Сенбі, 27 сәуiр, 00:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпті дөңгелеткен ару

07.03.2023

897 0

Бүгінде қыз-келіншектердің отбасынан бөлек қоғамда да рөлі орасан зор. Заман талабына сай отбасы мен кәсібін қатар алып жүрген әйелдер қаншама. Қауырт тірліктің басында жүрсе де бір уақыт үйдегі ата-ене, бала-шағаның қамын жасап, бабын келістіріп отырған аруларымыз көпке үлгі. Сондай жанның бірі – қаладағы белгілі кәсіпкер Жайна Қарлыханова.

Іскер келіншек кәсіпке ебі барын жастайынан аңғарса керек. Өзінің айтуынша, саудаға бала кезден қызыққан.

– Менің балалық шағым тәуелсіздік алған жылдарға тұспа-тұс келді. Теңге айналымға шығып, сол тұста жұртшылық жаппай базарға саудаға шығып жатты. Үйде ата-анам жұмысқа кетеді. Әпкем мен ағам оқуда. Анам таңертең маған бәліш дайындап кететін.  Сабағымды оқып, үй жұмыстарын бітірген соң, өзіміз тұратын шағын ауданда «Базарчик» деп аталатын сауда орны болды. Сол жерге бәліштерді өткіземін. Одан түскен ақшаға ескі базардан сағыз, шоколад сатып аламын. Оны да көрші апайлардың қасына сатуға қоямын. Кәсіпкерлікке деген қызығушылым бала кезден бас­талған деуге болады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Десе де бұл қызығушы­лығын есейе келе білім алуға ұштас­тырған. Мектепті үздік бітірген Жайна өзі қалаған мамандығына оқуға түсуді көздейді. Осы­лайша Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің ректорының ша­қыруымен осы білім ордасында халықаралық құқық мамандығын игеріп шығады. Білімді, қабілетті маманға қашанда сұраныс бары анық. Кейіпкеріміз Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінде және оған қарасты басқармаларда тәжірибеден өте жүріп іскерлік қабілетін көрсете білді. Кейін аталған министрлікте халықаралық серіктестік бөлімінде қызмет жасайды. Алайда дәм-тұз өзі өсіп-өнген Сыр өңірінен бұйырып, жарымен бірге осында қайта келеді.

– Халқымызда қыз баласына деген мейірім, құрмет қаншалықты зор болса, оған соншалықты жауапкершілік те артылған. Отбасындағы тәлім-тәрбиеден алыс кете алмайсың. Тұрмысқа шығып, бір үйдің шаңырағына ұйытқы болу заңдылығы бар. Сол жолмен менде жолдасыммен бірге Қызылордаға келдім. Ана болдым. Бала күтімімен үйде отырдым. Алайда ұзақ уақыт үйде отыруды құп көрмедім. Солай жұмыс іздей бастадым. Сәтін салып «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының талаптарынан өтіп, жұмысқа қабылдандым. Бұл мекемеде 9 жылға жуық жұмыс істедім, – дейді кейіпкеріміз. 

Иә, мұнай саласында еңбек етіп жүрген жас ана бір мезетте кәсіпкер болатынын мүмкін білмеген болар. Кейіпкеріміздің кәсіпке келуі тағы бір жауапкершілігі үлкен мамандықты игеруіне жол ашыпты.

– «ПетроҚазақстан Құмкөл Ре­сорсиз» АҚ 2017 жылы медицина саласын қолдау мақсатында Шанхай шағын ауданындағы №2 қалалық ем­хананың орнына жекеменшік-әріптестік негізде «ALEXEY SULTAN-AKHMET» клиникасын салдық. Осы клиниканы әрі қарай дамыту мақсатында компаниядағы жұмысымды аяқ­тауға тура келді, – дейді Жайна Төреханқызы.

Жолдасымен бірге ден­саулық саласын дамытуды көздеген кейіпкеріміз қа­зіргі таңда осы клиниканың басқарушы директоры. Клиника ашқанымен оны әрі қарай жетілдіру, ха­лыққа қызмет көрсету үшін сол саланы жіті меңгеру керек-ақ. Бұл мақсатта ол бір жылдай медицина саласында білім алады. Заманауи талаптарға сай болуы үшін, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бүгінде Ресей елінде білімі мен біліктілігін жетілдіру үстінде.

Ел экономикасын арттыруда салмақты үлес қосып отырған кәсіпкер Жайна Қарлыханова отбасында төрт баланың анасы. Олардың күнделікті ас-суы, сабағы, бос уақытын тиімді өткізуі ана ретінде өз жауапкершілігінде. Одан бөлек жолдасының бабын жасау міндеті бар. Қоғамның маңызды саласында кәсібін дөңгелетіп отырған кейіпкеріміз отбасын бірінші орынға қоятынын айтады. Балалардың барлығына бірдей көңіл бөліп, ағайын-туыспен араласып, барлық жағдайды үйлестіре білу әйел адамға тән дүние. Халқымыздың «әйел – қырық шырақты» деген тәмсілін осыдан-ақ аңғаруға болады емес пе?!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: