Дүйсенбі, 07 қазан, 00:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Депутаттар жұмысқа кірісті

11.04.2023

485 0

Мәслихат депутаты мандатын ал­ғаннан кейін халық қалаулылары алғашқы жұмыс барысын қаладағы құрылыс жұмыс­тарымен танысудан бастады.

Олар алдымен сол жа­ғалауда «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан ипотекалық көпқабатты тұрғын үйлерге барды. Аталған аумақтағы құрылыс барысымен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар таныстырды. Қазіргі таңда мұнда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасымен 470 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үй са­лынуда. Халық қалаулылары барған №6 тұрғын үйдің құрылысына «Аман-Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жауап­ты. Жоба құны 890 мил­лион теңгені құраған көп­қабатты үйдің іргетасы былтыр қараша айында қаланған. Жоспар бойынша биыл жел­тоқсан айында құрылыс жұмыстары толық аяқталуға тиіс. Осы орайда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев тұрғын үйлердегі ыстық су мәселесін қозғады.

– Жоба бойынша бұл көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүргізілуге тиіс. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында көтеріліп, тиісті қаржыға ұсыныс берілді. Қаржы бөлінген жағдайда сол жағалаудағы 72 тұрғын үй жыл бойына ыстық сумен қамтамасыз етіледі, – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.

Құрылыс алаңында бұдан бө­лек жол, көлік тұрағы сынды мәселелер де қозғалды. Аулаішілік жолдардың тарлығы, көліктердің жүріп тұруына кедергі деген депутаттарға бөлім басшысы соңғы жобалық үлгі бойынша көлік тұрағы тұрғын үйдің сыртқы бетіне салынады. Ал ішкі жолдар қауіпсіздікті сақтау үшін тұрғындардың және балалардың еркін жүруіне арналған. Сон­дай-ақ тек такси, жедел-жәр­дем, өрт сөндіру көлігінің кіруіне ғана рұқсат етіледі деп жауап берді. Аталған аумақтан сайланған депутат Жасұлан Жарасбаев тұрғын үй аумағынан коммуналдық шаруашылық қыз­меткерлеріне арналған шағын мобильді топ отыратын ғимарат салынса деген тұрғындар өтінішін жеткізді. Бұл түрлі жағдай орын алған кезде тиісті сала мамандарын жан-жақтан іздемей, жақын маңнан көмек шақыруға қолайлы болмақ.

Биыл қалада жол жөндеу, жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы орайда халық қалаулылары Отырар көшесі бойына салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолына барды. Бұл көшедегі жол құрылысын «Қызылорда жолдары» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Серіктестікке тиесілі 10 көшенің 7-еуіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 3 көшенің құрылысы жуық арада аяқталады.

Халық қалаулыларының ке­лесі бағыты Арай-Шұғыла ша­ғын ауданында жалғасты. Ел ара­сында «остров» аталып кеткен бұл аумақта Кеңес заманында салынған ескі көпір тұрғындардың базынасына айналған. Жан-жағы ашық, жолы тар көпірмен балалар мектепке қатынайды. Қоғамдық көліктер де осы жерден өтеді. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз деген жұртшылық осы аумақты кеңейтіп, жаяу жүргінші жолын салса деген тілектерін жеткізді. Осы аумақтан сайланған қалалық мәслихат депутаты Раушан Ысқақова бұл мәселеге байланысты сауал жолдағанын, бірақ, оң шешім таппай отырғанын айтады. Сондай-ақ депутат мұн­да қоғамдық көлік, электр жа­рығы, ауызсу, жол мәселесінің де өзекті екенін тілге тиек етті.  Аталған мәселелер халықтың басты қажеттілігі негізінде ше­шім табуы тиіс. Алдағы сессия отырыстарында бұл мәселе қаралып, ұсыныстар берілмек.

Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер салынып, құрылысы қар­қын алған шағын ауданның бірі – СПМК-70. Мұндағы №3 тұрғын кварталынан көпқабатты 4 тұрғын үй бой көтерген. Соның ішінде 60 пәтерлі ипотекалық тұрғын үйдың құрылысы бітіп, қабылдау актісі тапсырылғанымен «Отбасы банкке» табысталмаған. Инженерлік желілері мен абат­тандыру жұмыстары жүргі­зілмеген тұрғын үй бір жарым жылдан бері ел игілігіне берілмей бос тұр. Сол себепті тұрғындар шағым түсірген. Халық өтінішімен мұндағы жұмыс барысымен танысуға келген депутаттар істің мән-жайына қанық болды. Қазіргі таңда аталған тұрғын кварталдың инженерлік желілерін жүргізуге тиісті қаражат бө­лініп, жылу, ауызсу, кәріз, газ желілері жүргізілген. Енді инфрақұрылымдық жұмыстары аяқталса облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға «Ремстрой» ЖШС тарапынан аулааралық абаттандыру мен байланыс желісі жүргізілмек. Жалпы құрылыстың аяқталу мерзіміне 6 ай уақыт берілген.

Құрылыс нысандарын ара­лау барысында депуттаттар тиісті сала басшыларына етене жұмыс жасауға, халықтың басты қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында тиісті ұсыныстарды беруді, құрылыстың сапасына баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ аталған нысандар құ­рылыс жұмысы аяқталғанша ұдайы бақылауда болмақ.

А.САЙДУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: