Сәрсенбі, 24 сәуiр, 00:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ажырасу әдетке айналып барады

07.01.2023

975 0

Сурет ашық дереккөзден

«Отбасы – мемлекеттің тірегі» дейміз. Орман-тоғай жап-жасыл болып жайқалуы үшін ондағы әрбір ағаш бүр атуы тиіс болса, мемлекеттің нығая түсуі үшін де әрбір отбасының бірге болуы маңызды. Себебі отбасы құндылығын бірінші кезекке қоятын, шаңырағы тату елдің келешегі бар екені белгілі. Өкінішке орай, кейінгі кезде отбасын сақтап қалу азайып, шаңырақтың шайқалуы оңай болып кетті.
Танымал америкалық психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есеп¬теп, дәлелдеген. Ал Қазақстанда әр сағат сайын 6 неке бұзылады екен. Бұл – сарап¬шылардың пікірі. 2022 жылдың қаңтар-сәуір аралығында елімізде 36145 неке тіркелсе, осы кезеңде 5680 отбасының шаңырағы шайқалған.
Мәселен, қалалық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қарасты сектор бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 2395 отаудың некесі қиылса, соның 193-і ажырасуға арыз берген.
Сонымен қатар қалалық сотқа да неке бұзу бойынша арыз-шағымдар көп түседі екен. Қалалық сот төраға¬сы Дархан Кентбаевтың сөзіне сүйен¬сек, арызданушылар бұған көбіне жұмыс¬сыздықты, ерлердің ішімдік ішуін алға тартады.
– Балалары бар отбасыларды татулас¬тыруға тырысамыз. Мәселен, 2022 жылы 9 ай ішінде неке бұзу бойынша 919 аза¬маттық іс аяқталған. Оның ішінде 169-ы талап қоюшыға қайтарылған, 36 іс медиация тәртібімен қаралған, 319 қараусыз қалдырылған, – дейді ол.
Қазіргі жастар «отбасы» ұғымын жеңіл қабылдайды. Сезімдері лаулап «шын махабатпен үйленіп жатырмыз» – дейді. Алайда өмірдің сәл ғана қиындығына шыдамай, ажырап кете барады. Бүгінгі ата-ананың да бұл сөзге еті үйренген. «Елде менің қызым ажырасып па, ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деп жеңіл-желпі қарайды. Оның себептері көп. Сонымен ажырасудың себебі қандай?
Біріншіден, жастардың бір-бірін жақсы танымай жатып, бас қосуы. Ажырасуға арыз беретіндердің басым бөлігі өз шешімдерінің себебін мінездерінің үйлес¬пейтінін, тұрмыста ортақ тіл табыса ал¬майтындығымен түсіндіретін көрінеді.
Ауылдағы ағайын көбінесе тұрмыс тауқыметін себеп қылады. Көзіміз көріп жүр, арқасүйер азаматтары ішкілікке салынады. Әйелін ұрады.
Екі жаққа кетісудің тағы бір себебі – ер адамдарда құмар ойындарына, одан қалса жүріс жасауға әуестік басым. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Содан отбасы екі жаққа бөлініп тынады.
Одан бөлек, тырнақ астынан кір іздейтіндер де табылады. Бұл жағдайға көбінесе, қалада өскен еркетотай қыздар әуес. Себебі ауылдың жігітін жақсы көріп, отбасын құрады. Әрі кетсе, бір ай ауылда тұрар. Содан күйеуін қалаға көшуге азғырады. Енесімен сыйыспайды. Әсіресе осы себеп қоғамда белең алып барады. Арамызда мұндай жайды өз басынан өткерген азаматтар да бар.
Мақалада ажырасудың белгілі се¬бептері айтылды. Бірақ қандай себеп болсын, ажырасу – мәселенің шешімі емес. Неке әу баста ғұмырлық ниетпен құрылады, сол қағида сақ¬талуы тиіс. Ажырасу баланың тірі жетім қалуына септігін тигізеді. Сон-дықтан некелі жұптар ажыраспас бұ¬рын өмірге келген перзентінің көзіне шынайы қарауы тиіс.
Психологтардың айтуынша, көбіне 3-4 ай таныстықтан кейін шаңырақ кө¬теріп жатқан жастар ажырасады екен. Бұл уақытты қыдырумен, түрлі кафе, клубтарға барумен өткізіп, жанындағы адамды өмірлік жар ретінде тани ал¬майды. Үйленгеннен кейін ғана оның уақытты бірге өткізуге тек жақсы серік екенін түсінеді. Сондықтан да жастар үйленгенге дейін мейлінше көбірек әңгімелесіп, ішкі сырларымен бөліскен дұрыс деп кеңес береді. Бұл бір-бірін жақсы тани түсуіне, кейін оңай түсі¬нісуіне көмек болады.
– Отбасымызда қиындықтар болды. Сондықтан балалардың әкесінен бөлек кетуді ұйғардым. Үш қызымыз бар еді. Қыз деген әкесіне жақын ғой. Әкелерін іздей бастады. Тоғыз ай бөлек тұрып көрдім. Бала үшін әкенің қажет екенін ұқтым. Күйеуім де түсінген болар. Жаман әдеттерін қойды. Қайтадан шешім қабылдап, балаларымды әкесінен ажы¬ратпайын деп шештім. Бұл шешім бала¬лар үшін маңызды еді. Сон¬дықтан ажы¬расуға шешім қабылдау кезде ата-ана әбден ойлануы тиіс дер едім. Кейде ашумен отбасын ойран-топыр ететіндер бар. Мұндай отбасыларға айтарым ақылға келіп, балалардың болашағын ойлап, ошағын қайта түтеткендері дұрыс, – дейді үш баланың анасы Динара.
Адамзаттың басты міндеті – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Тал бесіктен жер бесікке дейін артынан із қалдырып, ұрпа¬ғына өнегелі, өрелі тәрбие беруге асығады. Әйтсе де дәл осы құндылығымыз күні бүгін маңыздылығын жойған сияқты. Батыстан соққан суық жел сияқты түрлі «өзгеріс» санамызды улап барады. Тіпті азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес.
Рас, сананы тұрмыс билеген осы күнде бесіктегі баланың болашағына бей-жай қарайтындар көбейді. Сондықтан адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкер¬шіліктің жүгі ауыр екенін ескеру керек. Шаңырақты сақтап қалуды мақсат ете білген жөн. Сәбилердің ертеңіне сызат түспеу үшін – ауызбіршілік пен татулықты дәнекер еткен абзал.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: