Жұма, 11 қазан, 20:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Нұрлыбек Нәлібаев: «Елдің өркендеуі үшін еңбек ету – парыз»

04.04.2021

4477 0

Қадірлі Сыр жұрты, құрметті Қызылорда қаласының тұрғындары!Қаратауды панам, Сырдария өзенін анам деп білетін жұрттың игі жақсылары!

Басқа қызметке ауысуыма байланысты бүгін арнайы жазба жазып, көңіл түкпірінен сыр ақтарғалы отырмын. Алтын орданың алтын тініндей болған, бүгінгі жұрт Қызыр орда санайтын Қызылорда мен үшін ерекше қала.

Қазақ маңдайыңа жазылғанды көрерсің, пешенеңе жазылған болады деп жатады. Біздің пешенемізге осы қаланы басқару бақыты жазылыпты.

Иә, 2013 жылдың 13 ақпанынан бастап, яғни 8 жылдан астам уақыт Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқардым. Бұл қалада одан бұрын да қызмет еткенімізді қоссақ, Қызылорданы бүге-шүгесіне, қиыр-шиырына дейін білеміз деуге болады. 2005-2007 жылдары қала әкімінің бірінші орынбасары болдым. Сонда 10 жылдан астам уақытымыз осы шаһардың отымен кіріп, күлімен шығуға жұмсалды деген сөз.Елбасы мен Мемлекет басшысының сындарлы саясатына сүйеніп, үкімет пен аймақ басшысының қолдауының арқасында азды-көпті атқарған ісіміз де бар. «Адамдық борышың халқыңа қызмет қыл» деп Шәкәрім қажы айтпақшы ең басты мақсатымыз елге қызмет ету деп білдік.

Қызылордаға әкім болып, қала тізгінін қолға ұстағалы бері атқарған жұмысымызды жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Басқасын айтпағанның өзінде Қызылордада 2013-2020 жылдар аралығында 676,6 мың шаршы метрді құрайтын 194 көпқабатты тұрғын үй салынып, 9164 пәтер пайдалануға берілген. Бұл осынша отбасы баспаналы болды деген сөз.

Бас жоспарға сәйкес қала көлемі ұлғайтылды. 2016 жылы Бәйтерек мөлтек ауданынан бір мезетте 6000 адамға үй салу үшін жер телімі берілгенін көпшілік қуанышпен қабылдады. 8 жылдың ішінде қала аумағынан бірнеше шағын аудандар мен тұрғын аймақтар бой көтерді. Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауын игеру жұмыстары қолға алынды. Бүгінде дарияның арғы беті кәдімгідей шағын қала іспетті. Бұдан бөлек жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүрді. 840 шақырымды құрайтын 1177 көше жөнделіп, 181 шақырымды құрайтын 105 көшеге жаяу жүргінші жолдары төселді. Түнгі жарықтандыру жұмыстары қолға алынып, 159 шақырымды құрайтын 145 көше жарықтандырылды, бұдан бөлек 184,43 шақырым электр желісі орнатылды. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде кәсіпкерліктің қанат жаюына жағдай жасалды. Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтатын нәтижелі жұмыс жеткілікті.

Білім мен денсаулыққа, мәдениет пен спортқа қолдау көрсетіліп, ел мақтанышына айналған жастарымыз талай бәйгеде топ жарды.

Қалаға кіретін бағыттың бәріне қақпа орнатылып, жолдары жөнделді. Сыр еліне келген қонақтар қаланың көркі мен тазалығына тамсанып, алғыстарын жаудырып жатады. Қызылордаға келетін жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын жағдайға жетті.

Менің есімде ерекше сақталатын сәттің бірі ретінде Қызылорданың 200 жылдығын атап өтуге болады. Сүйікті қаламыздың жыл көлемінде аталып өткен 200 жылдығы елордамыздың 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерейтойдағы мерейлі сәттер менің жадымда мәңгі жаңғырып тұратын болады.Бір жазбамен 8 жыл бойы атқарған жұмысты санамалап шықпай-ақ қояйық. Осыншама ауқымды тірлікті жалғыз өзім істедім деуден аулақпын. Қазақта «саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген сөз бар. Бірге қызмет атқарған әріптестерім, тіпті тұрғындарға дейін жұдырықтай жұмыла білді. Қызылорданың келешегіне бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың пікірімен санастық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады. Біз айтылған әрбір сыннан, пікірден, кеңестен нәтиже шығару үшін жұмыс жасадық. Әрине, бәрін керемет қылып тастадық деуден аулақпыз.Осы жазба арқылы «жақсылығымызды асырып, кемшілігімізді түзеп» отырған Қызылорда қаласының тұрғындарына алғаусыз алғыс айтып, шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Қаланы көркейту мақсатында атқарған істеріміз тұрғындар көңілінен шықпай жатса шаһар халқынан басымды иіп кешірім сұраймын.Сыр елінің, жыр елінің жүрегі, орталығы болып отырған Қызылорданың мен үшін орны қашан да ерек болып қала береді. Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та туған жер үшін еңбек етуді жалғастырамыз.

Мен Сыр жұртын, оның ішінде Қызылорданы ерекше қатты жақсы көремін. Бұл қала – менің жүрегімде мәңгі сақталатын, бақ-талайыма бұйырған қасиетті шаһар. Алашқа ана болған Сыр елі қашанда бақ даритын ынтымақты өлке болып, өркендей берсін!

Келешегің кемел болсын, Қызылорда!

Құрметпен,Нұрлыбек Нәлібаев

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: