Жұма, 27 желтоқсан, 07:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кітапхана – рухани қазына ордасы

23.11.2022

1351 0

Жыл басынан бері қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық  орталықталықтандырылған  кітапханалар  жүйесінің ұйымдастыруымен түрлі ірі шаралар ұйымдастырылды.

Толығырақ атап айтсақ, қала күні мерекесіне орай  өнер арбатында   «Kітап Fest» кітап фестивалі кең көлемде өткізілді.  Бүгінде 8 жылдық даму кезеңінде «KiтапFest» мәдени шарасы жалпы республикалық зияткерлік платформаға айналды. Кітап фестиваліне Алматы қаласынан «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, Түркістан қаласынан «Мазмұндама»  қоғамдық қоры, қаламыздағы «Кітап ал» кітап дүкені өз кітаптарын сатылымға шығарды. Сондай-ақ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасы, «Болашақ» университетінің  кітапханасы, Қызылорда медициналық  жоғарғы колледжінің кітапханасы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарыколледжі мен қала кітапханалары өз көрмелерін  ұсынды.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

Бұл тағылымды шарада ең алдымен кітап баспалары, кітап дүкендері, қаламыздағы оқу орындары, қалалық  кітапхана жүйесі  ұйымдастырған  «Даңқы асқан, тарихы дастан-Қызылордам» атты кең көлемді кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесі  таныстырылды. Сахнада «Қызылорда» тарихынан сыр шертетін атасы мен немересінің қойылымы орындалып,  «Юнитед» бишілерінің «Жүр, досым, кітапханаға» атты флешмоб орындалды.

Шараға   қала әкімі Асылбек Шаменов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Адамзат құндылығының бірі де бірегейі  кітаптың рухани мән-мағынасына тоқталып, қала халқын кітап оқуға шақырды. Шара қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр өнерінің тарланы, дарынды режиссер Хұсейн Әмір-Темір  сөз кезегінде бүкіл өмір жолының, өнер жолының кітаппен өрілгенін айта келе, кітап мерекесіне сәттілік тіледі.  Кітапхананың  белсенді оқырмандары қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып,  сыйға құнды    кітаптар табысталды.

 Мереке  барысында қала орталығынан тұрғындардың, әсіресе жастардың  шоғырланған жері осы Арбат бойынан  буккроссинг кітап сөресінің тұсаукесер рәсімі жасалды. Оның басты мақсаты – үйде шаң тозаң болып жатқан немесе оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу. Сондай-ақ, әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру, күнделікті өмірдегі әр оқырманның кітап оқу әрекетін танымал етуге өз үлесін қосу. Буккроссингтің лента қию рәсіміне мерекеге қатысушылар куә болды. Ортаға аниматорлар шығып, қала күніне орай ұйымдастырылған шараларға  оқырмандарды қатыстыру үшін қызықты ойындар ұйымдастырып, Қалалық кітапхана қызметкерлерінің оқырмандармен өткізілетін іс-шаралар бағдарламасына ұласты.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

            «Аялаймын сені-Қызылордам!» атты әдеби музыкалық кешті  Халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері Ержігіт Сармырзаевтың   орындауындағы «Туған күніңмен туған жер» әнімен ашылып,  кітапханамыздың белсенді оқырманы жас ақын Қызылорда қаласы әкімінің «Ұшқыр қалам» номинациясының және «Сыр үміті» сыйлығының иегері Айдар Сайлауов өзінің  «Жүрегімнің Астанасы!»  туындысын оқыды. Мерекелік шара «Мен сені жырлап өтем Қызылордам» атты жас ақындардың  жыр кешімен  жалғасты.  Сыр елінің  Толқын Қабылша, Мақсат Дауылбай,   Мөлдір Айтбай сынды ақын ұл-қыздары жыр додасын бастап, жас ақындар көрермендерді өз жырларымен сусындатты. «Сырдың әрі, жырдың нәрі» тақырыбымен жас ақындар айтысы өткізіліп, жас айтыскер ақындар  Бексұлтан Орынбасаров және Қорқыт ата университетінің 3 курс студенті  Жамбыл Бақытәлі бақ сынасты. «Сұлу сырдың егізіндей, сүлейлердің лебізіндей» атты әдеби жыр кешін үүлейлер бейнесіндегі кейіпкерлер Нұрталап, Нұркелді, Расул шайырлардың шығармаларынан бір-екі шумақ өлеңдерін оқып ашып, Қорқыт Ата университетінің студенттері мен Қазанғап атындағы музыкалық колледждің студенттері Шоңбаева Динара,  Нұрай Өркенбекқызы,  Көшенеев Байбол,  Сұлтанбек Нұрасыл,       Өтеп Батырбек  Сыр сүлейлерінің термелерін кезек-кезек жырлады.       

«Жыр толғаған Сыр елі» атты ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған керемет шара Сырдың саңлақ сатиригі Асқар Тоқмағамбетовтің «Бидай мен қаңбақ» мысалынан сахналық қойылыммен басталып,  жас оқырмандар туған қаламыз жайлы ақын толғауларын жатқа оқыды. Мерекелік шара Мақпал Қалданованың орындауындағы «Қызылорда» әнімен аяқталды.

Кеште  «Bookathon» зияткерлік сайысы бастау алып, Бұл сайыста танымал  тұлғалар: қоғам қайраткерлері, ел қалаулылары, кәсіпкерлер, спортшылар, қарапайым оқырмандар бейнежазба арқылы өзінің жұмбақтарын жасырды, қазақ-әлем әдебиетерінен қызықты сұрақтар қойылды.Жеңімпаздар алғыс хат, дипломдармен, жүлделі сыйлықтармен марапатталды. Кеш бойы әсем әндер шырқалып, қаламыздың барлық өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, кітап атты рухани ұлылықты дәріптеу өз мәресіне жетті.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

Кітап – ғасырлар мұрасы. Халық өткенін бағамдамай, болашаққа жылжи алмайды. Сондықтан дәстүр, тарих, мәдениет сияқты рухани құндылықтарға баса назар аударып, біз білімді кітаптан алуға тиіспіз. Бұл шараның мақсаты да осы еді.

Балаларға базарлық

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды  «Балалар жылы» деп жариялағаны баршамызға белгілі.   Осыған орай, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 2022  жыл – «Балалар жылы» аясында қазақ тілді кітап құмар балалар арасында ақын Адырбек Сопыбековтың шығармашылығы бойынша «Бал қылықты балалық»  атты қалалық мектеп аралық  байқау өткізілді.

Балалар ақыны А.Сопыбековтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратын, туған еліміздің тамаша табиғатын, оқушылар өмірін, баланың бал қылығын, қызықты мінез-құлқын, үлкендерге мейірімділігін, балалардың тапқырлығы мен батылдығын суреттейтін қызықты да тартымды шығармаларын насихаттау және сол арқылы бала бойына тәлім-тәрбие дарытуға ықпал ету мақсатындағы шара барысында «Бала тілін тапқан ақын» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып кеңінен насихатталды.

Шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы құттықтау сөзбен ашып, жас оқырмандарға сәттілік тіледі. Ақын Мұхамеджан Нұрхан қатысушы балаларға А.Сопыбеков ақынның өлеңдерінен үзінді оқып беріп, сәттілік тіледі.

 Ақынның «Күншуақ», «Көзілдірік», «Айға сапар», «Шешілген жұмбақ», «Кім қалай ұйықтайды?», «Көктем жыры», «Базарлық», «Айналайын» және тағы басқа 20-дан астам жинағы баспадан шыққан. Өлеңдері орыс, беларус, өзбек тілдеріне аударылған. Сонымен қатар ол өзінің туып-өскен ауданының тарихы мен қазіргісін кеңінен қамтитын энциклопедиялық жинақты дайындауға көп күш салып, қажырлы еңбек етті. Туған жерінің шежірешісі ретінде талай ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды қайта қалпына келтіруге есепсіз тер төгіп, тарихи жәдігерлердің жаңғыруына жанашырлықпен қарап, шынайы жұмыс істеді.

Осындай шығармашылық негізінде байқау  «Қуыр-қуыр қуырмаш»,  «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты екі кезең бойынша өткізілді,  бірінші кезеңде әр топ өз қалауы бойынша ақынның балаларға арналған жырларын мәнерлеп жатқа оқыса, екінші кезең бойынша ақынның кез-келген балаларға арналған шығармасынан сахналық көріністер көрсетілді.

Байқауға Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицей, С.Әлжіков атындағы № 144 мектеп, Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектеп,  А.Байтұрсынов атындағы № 211 мектеп,  № 253 орта мектеп оқушыларының 5 сынып оқушылары белсене қатысты.

Ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға – М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры, айтыскер ақын  Нұрмат Мансур Абдоллаұлы, Сыр бойы газетінің тілшісі, ақын  Ғазиза Әбілда,  Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры  Рахметова Гүлмира Шамсутдиновна төрелік жасап нәтижесінде  бас жүлде – №253 мектеп, 1 орын – Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейі, 2 орын – Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектеп, 3 орын – С.Әлжіков атындағы №144 мектеп, 3 орын – А.Байтұрсынов атындағы №211 мектеп лайықты деп марапатталды. 

Сонымен қатар, «Балалар жылына» байланысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  мен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Халықаралық балалар кітабы» күніне орай  Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде  «Ертегімен есейем» атты  байқау   ұйымдастырды. Байқауда қалалық   №23  Ж.Қизатов атындағы мектеп – лицейдің,   №120 Жамбыл атындағы орта мектептің, №136 Т.Жүргенов атындағы орта мектептің, №143 орта мектептің, №171  Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің, №217  Б.Шалғынбаев атындағы орта мектептің,   И.Панфилов атындағы  №5 мектептің   3-4 сынып оқушылары бақ сынады.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

Бұл шараның мақсаты – жас оқырмандарды кішкентайынан халық ауыз әдебиетімен сусындатып, балалардың тілін, қиялын, сөздік  қорын, ой- өрісін дамытып, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Қызықты ертегі бала қиялын алысқа жетелейді, арманына қанат бітіреді. Расында, ертегі балаларды ақылды болуға, ғылым қууға шақырады, ақылды білімді бала ғана өз бақытына жететіндігін айтып түсіндіреді. Ертегі кейіпкерлерімен бірге жақсы мен жаманды айыра білу, өмірдегі ең жақсы деген қасиеттерді ғана бойларына сіңіріп, парасатты азамат болуға барынша ықпал ету. 

Аталған байқауға Петро Қазақстан Кумкөл Ресорсиз АҚ,  Халық банкі, «Әбіл ата» сантехника дүкені демеушілік жасап, байқауға  қалалық  қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсидинқызы,   Халық банк қызметкері Алдонгарова Дана Абылаевна, «Қоғам ТВ» шеф редакторы   Құлтанова Баян Рахатқызы   төрелік  жасады. Байқау 2 кезең  бойынша өткізіліп,  «Ертегі сыр шертеді»  кезеңінде  әр топ өз қалауымен  балалар жазушысы  Х.Г.Андерсонның   ертегісінен,    «Ерте, ерте, ертеде»  кезеңінде  қазақ ертегілерінен  сахналық  қойылым  көрсетті. 

Байқаудың шарты бойынша қойылымның   мәніне,  қатысушы бүлдіршіндердің  сөйлеу мәнеріне, кейіпкерлік  киіміне,  сахнаның безендірілуіне мән берген әділ қазыларымыз   №136 Т.Жүргенов атындағы орта мектеп бас жүлдеге,  №23 Ж.Қизатов атындағы мектеп лицей бірінші орынға, -№5 Панфилов атындағы мектеп лицей, и № 217 Б.Шалғынбаев атындағы орта мектеп екінші орынға, № 143 орта мектеп, №120 Жамбыл атындағы орта мектеп,  № 171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп  үшінші орынға  лайықты деп таныды.  Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен,  ойынға қатысушылар жаппай алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар байқау аясында «Ертегілер елінде»: «Қазақ халық ертегілері», «Әлем ертегілері», «Таңғажайып кітаптар әлемінде» үш бөлімнен  тұратын  кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмелеріне балаларға арналған қазақ,  орыс, әлем халықтарының ертегі кітаптары және балалардың қолынан шыққан ертегі кейіпкерлерінің  қолөнер  туындылары қойылды.

Егемендік еліміздің болашағы – жас ұрпақты азаматтық пен адалдыққа,  отансүйгіштік  пен мейрімділік рухында тәрбиелеуде кітаптың алар орны ерекше. «Кітап – әр адамның өмірлік досы» деп Мұхтар Әуезов айтқандай кітап – ақылшың, – рухани байлығың. Барлық білім кітапта.  Білімнің қайнар бұлағы – балалардың ең жақын досы – кітаптар мерекесі дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын таба біледі. 

Ақынға құрмет – ел мерейі

Сонымен қатар, А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада талантты жерлесіміз, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, республикалық «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлының шығармашылығына арналған «Қуатты қалам иесі» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Тек Сыр өңірі ғана емес, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, соны соқпақ салған қарымды қаламгердің шығармашылығына арналған кешке сатирик, ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, ҚР Жазушылар Одағына қарасты «Найзагер» қауымдастығының мүшесі Қазыбек Әшірбекұлы, Сыр бойына белгілі тұлға – ҚР Мәдениет қайраткері, Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, ақын, сценарист, режиссер, өнер тарланы Оңталап Нұрмаханов, Филология ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» университетінің доценті, әдебиеттанушы ғалым Сара Тайманова, «Сыр Медиа» ЖШС директорының орынбасары, белгілі журналист Айжан Абдуллаева, Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері, «Қазақстан -Қызылорда» телеарнасының редакторы, журналист-тележүргізуші Толқын Қабылша, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова қонақ ретінде қатысып, Нұрлан Көбегенұлының азаматтық тұлғасына қатысты оң пікірлерін білдірді.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, талантты ақын Ақжол Түменбай жүргізген кеш барысында қаламгердің ізбасарлары жырдан шашу шашса, театр әртістері Серік Төлепов пен Құрманбек Боранбаев «Тіфу» атты әзілін сахналап оқырмандар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

Сонымен қатар, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №16, №17 кітапханалардың ұйымдастырылуымен жергілікті ақын, Қазақстанның құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлының туғанына 80 жыл толуына орай  «Тұлпар ақын тұғыры» атты еске алу кеші өтті.

Рухани кеш ақынның балалық шағын бейнелейтін сахналық көрініспен басталды. Қызылжарма ауылдық округі әкімі Сейілов Медет Есдаулетұлына, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызына  алғашқы сөз кезегі берілді.  Мәдениет үйінің қызметкері Есқараев Айбек Махмұтбай Әміреұлының  «Әскербек» атты арнау өлеңін мәнерлеп оқып,  ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған еске алу бейнебаяны  көрсетілді.

Кітапхананың жас оқырмандары А.Кеңесбек «Апат аймағы», Н.Қуандықова «Ініме», Ж.Сансызбай «Ұлтыңның ұлағатын ұғын бала», Қ.Сақтаған  «Екі перзент»,  А.Нұрлыбекқызы  «Қуаныш пен қайғы»  атты өлеңідерін  жатқа оқып кешке қатысушыларды ақын жырымен сусындатты.        Кеш қонағы ардагер, журналист  Әскербек Рахымбекұлының кітабын құрастырушы Қабдеш Шағыров ақынның шығармашылығы мен өмір жолынан көптеген естеліктер айтты.              

       Әскербек Рахымбекұлының  өлеңіне  көптеген әндер  жазылған.  Талай тойда шырқалып, дәстүрге айналған «Ақ босаға-ақниет» әнін мәдениет үйінің қызметкері, «Қуаныш» әжелер ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуаныш Ахметқызы орындады.                                              

         «Әскербектің жырлары оның тәнінен де, жанынан да жаралған, құдды сиямен емес, жүрегіңнің қанымен жазылғандай санаңды сілкіндіріп, сезіміңді шайқайды» – деген болатын өз пікірінде жазушы Айжарық Сәдібекұлы. Жас оқырмандар Ұ.Аубакирова «Байқоңыр»,  Ә.Ермаханов «Егемендік жыры»,   А.Аубакирова «Тұяғы едім тұлпардың», М.Төлешбаева  «Көңіл»  атты өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

 Кеш қонағы Әскербек Рахымбекұлының шәкірті ақын, журналист Ғазиза Әбілдаға сөз кезегі беріліп,   мәдениет үйінің қызметкері Тұрлыбек Ділдебаев «Ауылым» әнін орындады. Әскербек Рахымбекұлының ұрпағы, ұлы Серік Әскербекұлы сөз сөйлеп, кешті ұйымдастырушы кітапханашы  мен мәдени қызметкерлерге алғысын білдірді.

Бір ел – бір кітап

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бл ерекше шараны жылда ұйымдастырады. Биыл да дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне орай  «Өркениетке кітаппен»  атты әдеби автобус шарасын өткізді. Дәйекті сөздермен, шарлармен, арнайы эмблемемен әсем безендірілген   №1  бағыттағы  автобус  жолаушылары кітап туралы өлең-жырлармен сусындап қана қоймай  қосыла  жырлады.  кітапханашылар қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

Рухани байлығымыздың қайнар бұлағы кітапты ұлықтау мақсатындағы шара қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты  кітапханалары туралы ақпарат беруден, кітаптар мерекесінің маңыздылығы туралы айтудан  басталып, 2022-балалар жылының  еркшелігіне тоқталды. Балаларға   бақытты балалық шақ сыйлау- баршамыздың  міндетіміз!  Бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. «Қазанғап» атындағы  музыкалық колледж студенттеріне құралған    «Алтын адам» тобы, Досмағанбетова Дариға «Бипыл» әнін орындап жолаушыларды бір серпілтіп тастады.  Сондай-ақ, кітапхананың тұрақты оқырмандары П.Уалиева  «Кітап туралы ой»,   С.Шахат  «Кітап біздің досымыз»   атты қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқыды. 

Шара барысында жүргізушілермен викториналық  ойын жүргізіліп,  қызықты сұрақтар қойылды. Тапқыр да білімді оқырмандар  сұрақтарға нақты жауап беріп, түрлі сыйлықтарға ие болды. Халықтың ең ұлы байлығы, қасиетті қазынасы ана тілі болса, оның қаймағы  сөз өнері, оның ішінде – мақал-мәтелдер мен жұмбақтар. Жолаушылар мақал-мәтел айтып, жұмбақтардың шешуін тапты.

Осы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқуға  ұсынылды. 2022 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) –Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор. Кітапхананың белсенді оқырмандары  Ахмет Байтұрсыновтың   Д.Кеңесбай  Дулат «Анама хат»,   К.Мәуен  «Ат пен есек» С.Жаппасбай «Егіннің бастары»,  А.Алмасқызы Айзере  «Өгіз бен бақа» өлеңдерін жатқа оқыды.

Кітапхана – рухани қазына ордасы

«Әдеби автобус» шарасының  негізгі мақсаты – қазіргі кезеңде елімізде интернет желісінің өте кең ауқымды  таралуы, электрондық ақпараттардың көптігі, қажетті  білімді  электрондық парақшадан  ақ қағазға көшіру жастарымызды кітаптан алшақтатып барады. Адамзат даналығының алтын кілті кітап, әрбір халықтың кемелдікке келгенін, өркениетті қоғамға қадам басқанын көрсететін қасиетті орын-кітапхана екенін түсіндіре отырып, кітап оқуға шақыру, кітаптың құдіреттілігін түсіндіру, жастардың кітапқа деген қызығушылығын ояту. Жолаушылардың белсенділігі шараның қызықты өтуіне септігін тигізді.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жыл бойы атаулы күндер мен ақын-жазушылардың туған күндерінде оқырмандар тарта отырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Кітапхана ұжымы жыл басынан бері қаншама шара өткізіп, кітап оқудың құндылығын дәріптеп келеді.

Дайындаған: Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: