Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 04:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сәби үні естілетін орталық

13.02.2021

8555 0

Иә, бұл орталыққа әйелдер қауымы қайта келуге асық. Қыз баласы үшін әу бастағы мақсат – ана атану болса, сәбиіңді аман-есен бауырыңа басу да шексіз қуаныш. Мұнда күніге қаншама нәзік жан ана атанады. Іңгәлаған сәби үнінің естілуіне, бақытты сәтті сезінуге орталық мамандарының еңбегі зор.
Былтыр елімізде демографиялық көрсеткіштің 1987 жылғы рекорды жаңарды. Әр жыл сайын бала туу көрсеткіші артып келеді десек те, 34 жыл бұрынғы деңгейге жетпеген екенбіз. Ал облыста мұндай көрсеткіш соңғы он жылдан бері артқан. Бұл ретте өткен жылы облыста 20310 сәби дүниеге келсе, оның 11565-і облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында туған. Сыр өңірі туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда.

Қабылдау бөліміндегі қарбалас

Күнделікті уақытта қарбаласқа толы бұл бөлімнің жұмысы бір сәтке толастамайды. Қазіргідей бүйірден вирус қысқан тұста да мұнда келушілер азайған емес. Жедел жеткізілгені, жоспарлы жолдамамен жіберілгені, өз денсаулығына алаңдаушылық танытып келгені бар, барлығы орталыққа осы бөлім арқылы орналасады.
Облыстағы ана мен балаға көмек көрсететін жалғыз мекемеге күніне орта есеппен 50 шақты жүкті келіншек жеткізіледі екен. Олардың шағымына, денсаулық жағдайына сәйкес тиісті бөлімдерге жіберіледі. Кейде өзін жайсыз сезінген аналар да осында бас сұғып, көмек сұрайды. Жағдайы белгісіз болған жағдайда олар арнайы диагностикалық бөлмеге жатқызылып, тәулік бойы бақылауға алынады. Егер алаңдауға себеп болмаса үйіне қайтарылады, қажет жағдайда бейімді бөлімшеге жіберіледі. Жоспарлы түрде жолдамамен келгендер тиісті бөлімге жатқызылады. Ал толғақпен, түрлі асқынулармен, не оқыс оқиға орнынан жедел жеткізілген жүкті науқастарға шұғыл көмек көрсетіледі. Орталықта жедел көмек көрсету жағдайы жиі кездеседі.
Қазір бұл бөлім індет жағдайында лас аймақ (грязная зона) қатарына енгізілген. Жедел көмекке жүгінгендерден, шағымданып келгендерден сол мезетте тексеруге анализ (полимеразды тізбекті реакция) алынып, қажет болған жағдайда тиісті ем-шара қолданылады. Осындай қауырт тірлік орталықтағы қабылдау бөлімінің күндегі көрінісіне айналған.

Сәби үні естілетін орталық

Анаға күтім керек

Демографиялық өсім қуантады. Тек болашақтың кілтін ұстар ұрпақтың он екі мүшесі сау болғаны жақсы. Өмір есігін ашатын нәрестенің денсаулығы тікелей анасына байланысты. Сондықтан ана денсаулығына бей-жай қарауға болмайды.
Өкінішке орай, өңірде мұның толғандырар тұсы көп. Мамандардың айтуынша, өзге облыстарға қарағанда біздегі әйелдердің денсаулық индексі 12-13 процент екен. Яғни, ұрпақ өрбіте алатын 100 әйелді алсақ, оның тек 12- 13-ін ғана аурушаңдық белгісі жоқ деген сөз. Қаназдық, қан қысымы, бүйрек, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік аурулар әйелдер арасында жиі кездеседі. Ал жүктілікке дейін мұны емдеп, болашақ ананың қорғаныш қызметін қалыптастыру көптеген патологиялық дерттің алдын алуға сеп болады. Дәрігерлердің жүктілікті жоспарлау дейтіні де осыдан. Шындығында дүниеге келер сәбидің денсаулығы алдымен анасын ойландыруы қажет.
– Жүктілік кезіндегі асқынулар ана денсаулығымен тікелей байланысты. Болашақ ананың күтінбеуі, денсаулығына салғырт қарауы салдарынан баланың шала тууы, туа бітті ақаумен өмірге келуі ғажап емес. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі осы. Сол себепті алдын ала қажетті ем-домын алып, жүктілікті әйел ағзасы дайын болған уақытта жоспарлаған жөн. Сондай-ақ қазір инфекциялық аурулар кең тараған. Бұл да ана мен бала денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір ана өзінің, болашақ ұрпағының денсаулығына әуелден жауапкершілікпен қарауы керек. Мұны жетіліп келе жатқан қыз баласынан бастау қажет-ақ. Анасы қызымен ашық әңгімелесіп, болашақ ана болуға алдын ала дайындаса өкінішті жағдайлар орын алмас еді. Ұрпақ саулығына қоғам болып мән бергеніміз дұрыс, – дейді облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Сәуле Жақанова.

Сәби үні естілетін орталық

Бала неге шала туады?

Әйелдің ай, күні жетпей ерте босануы қай кезеңде де болған жағдай. Бірақ соңғы уақытта бұл белең алып барады. Шалабайлардың өмірге қабілеттілігі әртүрлі келеді. Мұндай жағдай қалыпты көрінгенімен мамандар алаңдауға негіз барын айтады. Себебі мұның астарында ана мен сәбиінің денсаулығы, өмірі маңызды рөл ойнайды. Расымен, бала неге шала туады? – Қазір жүкті әйелдер арасында қан қысымы, бүйрек ауруы көп. Жүкті келіншектер орталыққа кейде жедел түрде жеткізіліп, оны жан сақтау бөліміне жатқызуға тура келеді. Неге десеңіз, ол ананың қан қысымы жоғары, бүйрек қызметі нашарлаған, кіші дәреттегі белок көрсеткіші артып кеткен. Тіпті қан қысымы 200-ге көтеріліп келетін келіншектер бар. Яғни, оның миы ісініп, миға қан құйылу, жатырдан қан кету қаупі басым болады деген сөз. Ондай сәтте ананың өмірін сақтау үшін жүктілігін мерзіміне қарамастан үзуге тура келеді. Осыны анасы түсінуі қажет. Осындай аурудың салдарынан жүктілік кезіндегі асқынулар пайда болады. Бөпесі шала туады. Шала туғандарға қажетті медициналық жабдықтар бар дегенмен, баланың өмірге қабілеті төмен болуы мүмкін. Ағзасы әлі толық дамымаған, бар-жоғы 500-900 грамм шамасындағы (экстремалды аз салмақты) шалабайлар қажетті салмақты қосқанша 2-3 ай уақыт керек. Шала туған нәрестелер күтімнің арқасында өмірге қабілеттігі жылдан жылға артып келеді. Бұдан бөлек жүктілік кезінде құрсақтағы баланың дұрыс дамымауы, туабітті кемістіктің пайда болуы да ана денсаулығымен, сыртқы ортаның зиянды факторларға байланысты, – дейді білікті дәрігер.
Орталықта іштегі баланың дұрыс жетілуін жүктілік кезеңінде 3 рет эксперт классты ультра дыбысты зерттеу аппараты арқылы бақылайды. Жүктіліктің 22 аптасына дейін қандай да бір өмір сүруге қабілетсіз құрсақішілік ақауы анықталса, әйелдің келісімімен жүктілік тоқтатылады. Десе де ақауы бар баланың туғаннан кейін де өмір сүруіне жағдайы келсе оны дүниеге әкелуге болады. Мұндай туабітті ақаумен туған сәби көрсеткіш бойынша төртінші деңгейлі медицина мекемесіне тиісті ем жасауға жіберіледі.

Вирустың салдары

Бұрын-соңды естіп, білмеген індеттің залалын вирус жұқтырып, ауырғандар жақсы біледі. Жас талғамайтын бұл дерт жүкті келіншектерді де айналып өтпеді. Пандемия кезінде олар үшін бөлек 2 ғимарат жасақталыпты. Тоқсан төсектік провизорлық стационарда ковидқа күдікті және оны жұқтырған 152 әйел емделіп шыққан. Соның 72-сінен коронавирус анықталса, 3-еуі ауыр жағдайда болған екен. Стационарды қажетті құралдармен жабдықтауда демеушілердің де көмегі тиген. Оттегі конденсаторы, пульсоксиметр, жасанды тыныс беру аппаратымен қамтылған. Тосыннан келген тажалмен ақ халаттылар да жан беріспей күресті. Соның нәтижесі болар провизорлық стационардағы әйелдердің тоқсанға жуығы аман-есен босанып, сәбиін бауырына басқан. Күнделікті жай тұмау емес, дендесе дертке айналған вирусты жұқтырған аналарды сәбиінен оқшаулау бұл жағдайда дұрыс шешім. Дегенмен оның өзі анасының келісімімен жүзеге асады. Осылайша 14 күн бақылауда болған ана мен балалар жақсы нәтижемен үйіне шыққан.
Вирус әлі де бәсеңдеген жоқ. Қазір де одан келер қауіп көп. Вирус жұқтырғанмен байланыста болған, жұқтырған немесе күдікті науқастар фильтр бөлімінде оқшауланады. Жыл басынан бері орталықта босанған әйелден коронавирустың симптомсыз белгісі анықталып, қажетті тексерулер жүргізіп, үй жағдайында сәбиімен оқшаулауланған.

Сәби үні естілетін орталық

Орталықтың мүмкіндігі қандай?

Орталық 350 орынға арналған. Жүкті, босанушы әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арнаулы жоғары мамандандырылған 3 деңгейдегі перинаталдық көмек көрсететін денсаулық мекемесі боп саналады. Он алты құрылымдық бөлімшесі бар. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы 92 процент. Заманауи соңғы үлгідегі технологияны пайдалану мүмкіндігіне ие. Облыс көлемінде жүктілік регистрі мониторингісі, УДЗ скринингі (құрсақішілік ақауларды анықтау), генетикалық ауруды анықтау скринингі, жүктіліктің І-триместріндегі биохимиялық скрининг, неонаталды скрининг, офтальмодиагностика, ретинопатияны анықтау, аудандарға санавиациялық көмек көрсету сынды қызмет атқарады.
Соңғы жылдары «Ана мен бала» перинаталды орталығының қызмет аясы кеңейген. Бұған әрине, маман біліктілігінің артуы, орталықтың соңғы үлгіде заманауи техникамен жабдықталуы үлкен септігін тигізуде. Әсіресе, шала туған балалардың өмірге бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасалған. Оларды жетілдіруде қажетті құралдар түгел. Мәселен, шала туған баланың көру қабілетін анықтайтын ретиналды камера, Т-система аппараты ауыр асфиксия жағдайындағы нәрестеге көмекті реттейтін, мұздатып емдеу аппараты (гипотермия), санавиациялық көмек кезінде керек кувез ӨЖЖ құралдарымен қамтылған. Бұған қоса заман талабына, бүкіләлемдік стандартқа сай енгізілген перинатологиялық технологияның қолданылуы баланың жақсы дамуына оң әсерін тигізеді екен. Атап айтқанда серіктеспен босану, баланы бірден ана кеудесіне жатқызу, алғашқы сағатта омырауына жатқызып, тек ана сүтімен қоректендіру, бос құндақтау сынды алғашқы кезеңде орындалатын әрекеттер. Мамандар анасы мен сәбиінің байланысы аурушаңдық, шетінеу жағдайын азайтады дейді.

Сәби үні естілетін орталық

Жауапкершілік тек дәрігерге жүктелмеуі керек.

Сәуле Сәменқызы, бүгінгі күннің өзекті мәселесі маман тапшылығы. Перинаталдық орталықта мұндай мәселе бар ма?

– Бұл республика көлемінде өзекті жағдай ғой. Маман тапшылығы бізде де бар. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог мамандары жетіспейді.
– Өмір болған соң небір жайттар кездеседі. Тәжірибеңізде күрделі ахуалдан оң шешім тапқан сәттер кездескен шығар…
– Бала кезден акушер болуды армандадым. 8 сынып бітірген соң медицина колледжіне түсіп, кейін осы мамандық бойынша институтты тәмамдадым. Еңбек жолымды Шаған ауылындағы перзентханадан бастадым. Әлі тәжірибем толыспаған жас акушер маманымын. Кезекшілігімде құрсақтағы баласы теріс келген әйелді босандыру керек болды. Бұл жағдай патологиялық босану болып саналады, қазіргі кезеңде тек дәрігер қабылдау керек. Қиын болса да тәуекел етіп, келіншекті аман-есен босандырдым. Сәбиі де аман-есен. Ол кезде қазіргідей медициналық көмек көрсету жүйесі жоқ. Салдары қалай болары беймәлім, жастықпен тәуекел еткен екенмін деймін. Кейін тағы да шалғай елдімекендегі келіншекті босандыруға бардым. Оның жағдайы қиын еді,орталыққа жеткізуге мүмкіндік болмады. Десе де ол кісі де дүниеге дені сау бала әкелді, өзі де аман-есен. Қазіргі кезде мұндай жағдай болса санавиациямен облыс орталығына жеткізіледі. Осындай тәуекел еткен оқиғалар есімде қалыпты.
– Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін ана денсаулығына мән беру керек дейміз. Осы орайда болашақ аналарға, жүкті келіншектерге қандай кеңес бересіз?
– Бүгінгі қыз бала – ертеңгі ана. Сондықтан денсаулық түзеуді, оған мән беруді жасөспірім кезден қолға алған жөн. Отбасы құрған жұп жүктілікті жоспарласа екен. Мысалы, еуропа елдерінде жүктілікті жоспарлайды, дәрігерге қаралады, дені сау ұрпақ әкелу үшін алдын ала дайындалады. Ал бізде осы жағынан ақсайтын тұсымыз көп. Дұрысында босанған соң келесі жүктілікке дейін 3 жыл уақыт өту керек. Ол аралықта оның денсаулығы қалыпқа келуі тиіс. Жұмыс барысында небір жайттар кездеседі. Былтыр босанған келіншек, биыл тағы келеді. Кесар тілігімен босанса да, келер жылы дүниеге сәби әкелетіндер бар. Тіпті бір жылда екі рет босану жағдайы да кездеседі. Бұл қалыпты жағдай. Жауапкершілікті тек дәрігерге жүктемей, оны әрбір ана да сезініп, өз денсаулығын түзеуі тиіс.

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: