Жұма, 19 сәуiр, 18:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Думанға бөлеген шара

20.09.2022

774 0

ҚАЛА КҮНІНДЕ 40 ҚАЗАН ПАЛАУ БАСЫЛДЫ

Сұлу сырдың бойы ақ күріштің мекені екенін тағы бір дәлелдеді.  «Қала күні» мерекесінде 40 қазан палау басылып, тегін таратылды.

Күз  – молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі. Мектепке асыққан бала, қамбаны астыққа толтырған диқан, қыс азығын жинаған шаруа, еңбекпен біте қайнасқан тірлік осы уақыттың еншісінде. Жыл сайын күзде Қызылорда қаласы күні тойланады. Биыл мереке «Ауыл – елдің айнасы» айдарымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы ауыл кешіне ұласты. «Сыр Ана» монументі алаңындағы мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. 

Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысын ұйымдастырудың түп-тамырында ұлттық салт-дәстүр жатқанын айтты.

– Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қызыл­орда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер. Қала күні мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады. Бүгін, міне, өздеріңізбен бірге аймақтағы «Сыр-Ана» монументі алаңында есте қалар ерекше бір шарада бас қосып отырмыз. Ақ күріштің аймағы атанған Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын, – деді облыс әкімі.

Қаламыздың мерейлі мерекесіне тарту ретінде Абай-Дәулет» ЖШС қолдауымен қала тұрғындарына ас­паздар дәмі тіл үйірер Сыр күрішінен 40 қазан палау пісірді. Сырдың қырық қазан палауы түгелдей өзіміздің төрт-түлік мал еті мен Сыр топырағанда егілген күріш түрлерінен әзірленді. Оның он қазаны түйе, он қазаны жылқы, он қазаны сиыр, қалған он қазаны қой етінен, күріштің «Лидер», «Янтарь», «Маржан», «Әйгерім», «Сыр сұлуы» және украиналық сорттан дайындалды. Мұндағы бір ерекшелік, әр аспазға 10 мың теңгеден және дәмді дайындаған палаушыға жүлделі орындар тағайын­далды. Мәселен, бірінші орынға – 150 мың, екінші орынға – 100 мың, ал үшінші орынға – 50 мың теңге берілді. Айта кетейік, палау басуға қажетті барлық заттар ұйымдастырушылар тара­пынан берілді.

– Біздің таңғалғанымыз, 40 палаушы іздеген «Сырдың қырық қазан палауы» атты шараға бір күнде еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам палаушы тіркелді. Дәмі тіл үйіретін той-томалақ, құдайы астарда жеген палауымызды кім жасағанын білмей, тек дәмі керемет болғанын ғана айтып жүреміз ғой. Алдын-ала сол көп кісінің ішінен іріктелген 40 палаушының басын қостық. Біраз мәселені талқылап, жан-жақты ақылдастық. Оларға сайыстың мән-маңызын түсіндіріп, қиын екенін, бұл үйде немесе кафеден бөлектеу болатынын айттық. Сондай-ақ халық санының да көп болатынын ескерттік. Осы жиында мен палаушылардың бойындағы сенім, көзіндегі рухты көрдім. Мұндай шараларды дамытар болсақ, Сыр елінің ақ күрішімен қатар, үздік палаушыларын танымал жұлдызға айналдыруға болады. Біз той-томалағымызға басқа қаладан әнші, бишілерді шақырғандай, біздің аспаз-палаушыны да көрші облыстар шақыратын күнге де жетейік. Ол, әрине, өз қолымызда. Бұл келешек ұрпаққа өнегелі іс, жақсы бағыт-бағдар болады деген ойдамыз. Шыны керек, асып-тасқанннан, атақ шығарудан аулақпыз. Негізі өнім жинайтын мезгілде бұл бізге қосымша жұмыс болып тұр. Ақшалай, заттай, күріштей, еттей, жүлдеге тігетін шығындарды айтпағанның өзінде қанша уақытымызды жұмсадық. Бірақ бұл ісіміз көпке ұнаса болды, біз өкінбейміз. Әрине, бүкіл халықтың көңілінен жүз пайыз шығу мүмкін емес.  Алайда осы ісіміз халыққа пайдалы болса, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді кәсіпкер Марат Сәрсенбай.

Мерекелік басқосуда Аманжол Әлтаев күрішті аймақ Сыр жерін­дегі думанды шараның мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етіп, қызыл­ордалықтарды мерекемен құттықтады.

– Дарияның қос қанатына қоныстан­ған қалалықтардың төл мерекесі құтты болсын. Сырдың ақ күрішін ойымызға алғанда күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Ыбырай атамыздың жолын жал­ғап, баба аманатын арқалаған ди­қандар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазан палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын, – деді Аманжол Әлтаев.

Палаушылар сайысына Құндызай Әбиева Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылының атынан қатысты.

– Той-томалақта палау басып жүр­геніме 30 жылдан асты. «Қала күні» мерекесінде осындай үлкен шара ұйым­дастырып, біздің еңбегімізді бағалап, бір серпілтіп тастады. Оның ішінде «Абай-Даулет» ЖШС компаниясына алғысым шексіз. Бүгінгі сайыста орын алмасам да, халықтың алдына шығып, 40 палаушының бірі болғанымның өзі жеңіс.  Палауға түнгі сағат екіден бастап кірістік. Мен палауды сиыр етінен, «Сыр сұлуы» күрішінен дайындадым. Ешқандай дәмдеуіштер қосқан жоқпыз. Біз тек қазан-ошағымызбен келдік. Басқасын демеушілер өздері әкелді. Палау сағат 9:45-те дайын болды, – деді сайысқа қатысушы аспаз.

Сайысқа арнайы қазылар алқасы тағайындалып, жан-жақты саралаудан өтті. Нәтижесінде бас жүлдені Алматы қаласынан келген палаушы Әмір Тәжібаев жеңіп алды. Ал бірінші орын қызылордалық Бауыржан Баймағамбет­ке бұйырды. Екінші орын –  қызылордалық Санжар Эргашев пен Гүлмира Үрмашеваға берілді.  Сондай-ақ жерлесіміз Палима Жақсылықова мен Жұмаш Бахаева үшінші орынды иеленді.

Сыр өңірінде ұйымдастырылған 40 қазан палау сайысының даңқы елге жетті. Тіпті алыс-жақын шет елдерде тұратын қазақтар да өз ойларын ортаға салып, әлеуметтік желі арқылы бөлісіп жатты. Олардың қатарында Түркия елінде тұратын қызылордалық Бекарыс Нүриманов бар.

– Сыр өңірінде 40 қазан палау басып, палаушылар жарысқалы жатыр дейді. Анадолыда жатып, елдегі хабарды естіп елең ете қалдық. Бұған дейін талай жарыс көрдік қой. Енді бұл жарыстың жөні басқа секілді. Осыны естігенде ойыма мына екі оқиға оралды. 2017 жылы ЮНЕСКО-ның шақыруымен Түркияда бір апталық жиынға қатыстым. Алғашқы күні қала әкімі банкет жасап, қонақ қылды. Сол банкетте мені бір нәрсе қатты таңғалдырды. Ол не дейсіз ғой? Бірінші боп сөз алған әкім «қош келдіңіздер» дегеннен кейін «Сіздер үшін бар өнерін салып, ас дайындаған, он саусағынан өнері тамған, тамағы бал татитын» деген секілді небір теңеуді келістіре отырып, ортаға бас аспазды шақырды. Қырыққа таяп қалған жігіт екен. Жұмыс киімімен шыға келді. Таныстырды, жер-көкке сиғызбай әбден мақтады, халыққа шапалақ ұрғызды. Мен ішімнен: «талай банкетке бардық, талай жердің дәмін таттық. Пісірсе не болыпты, әдеттегі тамақ қой, сонша мақтағаны несі» деп ойладым. Сол банкетте қанша өнерпаз өнер көрсетіп жүр. Олардың бірін де олай мақтамады. Қараңызшы, аспазын ерекше қадірлеп, еңбегін жоғары бағалап жатыр. Енді, осындай құрметтен соң түрік асханасы әлемді жауламағанда қайтеді? Қай елге барсақ та, әсіресе еуропада түрік асханасын іздеп кететініміз жасырын емес қой? Бірде Анкарада келе жатсам, бір асхананың сыртына «Аданадан ең мәшһүр сорпашы келді» деп жазып қойыпты. Аданалықтар асхана ісіне шебер келеді екен. Содан ба, ел ағылып барып, кезекке тұрып сорпа ішіп жатты. Сонда деймін-ау, егер Алматыдағы бір кафеге «Сырдың ең мықты палаушысы келді» деп жазып қойса, барар ма едік? Шыны керек, талай тойда палаушы іздеп кеттік. Елде мамандардың торт пісіруді болмаса, палау басуды үйретіп, мастер-класс өтікізіп жатқанын ести бермейміз. Сосын рабайда болмаса, жастардың «болашақ аспаз болам» дейтінін байқа­маймыз. Талай тойдың сәнін келті­ріп, қанша халықты тойдырып қайтаратын осы аспаздар ғой. Сырдағы палау­шылардың жарысы еңбекті бағалайтын, еңбек адамына құрмет көрсететін сана­ның қалыптасуына зор үлес қосатын қадам деп білемін, – деді ол.

Осылайша Сыр елінде өткен қырық қазан палау елді елең еткізді. Ал этноауыл форматындағы шарада ақ күріштің атасы атанған Ы.Жақаевтың «Күріш туралы тол­ғанысынан» үзінді, қазақтың дәс­түрін насихаттайтын ауыл жаста­рының алтыбақан астындағы көңілді кешінің көрінісі, ақындар ай­тысы, «Бауырсақ PARTY»,  «Шұбат-қымыз FEST», «Қауын-қарбыз FEST»  фес­ти­вальдері өтті. Сондай-ақ ұлт­тық спорт түрінен түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Думанды шараға бір мезетте 10 мыңға жуық тұрғын жиналды. Сол күні бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін осында келді.

Бұл шараның мақсаты халықты тойдыру емес еді. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, кеңінен насихаттау. Мерекенің шырайын кел­тірген киме­шек киген әжелер, бау-бақша өнімдері­нен жасалған көрме, қолөнершілердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар алыстан менмұндалап шақырып тұр.

Мерекелі-берекелі шарада Сыр өнер­паздары мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Атап айтсақ, Мөлдір Әуелбекова, Жігер Ауыпбаевтар сахнаның сәнін келтірді. Осылайша Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы шараға жиналған жұрт­шылық керемет әсермен тарқасты.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

Суреттердің авторы Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: