Сейсенбі, 23 сәуiр, 11:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бейімбеттің «Шұғасы» Сырда басылған

20.09.2022

2312 0

Қазақ әдебиеті тарихында алғаш шығарма­лары Сыр бойында шығып, әлемге танылған әй­гі­лі қаламгерлер аз емес. Сыр өңірінде қолтаңба­сын қалдырып, еңбек етіп өз шығармашылы­ғын дамытқан жазушылар жайлы қалам тербеген­ді жөн көрдік.  Қызылорда ел астанасы болған жылдары зиялы қауымның ордасына айналған киелі өлкеде талай ақын-жазушының шығар­масы осында жарық көрді. Соның бірі – Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» кітабы.

Қызылордада 1926 жылы қазақтың тұңғыш  ұлттық театры шымылдығын түрді. Халықты ағарту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алын­ды. Сауатсыздықты жою үшін газет-журналдар­дың рөлі зор екендігін ұққан ақын-жазушылар бұл жұмысты ә дегеннен қолға алды. Осы саланың туын желбіретуге қоғамдық-саяси қызметті қоса арқалаған, ел көшіне, өмір ағымына, халық тағдырына көңіл бөлген дарынды жазушылар мен ақындар білек сыбана араласты. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әбділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтің шығармалары Қызылордада жарық көрді. 

Бейімбет Майлиннің шығармашылғында жемісті жылдар Сыр өңірінде қызмет еткен уақытта қалыптасты десек, артық айтқандық емес. Бейімбет Майлин Қызылорда астана болған тұста «Еңбекші қазақ» газетінде бс редактор, орынбасар, «Ауыл тілі» газетінде бас редактор қызметін атқарған. Қызылорда республика астанасы болған тұста ол Қостанайдағы «Ауыл газетінен келіп, «Еңбекші қазақ» редакциясына орналасып, осы газеттің әдебиет бөлімін бас­қарады. Қазақ руханиятына қайталанбас қол­таңбасын қалдырған оның әдебиеттегі жолы осылай қалыптасқан. Сыр өңірінде сар­қылмас қазынаға айналар дүниелері жарық көрді. Газет бетінде жарияланған әрбір әңгімесін оқырман іздеп жүріп оқыды. Соның бірі – «Шұғаның белгісі» шығармасы еді. Жазушының бұл еңбегін оқырман жылы қабылдады.

«Шұғаның белгісі» – жастардың теңдік, еркін­дікті аңсап, әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы үн көтере бастағанын шынайы бейнелеген шығарма.

Біріне-бірі себеп, бірінің-бірі салдары болып жымдасып келген оқиғаларының шынайылы­ғы мен тартымдылығы, шұрайлы да суретті тілі­нің сиқырлы мәнерлілігі, әсіресе әлеуметтік теңсіздікке қарсы шыққан Шұға мен Әбдірахман бейнелері айырықша баяндалады. Сондықтан да олардың тағдыр-талайының трагедиялық әсер­лілігі хикаяны көркемдік-эстетикалық деңгейі ең биік туындылар қатарына қосады.

Б.Майлин басқа да замандас қазақ қаламгер­лері сияқты, жазуды өлеңнен бастаған. Алайда көп ұзамай прозаға ден қояды. Бұл жанрдағы алғашқы туындысының бірі – «Шұғаның белгісі». Осы шығарма арқылы ол өзінің үлкен суреткер екенін паш еткен жазушы. Ол қазақ әдебиетіне проза жанрын қалыптастыруда керемет еңбекқорлық пен үздік шеберлік таныт­қан. Әсіресе оның талантын айғақтайтын әңгіме­лері сан жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік деңгейімен де қазақ прозасының алтын қорын­дағы інжу-маржандары болып табылады.

Поэзиясы сияқты, Майлин прозасы да, өзі жетік білетін, негізінен, ауыл өміріне, әсіресе Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамында адамдардың ой-санасы мен мінез-құлқында, психо­логиясында болған жаңғыруларды бейне­леуге арналған.

Бейімбет Майлиннің құнарлы да жемісті еңбегін жұртшылық таныды. Дарынды қалам­гердің есімі құрметтеліп, әдебиетіміздің тарихына алтын әріппен жазылды. Оның шығармалары әдебиеттің сала-саласына бағалы туынды болып қосылды. Әдебиетімізді байытты. Барлық жанр­лардың қалыптасуына, жетілуіне, көркеюіне асыл қазына, бағалы қор болды. Б.Майлиннің есімі де шығармалары да сыйлы еді. Сондықтан да оның шығармаларына зерттеу жасаушылар мен пікір айтушылар көп болды. Бейімбет Майлиннің шығармаларын көптеген жазушылар зерттеді. Туындыларын тереңінен зертеп, ойларымен бөлісті. Мұның өзі – жас ақынның шығармалары дарынды тұлғалар көңілінен шыға білгенінің айқын көрінісі. Мәселен, біз сөз еткелі отырған «Шұғаның белгісі» туындысына да бірқатар жазушылар пікір білдіріп, жоғары деңгейде баға берген.

Атап айтсақ, белгілі ғалым, ақын Дүкен Мәсімханұлының сөзімен айтқанда, қазақтың көркем прозасы әлі қалыптасып үлгермеген уақытта, жаңа, еуропалық үлгідегі проза жанрын салған жерден мұндай үлкен көркемдік деңгейде көрсету тек Бейімбет сынды хас таланттың ғана қолынан келеді.

Мұнда кейіпкер образдары біртіндеп, оқиға желісі бойынша, басынан өткен оқиғалармен анықталып, көрініп отырады. Махаббатқа деген адалдық, ақылдылық, сезімнің нәзік тұстары қазақ жастарына тән әдеп пен иба салт-дәстүрге сіңіріле отырып баяндалған. Жазушы Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыз­дарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Әрине, бұл көпке күйе жағу емес. Ал «Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді» деу арқылы Шұғаның зеректігінен, білімділігінен хабар береді.

Бейімбеттанушы, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше «Бейтаныс Бейімбет» атты монографиясында: «Б.Майлин 1933 жылы Ғабит Мүсіреповпен бірге «Сауат үшін» кітабын жазды. 1934-1936 жылдары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Өміржан Ситдықов – үшеуі «Сауаттандырғыш» деп аталатын сауат ашу әліппесін жасады. Бұл кітап алғашқы жылы 150 мың, келесі жылы 250 мың, ал үшінші кезегінде 75 мың дана таралыммен шығарылды» – деген дерек береді.

Ғ.Мүсірепов Бейімбеттің жазушылық өнеріне деген зор құрметін: «Ол – әрі теңдесі жоқ әңгіме­ші ретінде де, әрі прозадағы сүйекті шығармалар­ды жасаушы ретінде де біздің тұңғыш зергер прозашымыз. Біздің қай-қайсысымыз болсақ та Бейімбет Майлиннің осыдан тұп-тура алпыс жыл бұрын жазылған «Шұғаның белгісі» повесінің құрсағынан шығып, етегіне оранып өскендей­міз», – деп те білдірген. Ал енді Бейімбеттің басына қара бұлт үйіріліп, 1937 жылы 8 қазанда Қазақстан Жазушылар одағының бастауыш пар­тия ұйымының оны партия қатарынан шығару туралы болған жиналысында оны ашық қорғап, «Бейімбет – жау болса, мен де жаумын!» деуі – тарихи дерек, боямасыз шындық, ақиқат. Мұны «басын бәйгеге тігу», «көзсіз ерлік» деп қаншама дәріптесек те нақты бағасын бердік дей алмаймыз. Ғабең Би-ағасының жазушылық шеберлігіне тәнті болғаны өз алдына, оның қарапайым адами тұлғасына жанында қызметтес болып бірге болған жылдарда толық көз жеткізгенге ұқсайды.

 Бұл жөнінде белгілі бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов Ғабең Бейімбеттен көп қамқорлық көргенін айта келе: «Ғабең сол қамқорлықтары үшін Бейімбетті қорғады десек, ұшқарылау көрінетін сияқты. Оның басқаларға ұқсамайтын айрықша қасиеттері барын байқаған, көңілге түйген Ғабең жария етпей кетпеді. Б.Майлиннің бойындағы, мінезіндегі, жүріс-тұрысындағы баға жетпес адамгершілік және азаматтық бейнесін ажарландыратын қасиеттердің Ғабең байқаған кейбірін атар болсақ, өте қарапайымдылығы, қолының кіршіксіз тазалығы, жүрегінің кеңдігі талантына сай асқан еңбекқорлығы, бастық болуға жоламайтындығы, шенқұмарлығының жоқтығы, пәтуасыз айтыс-тартысқа бармайтын­дығы, жүріс-тұрысының табиғилығы, өнер, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятындығы, байлыққа қызықпайтындығы, басқа адамдарға мейірімділігі…» деп санамалап шығады да: «Ендеше, Ғабеңнің оны сыйлап, құрмет тұтуы тегін емес» деп ой түйеді.

Темірғали Нұртазин Бейімбет Майлиннің шығармашылығын зерттеп, талдап жазады.  «Шұғаның белгісі» повесі 1914-1915 жылдан бастап «Ғалия» медресесінде шығып тұрған «Садақ» аттты қолжазба журналда жарияланады. 1933-1934 жылдарда жазушы «Шұғаның белгі­сінен» опералық либеретто жасап, оған Котцик деген музыкашы музыка жазып, 1934-1935 жылдары «Шұға» деген музыкалық постановка «Музыкалық театр» деп аталатын театрда қойылды. Бейімбеттің бұл еңбегі ішкі мағынасы, құрылымы жағынан әңгіме де, роман да емес, повесть деген анықтамаға  лайық шығарма деп танылады.

«Шұғаның белгісі» – сол кезде көтеріліп жүр­ген әйел теңдігі тақырыбында жазылған шығарма.  Бірақ бұл жұрт дағдыланған дәстүрлі әйел теңдігінің көлеміндегі нәрсе емес. Автор мәселені сырттай солай қойып, солай дамытып, сол әйел теңдігіндегі көлемде шешкенімен, шығарманың ішкі маңызы әлдеқайда терең, кең, қатпар-қатпар астарлы. Шығарманың басты тақырыбы, соған орай негізгі идеясы – гуманизм, адамгершілік. Бірыңғай әйел теңдігі тақырыбында жазылған шығармалардың талайы-ақ көнерген, ал бұл шығарма қылауы түспестен сол қалпында тұр. Шығарма жаныңды тербеп, өзіне еліктіріп оқи түсуге мәжбүр етеді.

Сонымен қатар «Шұғаның белгісі» жомарт талантын еркін жұмсап, майталман шеберлікпен жазылған. Бұл повесть сол жанрдағы шынайы реалистік тұңғыш туындылардың бірі болуымен ғана емес, идеялық, көркемдік, асқар таудай өрелі болуымен әдебиетімізде сыйлы орын алып келеді» деп баға береді Темірғали Нұртазин.

Шығарманы зерттеушілер француздың клас­си­калық туындыларымен салыстырады. Идеясы жағынан болсын, тілінің құнарлығы жағынан болсын Бейімбеттің жазушылық шеберлігі «Шұғаның белгісінде» көрініс тапқаны оның оқырманды өзіне баурай түскенінен байқауға болады. Мәселен, бұл шығарма мазмұны тартымды, идеясы өзекті, әдебиеттегі тың дүние ретінде қалың оқырманға танылды. Бұған қоса әйел тағдырына байланысты жазылған қызықты шығармалар жоқтың қасы еді. Сондықтан да мұның жазылу идеясы оқырманды өзіне жақындата түсті.  Шұға өмірі қасірет пен қайғыға толы болса да, ол қазақ қызының өнегелі үлгісі екені жасырын  емес. Шұға мектеп, университет бітірмесе де, бойында ұлттық тәрбие мен білімді отбасыдан жиып-терген қазақтың көзі ашық аруы ретінде суреттеледі. Шұға өлең де, жыр да оқиды, кесте тігіп, ән де салатын. Жұрт қызықса қызыққандай, тамсанатын сұлу еді деп баяндалады шығармада. Оған шығармадағы мына жолдар дәлел: «Осы күнгілердің бір тап­қаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда құдай сана берсін десейші» деп жазады. Яғни шығармада қазақ қоғамындағы қыздың үлгі боларлықтай образы Шұға екеніне толық көз жеткізе аламыз. Мұнда Шұғаның рухани біліміне сай келетін жігіттің образы ретінде Әбдірахман бейнесі таңдалған. Алайда жастардың рухани әлемі тең дәрежеде болғанымен, әлеуметтік жағынан екі түрлі таптың өкілі. Бұл шын ғашықтардың қосылуына кедергі келтіреді. Әбдірахман бойындағы қасиеттер де шығармада ерекше сипатталады. Мәселен, «Әбдірахманның әкесі өте кедей адам. Ауылнай школынан шыққан соң да, Әбдірахман малайлықтан құтыла алмады. Ақырында он екі-он үштегі шамасы болса керек, жалшылықтан қашып кетеді. Содан кейін бір ноғайға жазда қызметке тұрып, қыста оқуға кіріседі. Ақырында, әйтеуір мектепті бітіріп шықты» деп баяндалған. Бұл үзіндіден Әбдірахманның қазақтың алғашқы оқыған аза­маттарының бірі екені жазылады. Сол кезде санаулы оқыған қазақ жігіттерінің арасында білімімен де, көркем мінезімен де жұрт арасында оның атағы кеңге жайылады. Алайда оның кедейлігі өзіне кесірін тигізіп, ол сүйіктісіне қосыла алмайды. Сондықтан да бұл туындыда автор ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік мәселе, тапқа жіктелу, әйел теңдігі, қазақ оқығандары­ның тағдыры сияқты бірнеше тақырыпты қамтыға­нын аңғаруға болады. Демек, «Шұғаның белгісі» – дәуір дидарын, қазақ қоғамын шынайы бейнелеген әрі қым-қиғаш, қарама-қайшы тартыс пен қақтығысқа толы кезеңнің өмірін көрсетеді.

«Майлин прозашының қарапайымдылы­ғы – кешелі-бүгінгі көп-көп жазушылардың  тақылтұқыл жұпыны-жарлылығы емес, сөз нарқын білген, сөзді орамды да орнықты пайдаланған, кемел көркемдіктің сиқырлы кілтін қолға түсірген шебер суреткердің қарапайымдылығы» деп баға береді әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев.

Әдебиет сыншысы бұл туындыны талдай отырып, Бейімбет Майлиннің қаз басу, қа­лыптасу жолында осы прозалық туындының айрықша орны бар екенін жазады. «Терең шыншылдығы, мазмұн-түрдегі тұтастығы бар шығарма. «Шұғаның белгісі»  –  ұлы дауыл қарсаңындағы қазақ ауылы өмірінің шынайы шежіресі. Ал мұның барлығын 21 жастағы жас прозашының асқан талантын, уақыт талабын, тынысын жіті сезінген, өз заманынан озып алға аяқ басқан, революциялық жаңашыл жазушы екенін көрсетсе керек. Шынында да, «Шұғаның белгісі» – үздік те сыңары жоқ жалқы құбылыс. Керек десеңіз, авторы 21 жастағы Бейімбет Майлиннің өзінен де озып кеткен ерекше шығарма. Өйткені 1915 жылдан 1922 жылға дейінгі аралықта Б.Майлин өзінің 21 жасында жазған шығармасының биігіне қайтып жете алған жоқ. Әрине, қандай бір қабілетті, қарымды қаламгердің шығармасының да бәрі бірдей толыққанды «Шұғаның белгісіндей» шырайлы болуы мүмкін емес. Жазушының әбден кемеліне келген кезде де қилы-қилы кескін,  әртүрлі деңгей танытып жатуы – өнер заңдылыңы. Бірақ бәрібір бала, балаң кездегі шығарма мен есейген, жетілген кезеңдегі шығармаларда өзіндік айырмашылықтар болады. Алшақтықтар кездеседі. Оның үстіне кейде алпыс бет повестен гөрі алты бет әңгіме керегірек, маңыздырақ болатын сәттер де ұшырасады. Өмір сияқты әдебиет де осынысымен қызық болса керек» деп талдауы туындының мағынасы мол қазына екеніне дәлел.

Бейімбет Майлиннің «Раушан-Коммунист» повесі де Қызылорда да басылып шықты. Бұл шығарма жиырмасыншы жылдардағы қазақ ауылында әлеуметтік зор өзгерістер жасалып, совет құрылысы нығая бастағанын суреттейді. Әйелдің сауат ашуы, қоғамдық жұмыс­қа араласуы, өсу жолы беріледі. Октябрь револю­циясының қазақ әйелін бүтіндей жаңар­туы, социализм өмірі шындығы – повестің күретамыры, өзегі.

Бейімбет Майлиннің бір шығармасын тал­дай отыра, оның қазақ әдебиетіндегі ең көрнекті, таңдаулы сөз зергері болғанына көз жеткізіп отырмыз. Ұлттық әдебиетімізді биік деңгейге көтерген сөз шебері деп бағалауға болады. Ұлттық әдебиеттің түрлі жанрына қалам тербеген қаламгердің биігі жоғарылай түспесе, төмендемесі анық. Тек біз оның бірегей шығармаларының ұрпақ жадынан ұмытылмауына үлес қосуымыз керек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: