әлеуметтік дүкенде қандай тауарлар бар екенін, ондағы заттарды халыққа насихаттау үшін қандай бұқаралық ақпарат құралына хабарлама бергенін сұрап, алдағы уақытта осы бағытта да жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.

– Сіз қалай ойлайсыз, көпшілік әлеуметтік дүкенде не бар екенін біле ме? Менің ойымша әлі де болса әлеуметтік дүкендердің насихаты аз секілді. Сол себепті де қарапайым жұрт әлеуметтік дүкенге емес, базарға көбірек барады. Сіздер қалада қанша әлеуметтік дүкен бар, олар қайда орналасқан, қандай тауар бар, міне, осы мәселелер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына не болмаса әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріп, халыққа жеткізу керек, – деген қала басшысы тауар құнында әралуандылық болмас үшін қордың мүмкіншілігін барынша пайдаланып, бағаның құбылуына жол бермеу керектігін ескертті.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: