Жұма, 17 мамыр, 15:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Түркістанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған мұғалімдер сабақ берген

05.12.2022

383 0

Бұл туралы ақпаратты AIQYN ақпараттық порталы жариялады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті облыстық коғамдық комиссия отырысында облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасындағы (бұрынғы білім басқармасы – ред.) бірнеше былықтың шетін шығарды. Басқарманың бұрынғы басшысы Рахымбек Жолаевтың жұмыстан неге босатылғаны  айтылды. 

Департамент өкілі Сәбит Әсілбектің мәліметінше, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде, жекеменшік балабақшаларға жұмысқа орналастыруда жүйелі түрде жемқорлыққа жол берілгені, цифрлық сертификаттардың қолдан жасалынғаны анықталған. СЭС тарапынан мектеп директорларын қудалауды тоқтату жайы көтерілген.

 – Жүргізілген жұмыстардан кейін облыстық басқарманың басшысы Рахымбек Жолаев атқарған қызметінен босатылды, –  дейді Әсілбек.

Департамент мониторингтен кейін басқарманың жұмысына сыртқы талдау жүргізген. Талдау кезінде жалған дипломдарды пайдалану, сотталған педагогтерді  жұмысқа алу, сапасыз оқулықтарды сатып алу сияқты бірнеше заңсыз әрекеттер анықталған.

– Мысалы,  Арыс қаласы, Шардара, Сауран ауданында қылмыстық жауапкершілікке тартылған 90 мұғалім жұмыс істеп жүрген. Олардың ішінде есірткі немесе психотроптық заттармен байланысты сотталған, ұрлық жасаған, пара берген не алған, қарақшылық сияқты қылмыс жасаған адамдар бар. Бұл мектептегі қылмыстың өсуінің бір себебі болып табылады, –  дейді басқарма басшысы.

Сәбит Әсілбектің айтуынша, бұдан бөлек жұмыс тобы жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген жүздеген  мұғалімді анықтаған. Түркістан, Кентау қаласы мен Сауран ауданында Қазақстандағы жоғары оқу орнында оқыды деген  128 мұғалімнің дипломы, шетелде оқыған деген 196 мұғалімнің дипломы жалған болып шыққан.

 – Бұл факт заң талаптарын бұзумен қатар, жалған диплом ретінде қабылданады, Облыста 65 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Олардың дипломдарының дұрыстығын тексерген жағдайда бұдан да көп жалған дипломды пайдалану дерегін анықтау қаупі бар, – дейді Әсілбек.

Жалған дипломмен жұмыс істеу дерегін Orda.kz тілшісіне облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы да жоққа шығармады.

– Педагогтердің жалған құжат рәсімдеуін тергеп-тексеру үшін облыстық Полиция департаментіне ресми хат жолданды. Қанша мұғалімнің құжаты жалған екені белгісіз, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек.

Жалған дипломмен жұмыс істеген немесе оларды жұмысқа алғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің қай бабымен іс қозғалып, тергеп-тексеру жүріп жатқаны жөнінде әзірге полиция ақпарат бермеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: