Құрметті қызылордалықтар, қадірменді жерлестер!
Әлем зауалды кезеңді бастан өткеруде. Күрделі сынаққа төтеп беруде тың жолдар таңдалса да, індет уақытты ырқына көндіріп, түрлене түсті. Өткен жылдағыдай емес, бүгінгі күрес коронавирустың бірнеше түріне бағытталды. Бұл қауіптің күшейгендігін тағы да айқындады.
Қазақта сақтансаң сақтайды деген сөз бар. Вирусты жеңудің мақсатты жолы-гигиеналық тазалық және үйден шықпау. Той-думандарға, халық көп шоғырланатын жерлерге бармау-өз өміріңді сақтау. Өзгенің өміріне де қауіп төндірмеу. Вакцина қабылдап, қарапайым ережелерді орындау. Пандемияны жеңудің бұдан басқа жолы жоқ.
Коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Біз пандемияның алғашқы толқынынан сабақ алдық деп ойлаймын. Сондықтан бейқам жүріс пен той-томалақтар өткізуді, сауық-сайран құрып, отбасылық іс-шараларға көптеп адамдарды шақыруды доғарғанымыз дұрыс. Тиісті мемлекеттік органдардың талаптарына құлақ асып, эпидемиологиялық ахуалды барынша бәсеңсітуге жәрдемдескеніміз жөн.
Пандемия басталғалы әлеуметтік желілерде түрлі алып-қашпа әңгімелер көбейді. Сан алуан пікірлерде қарама-қайшылықтар туындап, қарапайым халықтың бойында күмәнді ойлар туындай бастады. Тіпті әлем ғалымдары дәлелдеген вакцинаны салдыруға сенімсіздік пайда болды. Сондықтан бұндай жөнсіз жазбалардан аулақ болуларыңызды сұраймын. Нақты, дәйекті ақпараттарды тек ресми ақпарат көздерінен алып, бір-бірімізге түсіністікпен қарайық.
Алда балаларымыздың оқу орындарына, білім ұяларына оралар кезеңі. Осы бастан тиісті санитарлық шараларды бұлжытпай орындар болсақ, дәстүрлі оқуымызға көшіп, мамыражай күнге жетеміз. Сенім алға жетелейді, келер күнге үмітпен қарап, дәрігер-мамандардың кеңесіне құлақ асайық. Бір болсақ, барлығын да еңсереміз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!