Бейсенбі, 26 желтоқсан, 23:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Су бір күннің ғана мәселесі емес

21.06.2022

935 0

Су тапшылығы – әлем елдерін алаңдатып отырған мәселе. Бір күннің ғана емес, болашақтың мәселесі саналатын су тақырыбы Мәжілісте арнайы қозғалды. Өткен аптада Мәжілісте «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.

Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мем­лекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бас­шылары, су саласының ғалымдары мен мамандары, шетелдік және отандық сарапшылар қатысқан тыңдауда елдегі су проблемасы егжей-тегжейлі талқыланды. Келешекте су ресурстарының тапшылығы көкейтесті мәселеге айналатынын алға тартқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов су саласындағы күрделі мәселелерді тілге тиек етті.

– Су ресурстарының күрделі мәселелері әлі де бар. Біріншіден, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жылда қалалар мен ауылдарды 100 процент ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бірақ әлі 1543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет. Кейбір облыстарда бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқару керек. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып саналады. Қазақстан 2030 жылға дейінгі суармалы жердің көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуі керек. Алайда суармалы егіншіліктің одан әрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіріп отыр. Елімізде гидротехникалық құрылғылардың 90 про­центінің техникалық жағдайы төмен. Сондықтан гид­ротехникалық құрылғыларды жаңғырту керек. Былтыр 248 мың гектар алқап су үнемдейтін техноло­гиямен жабдықталған. Бұл жеткіліксіз көрсеткіш. Бұдан басқа, дамыған елдердегідей су тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет, – деді Е.Қошанов.

Еліміздегі су ресурстарын дамыту мәселесі талқыланған жиында бірқатар ұсыныс та атап айтылды. Мәселен, суға қатысты өзекті мәселенің бірі су саласына жауапты түрлі мекемелердің болуы. Атап айтылғандай, сумен жабдықтау көздері мен топтық сутартқыштарға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берсе, елді мекендерді сумен жабдықтауды дамытуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Жоспарлау, салу, пайдалану тағы бір мекеменің құзырына жатады екен.

Су мәселесін талқылаған тыңдауда жаңа Су кодексін тезірек енгізу қажеттігі де айтылды. Бұл орайда тағы да Мәжіліс төрғасының сөзін келтірелік: «Аудандар мен ауылдық округтердің әкім­діктері арасындағы басқарудың жүйесіздігі бірыңғай техникалық, кадр­лық, тарифтік саясаттың болмауына алып келеді. Еліміздің су саласын дамыту үшін бірнеше ұсынысым бар. Біріншіден, жақын арада Парламент Мәжілісіне жаңа су кодексін енгізу керек. Мендегі ақпарат бойынша бұл Су кодексі министрлікте әзірленіп жатыр. Бұл құжатты біздің қарауымызға тез арада енгізу маңызды. Ең бастысы, кодекс су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға бағытталуға тиіс», – деді Мәжіліс төрағасы.

Жаңа Су кодексінде қандай өзгерістер болады? Көп көкейіндегі негізгі сауал да осы. Парламенттік тыңдауда баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жаңа кодексте қандай негізгі бағыттар редакцияланатынын айтты. «Мемлекет басшысы 2021 жыл­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауында су үнем­­деуді қолға алуды, сондай-ақ қала­лар мен ауылдарды таза ауыз сумен қам­тамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттер басымдық ретінде белгіленді. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлт­тық даму жоспарына сәйкес су шаруа­шылығын дамытуды жақсарту, ир­ригациялық, су тарту құрылыстары мен дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, жаңа су шаруашылығы объектілерін салу, топтық су құбырларын реконструкциялау және суды үнемдеу бойынша шаралар қабылдау қажет. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында жаңа су қоймаларын салу, су арналары мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау көз­делген. Сондай-ақ суару арналарының жұмысын цифрлы басқаруды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі, – деді Ералы Тоғжанов.

Парламенттік тыңдауда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірін­дегі су мәселенің жайын көтерді.

«Сырдарияның 93%-і суы республика­дан тыс жерлерден келетінін ескерсек, ең ауыр ахуал Арал-Сырдария бас­сейнінде қалыптасатын болады. Бірін­шіден, Қызылорда облысы транс­шекара­лық өзеннің ең төменгі ағысында орналасқандықтан жоғары ағыста орна­ласқан мемлекеттер мен өңірлердің ұс­танымына еріксіз тәуелдіміз. Екіншіден, басқа облыстар сияқты бізде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан біздің аймақ су шығыны көп, инженерлік жүйеге келтірілген суармалы күріш егісіне бейімделген, мелиоративтік жүйе­лер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз және олардың техникалық жағдайына тікелей тәуелдіміз. Өңірдің тағы бір ерекшелігі, еліміздегі күріштің 90 процентін біздің аймақ өндіретін болғандықтан, республика бойынша суар­малы судың 30 проценттен астамын тұтынамыз. Алайда күріш өсіру эколо­гиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топы­­рақтың тұздануын төмендетуге мүм­­кіндік береді. Сол себепті күріш егіл­мей қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардың өсуі қиын. Осыған байла­нысты, күріш егісінің көлемін күрт азайтуға болмайтындығын және оған су үнемдейтін тамшылатып немесе жаң­бырлатып суаратын технологияларды қолдану мүмкін еместігін де ескеру керек. Дегенмен, облыста ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылының көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқарудамыз», – деді облыс әкімі.

Сөз соңында облыс әкімі депутат­тардан Арал теңізінің жағдайын сауық­тыруға ерекше назар аударуды және Сыр өңірінде суды бөлу мен есепке алуды автоматтандыруды, сонымен қатар суару жүйелерін қайта жаңғырту жөніндегі жо­балардың жүзеге асырылуына ықпал етуді сұрады. «Қазіргі уақытта Арал теңі­зінің жағдайы алаңдатуда. Аралға судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылады. Соңғы 12 жылда Арал теңі­зінің суы 7 млрд м3-қа азайып кет­кен. Ал теңіз өз жағасынан 15-20 метр­ге дейін тар­тылды. Өткен жылы Арал теңізіне келі­сілген су көлемінің тек 15,6%-і түсті», – деді аймақ басшысы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: