Жұма, 19 сәуiр, 04:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік түлеткен тұлға

30.09.2022

648 0

Кеше Сыр елінің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановқа қаламыздан көше атауы берілді. Салтанатты шараға Наурызбай Байқадамов, Парламент Сенаторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов және басқа да зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерінің әулеті қатысты.

         Биыл тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қарамановтың туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай мемлекет және қоғам қайраткерінің атына облыс орталығынан көше беріліп, ұлықтау шарасы өткізілді.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов оның ел дамуына қосқан елеулі еңбегі мен өнегелі жолы туралы айтып өтті.

– Елі мен жері үшін толағай қызмет атқарған ұлы адамдардың өмір жолы болашақ ұрпақ үшін әрқашан өнеге. Бүгін Сыр төрінде есімі алты алашқа танылған, нар тұлғалы азаматтардың бірі – Ұзақбай Қарамановтың есімін ұлықтауға жиналдық. Кеңес Одағы заманында өндірістердің жұмысы тоқтап, әлеуметтік мәселелердің күрделенген кезеңінде жауапты қызмет атқарып, аянбай еңбек етті. Қайраткер тұлғаның есімі елге ғана емес, алыс жақын шет мемлекеттерге де белгілі. Ол құрылыс және сәулет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның Астана мен Алматы секілді алып шаһарлардағы теңдессіз ғимараттардың авторы екендігін барша жұрт жақсы біледі. Сол себепті Сырдың тумасын ұлықтау, оның еңбегін болашақ ұрпаққа насихаттау біздің парызымыз, – деді ол.

         Теңізді өлкеде туып,  бүкіл ғұмырын қазақ елінің дамуы мен өркендеуі жолына арнаған қайраткердің есімі туған өңірінде осылайша дәріптелді. Ұлықтау шарасында қоғам қайраткерлері мен аймаққа белгілі тұлғалар ол туралы естеліктерімен бөлісіп, өмір жолын еске алды.

Сонымен қатар шараға арнайы келген жары Ұлдай Рахметоллаева мемлекет қайраткерінің ерекше қасиеттерін тілге тиек етті. Өз кезегінде шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.

         Салтанатты жиын мұнан соң Ұ.Қарамановқа арналған «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» атты республикалық ғылыми конференциямен жалғасын тапты. Сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына бағыштап арнайы ас берілді.

Апталық-ақпарат.

 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: