Сенбі, 23 қараша, 22:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мәуелі мезгіл мерекесі

18.10.2022

981 0

Биылғы жәрмеңкеге жиылған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Таңсәріден  ағылған ағайын ауыл өнімдерін аралап, әркім өздеріне қажеттілерін сатып алып жатты.

Теңізді өлке Аралдың балығы мен Жалағаштың ақмаржанына, Сырдарияның қауыны мен Жаңа­қорғанның қарбызын алушылар аз болған жоқ. Қазалының кәмпиті мен Қармақшының шұбат-қымызы, Шиелінің картоп-жуасын алуға ниет­тенгендер көп-ақ. Ал, Қызылорда қаласының шаруалары әкелген ет өнімдеріне деген сұраныс жоғары болды.

Биыл Сыр диқандары үшін табысты жыл болды. Дала еңбеккерлері өнімнен мол астық жинады. Атап айтар болсақ, шаруалар 188 500 гектар жерге егін егіп, күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алып, жарты миллионға жуық ақмаржан өндірді. Бұл сырбойылық еңбек ерлерінің тынымсыз тірлігінің нәтижесі.

Шаруалар өз өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынды. Жалпы есеппен ауыл­дардан 538 жүк көлігімен 2000 тоннаға жуық өнім әкелінді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен бірге қала, аудандағы шаруалардың өнімі қойылған жәрмеңкелерді аралап, азық-түлік бағаларын саралап, халықпен пікірлесті.

«Тағзым» алаңында орналасқан Қызылорда қала­сының жәрмеңкесіне 80 жүк көлігімен 300 тон­наға жуық өнім әкелінді. Қалаға қарасты барлық ауылдық округтер өз өнім­дерін ұсынып, жәрмеңке шырайын айшықтай түсті. Сондай-ақ қармақшылық шаруа қожалықтары да 74 жүк көлігімен барлығы 240 тоннаға жуық өнім сатылды. Жалағаш ауданының жәр­мең­кесінде картоп, жуадан бөлек, асқабақ пен бақша өнімдерін сатып алған тұрғындар аз емес.

Биыл «Үздік аудан» атанған Сырдария ауданы қызылордалықтарға жеңілдетілген бағамен азық-түлік өнімдерін ұсынды. Бұл аудан ауыл шаруа­шылығы саласында жалпы өнім көлемі 15 млрд теңгеге жетіп, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,3 процентке артық орындалған. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімі 19,9 про­центке, мал шаруашылығы өнімі 1,6 процентке артқан. Егілген 20728 гектар күріштің әр гектарынан 64 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткен. Бұл жәрмеңкеге сырдариялықтар 60 тоннадан астам күріш, 60 тоннадай картоп, 45 тонна сәбіз, 40 тонна пияз, 90 тонна қауын мен қарбыз, 25 тонна асқабақ және 30 бас тоқты жеткізді.

Аралдық шаруалар 60 жүк көлігімен 170 тоннаға жуық өнім әкелді. Теңізді өлкенің молшылық шарасында облыс тұрғындарына мұздатылған балық өнімдері, ас тұзы, ет, құрт, ірімшік, 500 литр шұбат, 60 бас қой ұсынылды. Сондай-ақ қазалылық еңбеккерлер жәрмеңкеге 70 жүк көлігімен 150 тоннаға жуық өнім алып келді. Жаңақорған мен Шиелінің шаруалары да жаз бойғы еккен егіннің өнімдерін ұсынып, тоқшылық тойына тарту жасады.

Жәрмеңке соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысына азық-түлік бағасын төмен­детуге мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жыл соңына дейін әр апта сайын тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.

– Шаруалар, диқандар ерте көктемнен бастап еңбек етіп, бүгін өнімдерін ұсынуда. Ауыл шаруа­шылығы – жәрмеңкесі тұрғындар асыға күтетін үлкен мереке. Негізсіз баға көтеру жағдайлары орын алмауы керек. Барлығы халыққа тиімді болып, қолжетімді бағада ұсынылуы тиіс. Өңіріміздің брендіне баланған күріш дақылын келер жылы арттыру жоспарымыз бар. Тамшылатып суару әдісін жандандырып келеміз. Бұл заманауи бағытқа бейімділгенімізді көрсетеді. Жәр­меңке азық-түлік баға­сын төмендетуде айтар­лықтай оң әсерін тигізеді. Күз – жази­ра даланың дархан дастарханы. Мәуелі мез­гілдің мерекесі тарқамасын,- деді облыс әкімі.

Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашы­лығы өнімдерін көптеп сатып алып, өз ризашылықтарын жеткізіп жатты. Соның бірі қала тұрғыны Нұрсұлтан Айбергенов: – Жәрмеңкеге азанымен ерте келдім. Бағасы қалтаға қонымды. Ризамын. Ет, сүт өнімдері ерекше сүйсіндірді. Тойшылық тойы тарқамасын, – дейді өз сөзінде.

Атап айтар болсақ, жәрмеңкеге қойылған өнім бағалары төмендегідей.

Сиыр еті-1900 теңге, қой еті-2400 теңге, жуа-80 теңге, картоп-100-130 теңгеден ұсынылды. Алма 200-250 теңге, жүзім 250 теңгеден сатылды.

Мүслім ШАЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: