Жұма, 27 желтоқсан, 01:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қала құрылысы: өзгелер емес, өзіміз саламыз

27.05.2023

935 0

Қалада құрылыс қыза түсті. Әр жерден дүрілдеген техниканың үні мен  күн өткен сайын көкке ұмтылған зәулім ғимараттар алыстан менмұндалайды. Таңмен таласа тұрып, күн ұясына батқанша бір тынбайтын құрылысшылар қала салуға үлес қосып жатыр. Қала тарихымен сабақтаса өрілетін қаншама ғимараттар мен үйлерде олардың қолтаңбасы қалады. Сонысымен де бұл мамандық қасиетті. Дәл қазір қызу жұмыстан бел жазбайтын құрылысшы мұны ойламауы мүмкін. Оның бар ойы – жұмысы сапалы болып, белгіленген мерзімде аяқтауда ғана.

Бүгінде құрылыс саласында өзіндік орны бар, тәжірибелі құрылыс компаниясының бірі – «Промстройсервис-Е» қала құрылысын жандандыруға үлес қосуда. Құрылыс саласын­да аты озған белді компания Сыр елінің бас шаһарының шырайын келтіріп, сәні мен сәулеті келіскен құрылыс салуда аянбай еңбек етіп келеді. Атап айтар болсақ, сол жағалаудағы «Ақмешіт» тарихи мұражайын салған да осы мекеме. Мұнан бөлек, көпқабатты үйлер тұрғызып, сапалы құрылыс салғаны үшін халықтың алғысын арқалап келеді. Бұл жолы да «Промстройсервис-Е» құрылыс компаниясы тарихи нысандардың құрылысын салуға бел буды. Мәселен, Қызылорда қаласында 5 қабатты үйден артық салуға болмайды деген қасаң түсінікті бұзып, биыл сол жағалауда 7 қабатты үй құрылысы басталса, бір үйдің құрылысын аталған компанияға бастап кетті.

– Қазір сол жағалауда 7 қабатты 6 үйдің құрылысы басталды. Соның 4-ін жергілікті, 2-ін алматылық құрылыс компаниялары салуда. Бір үйді біздің компания салады. Қазір құрылыс алаңында жұмыс басталып кетті, – дейді «Промстройсервис-Е» ЖШС директоры Манарбек Еспенбетов.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінен облыс делегациясының Кореяға са­парын қолдайтыны туралы хаттар, биыл Корея Республикасы Тэчжон қаласының мэрінің және Чоллабук-до про­винциясы губернаторының шақыру хаттары келіп түскен еді.

Осыған орай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация 22 ма­мырда Корея Республикасының Сеул қала­сына іссапармен барды. Делегация құрамында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің ректоры Б.Кәрімова бар», – деп жазады.

Жеті қабатты үй дегенде көп көкейінде сұрақ туатыны жасырын емес. «Жылу, су көтерілу жайы қалай болар екен?» деген сұрақты компания басшысына қойдық.

– Соңғы уақытта салынып жатқан жаңа үйлердің қайсысына барсаңыз да жылу, су және басқа да коммуналдық мәселе жоқ. Үйдің өжіресіне жылуды, су қысымын реттейтін арнайы насос қондырғылары қойылады. Нешінші қабат болса да су сарылдап ағып тұрады, – дейді Манарбек Нағымұлы.

Құрылыс саласын бес саусағындай білетін басшымен әңгімелесудің сәті түскенде көкей­дегі сұрақты іркіп қалмадық. Кейінгі кезде жаңа үйлердің құрылыс сапасына қатысты сын естіп жатамыз. «Сапасыз үйлер көбейді» деген пікір де жоқ емес. Бұл пікірмен құрылыс компаниясының басшысы келіспеді.

– Кезінде «Тұрғын үй – 1991» деген бағ­дарлама болды. Жас отбасы ретінде сол бағ­дарламамен пәтерге қолым жетті. Әйелім екеуміз жұмыстан кейін жаңа қонысымызды көруге жүгірдік. Сондағы пәтер не сыланбаған, не электр сымы жүргізілмеген, ортада құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. Жоғары қарасаң төбеңдегі пәтер көрінеді. Әйтеуір төрт қабырға бар. Сол кезде біз ренжімедік, пәтерден-пәтерге көшіп жүру бейнетінен құтылып, өзіміздің үйіміз бар деп қатты қуандық. Әйелім қуанғаннан ағыл-тегіл жылап жүр. Ал қазір ше? Үйді пайдалануға бергенде әрбір пәтерді сақадай-сай, тіпті көшіп келіп отыра қалатындай етіп береміз. Шынын айтқанда, үй құрылысының сметалық құжатында пәтер ішін әрлеу (левкас) деген атымен жоқ. Алайда құрылысшы­лардың қай-қай­сысы да пәтер ішін әр­лемей бере салып жатқан жоқ. Есік-терезесі бүтін, линолеум төселіп, әрлеп, тап-тұйнақтай етіп өткіземіз. Алайда адамның бәрі бірдей емес. Кейбір тұрғындар алғыс айтып жатса, кейбіреулер үстіңнен арыз-шағым айтып жатады. Мұндайда сол пәтерге арнайы бара­мыз. Мұндай шақыртуларда түрлі жағдайға куә болдық. Бір тұрғын «терезем қирап қалайын деп тұр» деп шағымданыпты. Бұл қалай болғаны деп мамандармен бірге өзім де бардым. Сөйтсек, әлгі үйдің иесі терезе алдына тамақ пісіретін тоқ плита қойыпты. Плита қызып, іштен ыстық, сырттан салқын соғып, терезе сапасына сызат түскен. Жалпы терезе алдына тоққа қосылатын плита қоюдың өзі миға сыймайтын нәрсе ғой. Тағы бір тұрғын жаңа пәтерінде жарты жыл тұрған соң «унитаз сарғайып кетті» деп шағымданған. Әжетхананың су жинайтын қорабынан күн сайын сыздықтап су аға берген соң, унитазда сызат пайда болған. Жарты жылдан кейін әжетхана бұзылса, өзі жөндеп алуға болады ғой. Тіпті айтуға ұят. Ал кейбір тұрғындар ұялмайды, осындай майда-шүйдені желеу етіп, құрылыс сапасыз салынған деп аттандайды. Мұндай мысалдарды тізбектей берсең, көп. Кейде тұрғындардың өз үйіне жаны ашымайтыны, біреу келіп жасап берсін деген көзқарастан арыла алмай келе жатқаны қынжылтады. Тағы бір мысал. Қазір жергілікті құрылыс компаниялары қаладағы ескі тұрғын үйлердің қасбетін желге, ыстыққа төзімді панельмен өз есебімізбен қаптап жатырмыз. Туған қаламыздың көркеюіне қосқан үлесіміз деп, ескі үйлердің сырты жаңарғанын көріп, нәтижелі жұмысымызға қуанып жүрміз. Алайда бұдан да сын іздейтіндер бар. Өткенде бір тұрғын сыртқа шығып: «сыртын әдемілей бергенше, пәтеріміздің ішін жөндеп бермейсіңдер ме?» деп ренішін білдірді. Бұл қалай? Өзі үйінде қол қусырып отыр. Жекеменшік пәтерін біреу жөндеп берсе дейді. Меніңше, әлеуметтік желі­де түймедейді түйедей етіп, арыз жазу үшін пайдаланатын масылдық көзқарастан арылу керек. Қаланың әрбір тұрғыны, әрбір азамат туған жеріміздің көркеюіне үлес қосса деймін, – дейді құрылысшы Манарбек Нағымұлы.

Шынында, құрылыс ком­панияларының өз қаласын тү­летуге қосқан үлесі аз емес. Қаладағы жаңарған үйлер, ойын алаңдарының көптеп салынуы осы құрылыс компанияларының ел дамуына үлес қоссам деген ниеті. Құры­лыс компанияларының демеушілігімен жа­салып жатқан дүниелер аз емес. Бұл орайда «Промстройсервис-Е» компаниясының да қала сәулетінің артуына қосқан үлесі айтарлықтай. Бүгінгі күнге дейін қаладағы бірнеше үйдің қасбетін заман талабына сай жаңартып, ойын алаңдарын тегін салып берген. Құрылыс саласында 20 жыл тәжірибесі бар компания әлі де талай құрылысты салуға атсалысып, талай игі істің ұйытқысы болатыны сөзсіз.

Айтпақшы, сол жағалауда 60 пәтерлік 5 қа­батты үй құрылысын да жүргізіп жатқан ком­пания фи­зика-математика мектебінің құры­лысын салу жауапкершілігін алып отыр. Бұл да ком­панияның құрылыс саласында салмағын ай­қындай түспек.

– Құрылыс салу – өте жауапкершілікті жұмыс. Талап та, тәртіп те қатаң. Бұл жауап­кершілікті жандүниемізбен сезінеміз. Қол­таңбамыз қалған құрылыс нысанына сын айтылмас үшін сапа басты орында, – дейді Манарбек Еспенбетов.

Бүгінде құрылыс саласында өзіндік орны бар, тәжірибелі, білікті мамандары да қалыптасқан компаниялар қатары аз емес. Соның бірегейі саналатын «Промстройсервис-Е» мекемесі де жергілікті мамандарды жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен маман туралы сөз болғанда мәселе барын аңғардық.

– Қазір маман тапшы. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бұрын еңбек нарығын Өзбекстаннан келген гастербайтерлер тол­тыра­тын еді. Қазір жергілікті мамандарды жұ­мыспен қамтып отырмыз. Бұған қуанамыз, әрине, Алай­да қара жұмыс істейтін адамды майшаммен іздеп таппаймыз десек, артық айтқандық емес. Қазір дәнекерлеуші, электрик деген мамандар қасқалдақтың қанындай тапшы болып отыр. Әрлеуші, бетон құюшы, ағаш ұстасы деген де жоқ. Қаламызда қаншама кәсіп­тік-техникалық колледж, жоғары оқу орны бар, бірақ маман жоқ. Бұл – өте өзекті мәселе. Жұмысшы маман тапшылығын жою үшін бір жүйелілік жасамаса, ертеңгі күні аға буын құрылысшының ізін басар жас маман жоқ. Қазір компанияда орташа жас – 60 жас. 60-70-ке келгендер құрылыс алаңында жұмыс істеп жүр. Олар жұмыстан кетсе, орнына маман жоқ. Жастарды жұмысқа тартып, тәжірибелі мамандардан үйренсін дейін десек, маман таппай отырмыз. Осы компания 2000 жылы ашылса, сол уақыттан бері жоғары оқу орнын бітірген 3-ақ маман келді. Жағдайдың қандай екенін содан-ақ бағамдай беріңіз. Қазір сол мамандарды алақанымызға салып отырмыз. Біреуі учаске бастығы, екеуі құрылыс шебері болып жұмыс істейді, сатылап өсіп келе жатқан жас мамандарымыз осы ғана. Қазір тепсе темір үзетін жігіттер құрылыс алаңында жұмыс істе­геннен гөрі, есік күзеткенді тәуір көреді. Қай мекемеге барсаң да жап-жас жігіттер күзетші болып отырады. Бұл еңбек нарығындағы үлкен мәселе, – дейді құрылыс компаниясының басшысы.

Құрылыс саласындағы бір жетістік – жер­гі­лікті өнімдердің пайдаланылуы. Бұл да құ­рылысқа бейімделген өңір өндірісінің нәти­желі жұмысы.

– Қазір қандай құрылысқа болсын, жер­гілікті жердің кірпішін аламыз. Одан артық сапалы кірпіш жоқ. Қазір темірбетон, кірпіш, цемент, шегеқұм өзімізді қамтамасыз етуде. Өзге өңірлерде шегеқұм да қат. Сондықтан сыр­бойылық құрылысшылар үшін бұл да тиімді. Жалпы жергілікті өнімдердің сапасына еш­қандай шағым жоқ, керісінше құрылыс саласында бірлесе жұмыс істеп келеміз, – дейді Манарбек Нағымұлы.

Емен-жарқын әңгімеден соң құрылыс алаңына бардық. Сол жағалаудағы құрылыс қыза түскен. Тынымсыз гүрілдеген техника үні, қызу жұмысқа кіріскен құрылысшылар көз аштырмас шаңды да, ыстықты да елейтін емес. Учаске бастығы Жаңабек Әуезовпен қайнаған құрылыс басында аз-кем тілдестік.

– Жеті қабатты үйдің 5-інші үйін бізге салу бұйырды. Қазір жұмыс басталып кетті, – дейді ол.

«Ертең бұл жерді танымай қаласыздар, ай­нала зәулім үйлер салынып жатыр» деген құрылысшылардың жүзінен мақтаныш сезімі байқалады. Арман-мақсаты да зәулім үйлердей асқақ құрылысшылар қарбалас тірлікке еніп кетті. Қала тарихында орны бөлек құрылыс нысандарына біз де қызыға қарадық.

Құрылысы қарқын алған қызу тірлік­тен түйгеніміз, жергілікті құрылыс компаниялары­ның бәсекеге қабілетті екендігі. Яғни өз құры­лысымызды өзгелер емес, өзіміз салатын деңгейге жеттік.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: