Жыл басынан бері қалада карантин талаптарын бұзған 256 нысан анықталған. Ал Қызылорда облысы соңғы бір айдан бері «қызыл аймақтан» шыға алмай тұр. Күн санап індет жұқтырғандар саны артып, ауру алқымнан алып жатса да тығылып той жасағандар азаймай тұр. Қала әкімдігі жанынан құрылған мобильді топ болса рейд жұмыстарын жүргізіп, әр мейрамхананы күзетумен әлек…
Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың тапсырмасына сәйкес, мобильді топ кәсіпкерлік нысандар мен халық көп шоғырланатын орындарға күнделікті мониторингтік жұмыстарын жүргізуде. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында қалада – 7, қалаға қарасты кент пен ауылдық округтерде – 9, барлығы – 16 мобильді топ бар.
Олар күн сайын рейд жүргізіп, тұрғындарға індеттің қауіптілігін түсіндіріп әлек. Әйтсе де қалада думандатып жиын-той жасағандар тыйылмай тұр. Арнайы топ күн сайын үш-төрт тойды анықтап, оларға айыппұл салады екен.
Мысалы, жыл басталғалы олар 5700-ге жуық нысанды аралаған. Соның ішінде 256 нысанның карантин талаптарын бұзғаны үшін құзырлы мекемелерге хабар жолдаған. Соның ішінде 85-інде шектеу шараларын өрескел бұзып, той жасағандар анықталған. Олардың 35-і үй жайында болса, қалған 50 заңбұзушылық кәдімгі тойханаларда тіркелген.
Қала әкімінің орынбасары, мониторинг топ жетекшісі Бектас Нуридинов тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізудегі негізгі міндет – қала тұрғындарына той-томалақтар өткізудің қауіптілігін түсіндіру, қоғамдық орындарда санитарлық талаптың сақталуын бақылау арқылы қауіпті індеттің таралуына тосқауыл болу екендігін айтады. Дегенмен жоғарыдағы көрсеткішке қарап кей тұрғындардың жауапсыздығын аңғаруға болады.
Бұл індеттің қауіпті екенін және одан қорғану үшін шектеу шараларын қатаң ұстану керегін – уақыт дәлелдеп берді. Расымен індетті жеңуді мақсат етсек – шектеу шараларының шегінен шықпауымыз керек.
А.ЖАЙҚОНСҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!