Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 19:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі: «Журналистің орны қашанда жоғары»

05.11.2022

1166 0

Сыр өңіріне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жұмыс сапарымен келді. Министр ең алдымен Жастар орталығының жұмысымен танысып, онда «Азаматтық Альянсы Қауымдастығының» мүшелерімен кездесті. Облыста 2006 жылдан бастап «Азаматтық Альянсы Қауымдастығы» жұмыс істейді. Бүгінде Жастар орталығы «Қазақстанның Азаматтық Альянсымен» бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.

Жастармен кездесуде министр үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің ұсыныс-пікір­лерін тыңдады. Сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери патриоттық ұйымы жастарының «Ерлік сағатына» қатысып, жас сарбаздармен пікірлесті. Кездесу соңында естелік кітап­шасына қолтаңбасын қалдырып, ізгі тілегін арнады.

Содан кейін министр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының студенттерімен кездесті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, университеттің басқарма тө­рағасы-ректоры Бейбіткүл Каримова қатысты.

Кездесуде министр студенттермен еркін пікір алмасты. Болашақ журналистер өз мамандықтарына қатысты ойларымен бөлісіп, көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

«Журналистика төртінші билік бола ала ма?» деген сауал қойды студенттер.

Бұл сұраққа министр «Журналистің өзін кәсіби тұрғыдан көрсете алуына байланысты. Тексерілген ақпарат сәл кештеу шығуы мүм­кін, бірақ сауатты нақты дәлелмен жазылады. Жылдам ақпарат таратамыз деп бүлдіріп алып жатады. Журналист пен блогер қатар қарайтын дүние емес. Журналистің орны қашанда жоғары. Мемлекеттік БАҚ-та істесе де, жеке басылымда істесе де журналистің өзіне байланысты. Журналистерге айтарым сенімді ақпарат таратуға, журналистің қадірін түсірмеуге ұмтылып, ізденіп еңбек етуі қажет. Бұл журналистке де, халыққа да жақсы. Журналистке керемет сөздің шебері болудан бұрын білікті болу маңызды. Жақсы жазып, жақсы сөйлей алуы керек. Сөз алдындағы жауапкершілікті сезіну керек», – деді министр.

Мұнан соң министр аймақ тұр­ғындарымен кездесті. «Достық» үйінде өткен кездесуге облыстың зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуді облыс әкімінің орын­басары Нұрымбет Сақтағанов ашып, Мемлекет басшысының ашық аза­маттық қоғамды дамыту, жастар саясаты секілді негізгі салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

– Елімізде тұрақтылық пен даму басты қағида екені белгілі. Осы ретте облыста жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні өңірімізде қоғамдық саяси ахуал тұрақты. Ашық азаматтық қоғамды қалыптастыру ба­ғытында бірқатар оң өзгеріс бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақта 15 үкіметтік емес ұйым болса, бүгінде олардың саны 1200-ге жуықтап отыр. Соңғы 10 жылда қаржыландыру көлемі де сәйкесінше артты. Үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларына қолдау көрсетіп, жағдай жасау мақсатында биыл облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығын ашуға жұмыс істеп жатыр.

Ашық ақпараттық қоғамның айнасы бұл – бұқаралық ақпарат құралдары. Қазіргі  таңда облыста 132 БАҚ-та 2500-ге жуық қаламгер жұмыс істейді. Оның ішінде 119 тәуелсіз БАҚ бар. Соңғы екі жылда өңірімізде 20-дан аса ақпараттық интернет ресурстар ашылып, аймақ жаңалықтарын таратуда.

Қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар. Облыс халқының 22 пайызын жастар құрап отыр. Аймақта 10 жастар ресурстық орталығы бар. Соң­ғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюда бірқатар шаралар қабылдануда.

Жыл басынан бері облысымызда­ғы этносаралық саладағы ахуал және этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі қалыпты негізде сақталып отыр. Аймақтағы діни ахуал тұрақты, –  деді облыс әкімінің орынбасары.

Кездесуде Дархан Қуандықұлы министрліктің негізгі бағыттары ақ­парат, азаматтық қоғам, дін, жастар және этносаралық қатынас бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол Үкімет мүшесі ретіндегі алғашқы сапарын Алаштың анасы атанған Сыр елінен бастағанын, негізгі мақсат аймақ халқының ұсыныс-тілегін тыңдау екенін жеткізді.

– Ашық әрі әділ қоғам азаматтық қоғаммен тікелей байланысты. Қазір бізде азаматтық қоғам дамып келеді. Соңғы жылдары қоғамдық кеңес­тердің жұмысы артты, үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар волонтерлік, қайырымдылық жасау деген халқымыздың ізгі қасиетінің бірі. Әсіресе жастардың оқуға түсуіне мүмкіндік қарастыру сияқты көптеген бастама бар. Еліміздегі маңызды сала­ның бірі – жастар саласы. Өңірлердегі жұмыссыз жастарды есепке алу, оларды жұмысқа тарту, кәсіпке баулу секілді мәселелер заң жобасында көзделген.

Бүгінде қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды тарту, өзекті проблемаларды шешуге қатысу үшін оларға барлық қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Қазіргі кезде республика бойынша 17 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Қызылорда облысында 2022 жылы 835 ҮЕҰ тіркелген. Сонымен қатар республика бойынша үкіметтік емес секторды қолдау үшін шамамен 1,8 мың жобаны іске асыру көзделген.

Қызылорда облысында осы жылы 105 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Биыл Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы конкурсына Қызылорда облысынан 4 ұйымнан өтінім келіп түсті. Қазіргі таңда өтінімдер сарапшыларға жолданды. Конкурс қорытындысы конкурстық комиссия отырысынан кейін белгілі болады, – деді министр.

Министр Дархан Қыдырәлі қазіргі таңда масс медиа туралы заңнаманы жетілдіру бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

Атап айтқанда, қазіргі таңда дәстүр­лі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұр­ғыда өзгеріп жатыр. Яғни «Жаңа медиа» деген түсінік қалыптасқан. Осыған орай, «БАҚ туралы» заң да бірқатар өзгеріс­ті қажет ететіні белгілі болды. Сондық­тан да саладағы үкіметтік емес ұйымдар мен журналистік қоғамдастықтың бас­тамасы бойынша жұмыс тобы бекітілген. Оның құрамында үкіметтік емес ұйымдардың, телеарналардың, баспа басылымдарының, интернет-ресурс­тардың және жарнама агенттіктерінің өкілдері бар. Олармен онлайн және оффлайн кездесулер өткізіледі. Осы­лайша заңнаманы жетілдіру тетік­тері бойынша жалпы түсінік қалып­тасады. Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелерімен бірлесіп заң жобасы талқылануда. Соның аясында журналистердің құқықтық мәртебесін арттыру, теле-радио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, әсіресе дәстүрлі баспа БАҚ-ты қолдауға назар аударылады деп жоспарланып отыр. 

– Шындығына келгенде,  қазіргі уақытта баспа басылымдарына оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан оларға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары жасалуда. Мысалы, қазіргі таңда министрлік баспа басылымдарға салықтық жеңілдіктер, яғни құн салығын алып тастау ұсынысын Үкіметке енгізу үшін тиісті талдау жүргізіп жатыр. Тиісінше, баспа басылымдар еңбекақы төлеу қорынан салықтардан және міндетті аударымдарды төлеуден босатылған жағдайда, үнемделген қара­жатты басылымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, кон­тент сапасын жақсартуға жұмсауға мүмкіндіктері болады.

Тұтастай алғанда, құқықтық реттеу тетіктері барлық конституциялық құ­қықтардың сақталуын ескере отырып, сөз бостандығына кепілдік беруге, заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға бағытталмақ, – деді минстр.

Сонымен қатар жиында БАҚ өкіл­дері өз сауалдарын қойып, көкейде жүрген мәселелерді айтты. Мәселен, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы, «Сыр медиа» ЖШС бас редакторының орынбасары Айжан Жұмабекқызы, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының бас ре­дакторы Айнұр Нұрланқызы секілді әріптестер газеттің бүгінгі жағдайы, баспасөзге жазылу, ақпаратқа қол­жеткізу, дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желі жайында сұрақтар қойды. Ал Сәдуақас Аңсат тіл және телеарна контенті мәселесін көтерді. 

Сондай-ақ облыс жастары атынан Нұрболат Қоңқабаев жастардың үй алу бағдарламасына қатысты сұрақ қой­ды. Ал  ақын Шәкизада Әбдікәрімов телерадио сигналының тарифына қа­тысты мәселенің шешілу жолдарын қарастыруды айтты.

Содан кейін министр азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлері мен арыз-шағым­дарын тыңдады.

Министр Дархан Қыдырәлі жұмыс сапарында «Қызылорда» телеарна­сының ұжымымен жүздесіп, техни­калық базасын аралап көрді. Телеарна студиясында БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берді.

– Сыр өңірінде ұлттық басылым­дардың тамыры терең жайылып, ұлт зиялылары қалам тербеді. Сол үшін де Сыр өңірі қазақ журналистикасында ойып тұрып орын алады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде ақпарат саласының орны ерекше. Олай дейтін себебіміз, минут сайын ақпараттың ағыны өзгеріп отырғанда, журналистердің жедел, нақты, шы­найы әрі бейтарап жаңалықты дер кезін­де халыққа ұсынуы ерлікпен тең. Жалпы министрлік БАҚ туралы жаңа заң жобасында журналистердің мәр­тебесін көтеру және олардың ста­тусын айқындау үшін арнайы ереже қарастыруда. Сондай-ақ интернет және онлайн платформаларды реттеу мәселесі қарастырылуда. Нақты ақ­парат алуды жеңілдету үшін заң қайта қаралады.  Сондай-ақ алдағы жылы тіл­шілердің табысына да қатысты мәселе де шешімін табады, – деді министр.

Сыр қаламгерлері министрге көкей­де жүрген сауалдарын қойды.

Министр Дархан Қыдырәлі қа­зіргі таңда ұлттық рухани мұраны дамыту мәселелері қолға алынып жат­қанын айтты. Сондай-ақ түрік, үнді сериалдарын да көрсетуге тыйым салынуда. Осылайша бірте-бірте ұлттық сериалдарды, ұлттық құндылықты дамытатын бағдарламаларды көбейту мәселелері алға қойылғанын жеткізді. Яғни министр ретінде журналистердің мәр­тебесін көтеру, БАҚ-тың қоғамдағы орнын қалыптастыру секілді мәсе­ленің шешемін табуға жұмыс жаса­мақ. Ол үшін оқырман мен кө­рерменнің қызығушылығын оятатын бағдарламалар мен мақалалар көлемі артуы қажет екенін айтып өтті. Себебі қызығушылықты оята алмай, сұраныс артпайды. Сондықтан бәсекеде озық тұру үшін сұраныс болуы керек. Бұл үшін ізденіс қажет. Яғни бұқаралық ақпарат құралдары заман талабына сай жұмыс істеп, білім мен тәжірибені арттыра түсуі тиіс.

Министрдің Сыр еліне сапары Жаңақорған ауданында қорытын­дыланды. Онда аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясына ба­рып, ұжыммен кездесті.

Министр кездесу кезінде Қызыл­орда өңірінде руханияттың туы әлі де биік, қадірі үстем екенін айтты. Сондай-ақ Сыр журналистикасының орны ерек екенін, тарихы тереңде жатқанын жеткізді. Күре жол бойында қоныс тепкен аймақтың қалаларында, елді мекендерінде  газет тасымалы мәселесі оңтайлы шешілгенін атап өтті. Осы бағытта басылымдарды өзі шығарып, өзі тарататын «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын үлгі етті.

Ал «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев дәс­түрлі медиа мен жаңа медианы үйлес­тіре отырып, серіктестік қызметін да­мытуға күш салынып жатқанын жет­кізді.

«Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова 90 жылдық тарихы бар газеттің жай-күйін баяндап, редакция журналистерінің жұмысын саралады. Аудандық газет оқырман көңілінен шығып отыр. Редакцияның жаңа жаңа ғимаратын жұртшылықтың асармен салып бергені де осының дәлелі.

Кездесуде ведомство басшысына аудандық газет тілшілері көкейіндегі сұрақ қойып, ұсыныстарын айтты. Олар жобасы әзірленіп жатқан масс-медиа туралы заңда журналистер мәртебесі айқындалса деген тілегін жеткізді.

Басқосу соңында бас редактор Баян Үсейінова министр Дархан Қуандықұлына «Жаңақорған тынысы» газетінде шыққан үлгілі материалдардан топтастырылған «Дәуір айнасы» жи­нағын тарту етті.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: