Қызылорда қаласында ат қоспаған аламаны, алмаған жүлдесі жоқ атбегі тұрады. Осы істің басы-қасында жүргендер түгел дерлік – жасы жетпіске таяған Сайфулла Дүйсенбеков мектебінің өкілдері, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Шиелі ауданының Балаби ауылынан шыққан ол жас күнінен жылқының тілін таба біледі. Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған. Өзі төбе көрсеткен бүкіл бәйгенің 28-інде көлік мініпті.
«Біздің ауылда бір кісі бір жылқыны бәйгеге 17 жыл үзбей қатыстырған. Жылына екі реттен қосады екен. Мен екі атты жылына 8 реттен қосқанмын. Әрине, мұндай жиілікпен жануар ұзаққа шыдамайды», – деді ол.
Сайфулла ағаның қолында таза қанды ағылшын жылқылары. Соның бірін емізулі кезінде 1 миллион 400 мың теңгеге сатып алған. Ал ол аламанға сегіз рет қосса, тең жартысында озып келген.
«Жігер» деген сұлуды 6,5 миллион теңгеге сұрап тұр. 2 миллионға сатып алғанмын. Сатқым келмейді. Балаларым да келіспей отыр. Қызығын өзіміз көрмейміз бе?!» – деді атбегі.
Өмір сүру ұзақтығы жөнінен де ағылшын жануары әбден күтіп-баптаса, 30 жасқа дейін тіршілік етеді екен. Сайфулла Дүйсенбековтің сөзінше, қазақ жылқысы 20-ға жетпей қартайып қалады.
Бұл отбасы үй ішімен атқа құмар. Жұбайынан бастап бала-немереге дейін сырына қанық.
«Ат үстіндегі адамның салмағы 35-40 келі болуы керек. Қазір бала табу қиын. Өзіміздікі өсіп кеткен. Ағайын-туғаннан сұрап амалдаймыз», – деді ол.
Атбегінің айтуынша, жылқы бала сияқты. Айтарға тілі болмаса да көзінен, кіші, үлкен дәреті, түгінен жағдайын білуге болады.
«Пайдасынан шығыны көп. Күнде қыруар жемшөп жейді. Түрлі дәрумен керек. Біреуі сүйек өсіреді, біреуі тәбет ашады, біреуі терісін жылтыратады», – деді Сайфулла Дүйсенбеков.
Оның сөзінше,»бәйгеге шапсам, жүлде менікі» деп жылқы асырау – ақымақтық. Қиын да қызық өнер жолында адамды атқа шынайы құмарлығы ғана өрге шығарады.
Қария жас жеткіншектерді бәйгеге баулу, арнайы үйірме ашу туралы талай ұсыныс көтерген, бірақ аяқсыз қалып келеді екен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!