Жұма, 19 сәуiр, 18:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Мың сан мәселені жасырмаған басқосу

03.07.2021

3115 0

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесудің бір ерекшелігі еркін форматта өтті. Ұзын-сонар баяндамасыз, журналистермен еркін пікір алмасқан басқосу болды. Екі сағатқа созылған отырыста БАҚ өкілдері қаланың өзекті мәселесін көтеріп, оған тұщымды жауап алды.

Әкімдік қызметін қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан бастаған шаһар басшысы қаладағы өзекті мәселелерді шешуге білек сыбана кірісті. Олай деуімізге себеп көп. Мәселен, көптен бері қордаланған аяқ судың шешімі табылып, жыры бітпейтін қоғамдық көліктің мәселесі жіті қаралуда. Дегенмен қаланың мәселесі таусылған ба? Басқосуда қала әкімі ең алдымен БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде мемлекеттік саясаттың бастамасымен қолға алынған әрбір шараны қолдай отырып, қоғамда орнықты ой-пікір қалыптастырып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білген қаламгерлерге алғысын жеткізді. Сонымен бірге жаңалық жаршысы, жақсылықтың хабаршысы ақпарат жауынгерлерінің еңбегін жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Қала әкімі қызметіне тағайындалғанына 3 ай уақыт болды. Осы аралықта қаланың орталығын, қалаға қарасты ауылдық округтерді аралап, ондағы кемшіліктерді көзбен көріп жүр.

Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштілегін мұқият тыңдап, халыққа жақын әкім екенін байқатты. Кездесуде Ғанибек Қонысбекұлы қала басқаруға келгендегі басты мақсатын да жасырмады.


– Мен қала әкімі лауазымына мансап қуып, байлық іздеп келгенім жоқ. Маған билік емес, абырой керек. Мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевтың атына кір келтірмей, әкем секілді елдің шын алғысын алып, қаланың дамуы жолында адал қызмет ету парызым, – деді қала әкімі сөз басында.


Жиында «Қоғам тв» телеарнасының құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов бұл басқосудың маңызын атап өтті.
– Біз қаламгерлер болсақ та, қайырымды қаланың тұрғындарымыз. Сондықтан қаланың өзекті мәселелері көз алдымызда сайрап тұр. Сондай-ақ айтатын ұсыныс-пікірлер де жеткілікті. Біздер үшін бүгінгі басқосудың орны бөлек. Өйткені бұл журналистердің ой-пікірін тыңдап, оны жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева қала әкімнің қызметіндегі алғашқы қадамын жоғары бағалап, көкейінде жүрген сұрағын жолдады.
– Сіз қаланы басқаруға келген күннен бастап жұмыс істеу барысының басқаша өрбігенін байқап, оны жіті бақылап отырмыз. Қаланың мың сан қарбалас тірлігінде күнделікті мәселе туындап отыратыны заңдылық. Сол олқылықтың орнын аз уақытта және шұғыл шешуге деген қала әкімінің жұмыс қарқыны көңілден шықты. Дегенмен де қалада мәселе өте көп. Солардың бірі көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатына ауыз судың көтерілмеуі, жер үйлердің аяқ суға зәрулігі. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан күрмеулі мәселе. Сіз келгеннен соң насос қондырғыларын орнату арқылы аяқ су мәселесі оң шешімін тапты. Енді ауыз судың да айы оңынан туып, бұл мәселе де кезек күттірмейді деген үміттеміз, – деді ол.
Республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат мемлекеттік тілдің маңызына тоқталып, қаладағы келеңсіздіктерді тарқатты.


Әкім болғалы қаланың тазалығына баса мән беріп, басқа да саланың оң шешілуіне барынша жұмыс істеп жүргеніңізді біліп отырмыз. Соңғы жылдары аймақта «Тіл мерейі – ел мерейі» дегендей мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстау бағытында түрлі шаралар өткізілді. Десе де жергілікті тұрғындардың басым бөлігі қазақ екеніне қарамастан өңірде мемлекеттік тілге қатысты біршама мәселелер бар. Мәселен, қаладағы аялдамалардың атауы әлі күнге толық қазақшаланып біткен жоқ. Бұл мәселені біраз жылдан бері қозғап жүрмін. «Сырт көз сыншы» демекші, қалаға келген қонақтар сын көзбен қарайды. Атап айтсақ, «КИАП», «Автоуправление», «Одежда», «Налоговый» деген секілді аялдамаларды қазақшаландыру қажет. Оны жөндеуге болады. Сондай-ақ қазір жаңадан салынған ғимараттардың маңдайшасындағы жазуды ағылшын, орыс тілінде жазып іліп қояды. Осыларды көріп, қалай налымайсың. Ата заңда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін бүгінгі ұрпаққа ұғындырып, келешекке аманаттауымыз керек емес пе?! Алдағы уақытта осы мәселелер сіздің назарыңыздан тыс қалмайды деген үміттеміз, – деді ардагер журналист.

Сондай-ақ ол қоғамдық көліктегі келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, қазір 70 жастан асқан зейнеткерлерге жеңілдіктің жоқ екенін айтты. Қала әкімі бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін табатынын жеткізді. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова тарихи ғимараттарды сақтау туралы деген ұсыныс жасады.


– Биыл Қазақ радиосының 100 жылдығы. Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы хабар Орынбордан жүргізілсе, одан кейін Қызылорда қаласынан тараған. Қазір осы Қазақ радиосының ғимаратыны бұзылып кетті. Ол жерден жаңа ғимарат бой көтерді.
Тіпті кешегі тарихи орындарды келер ұрпақ білмеуі де мүмкін. «Елу жылда ел жаңа» демекші, сол жағалаудан «Рухани жаңғыру» орталығы деп қайтадан ашылды ғой. Әрине, оған қуандық. Десе де, облыс орталығындағы қаншама тарихи оқиғалар орын алды. Мәселен, алаш зиялылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің осында ізі қалды. Ең болмаса сол жерге кезінде осындай тарихи тұлғалар осы жерде тұрған деген ескерткіш тақталар қойылса ғой, – деген ұсынысын жеткізді.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылығын білдірді.


– «Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік» дейді ғой. Биыл қала орталығындағы сарқырамаға су келді, сумен бірге тіршілік келді. Балалар суға шомылып шаттыққа бөленіп, сарқырамаға жан біткендей болды. Ең алдымен осы үшін рақмет айтқым келеді. Одан бөлек, болашақта тарихи орындардың жанынан жаңа ғимарат салғанда мұқият болсаңыздар. Өйткені олардың айналасы сондай ыңғайсыз. Құрылыстар бір-біріне өте жақын орналасқан, – деді ол.
Басқосу барысында бүгінгі күннің күйіп тұрған өзекті мәселелері назардан тыс қалмады. Оның ішінде «КБИ» мен «Шұғыла» шағын аудандарының аралығында теміржол өткелін салатын кез жеткені, «Сәулет» шағын ауданындағы асфальт жолдың жүргіншілер үшін қауіптілігі, мұнда балаларға арналған ойын алаңының жоқтығы туралы
баса айтылды.

Сондай-ақ Белкөл кентінен 4 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонының зиянын азайту, қоршаған ортаны қорғауға қатысты нақты шараларды қабылдау мәселесі қозғалды. Сонымен бірге ақын Шәкизада Әбдікәрімов «Әдебиетшілер үйін» ашу туралы ұсыныс білдірді. Ал «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы «Журналистер аллеясын» ашуды ұсынды.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Оңғарбаев аймақтағы су тапшылығына байланысты өз ұсынысын жеткізді.
– Жаз басталса су қажеттілігі арта түседі ғой. Сырдың суы сирағымызға жетпейтін еді, қазір тобықтан түсіп кетті. Осыған орай «Шіркейлі» каналының жаңа мүмкіндігін қарастырсаңыздар. Канал суын тиімді пайдалансақ, жыртығымызды түгел жамамаса
да, біршама мәселе оңтайлы шешімін табар еді, – деді ол.

Жиын соңында шаһар басшысы басқосуда көтерілген әрбір бастаманы жүзеге асыру жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Оның ішінде су, тазалық, қоғамдық көлік мәселелері
алдыңғы орында екенін тілге тиек етті.
– Қалада 880 көше бар. Үш айда ой-шұңқырын түгел аралап шықтым. Әр түкпірде қоқыс жатыр. Соның жартысын тастайтын тұрғындардың өзі. Бұл халықтың тазалық мәдениетінің өлшемі болса керек. Осы сияқты дүниелерге байланысты сананы ояту, мәдениетті көтеру бағытында сіздердің көмектеріңіз керек, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.


Сонымен қатар журналистер халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін баса айтып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тағы да кездесіп, бүгінгі көтерілген мәселелердің шешілу барысын талқылайтындығын жеткізді. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев алдағы уақытта журналистермен 3 ай сайын кездесу өткізуді дәстүрге айналдыратынын атап айтты.


Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: