Бейсенбі, 28 қараша, 16:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Су тапшылығын болдырмау мақсатында жобалар әзірленуде

22.09.2021

732 0

Соңғы жылдары Сырдария өзенінің төменгі ағысында су тапшылығы байқалуда. Осыған байланысты Үкіметпен бірлесе отырып бес жылға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы әзірленуде. Басты мақсат − су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану. Қазіргі таңда облыстың 237 су шаруашылығына аталған жобаны енгізу бойынша үсыныстар берілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов су тапшылығының алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Өздеріңізге белгілі, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық ахуалы Сырдария өзені суының қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Биыл Сырдария өзені су тапшылығы жағдайында өтуде. Әсіресе, бұны шаруа қожалықтары қатты сезінді. 2025 жылға дейін 16 магистралды және шаруашылық аралық каналдар цифрландырылатын болады. Сонымен қатар, суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша 161 млрд. теңге көлеміндегі 3 жоба әзірленген. Олар пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу мен суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобалары. Биылғы жылы Қызылорда және Әйтек су торабтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары атқарылатын болады», – деді Бауыржан Серікұлы.

«Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтың айтуынша, аталған мекеме өз қаражаты есебінен ескі каналдарды тазартып, қашыртқы суын қайта пайдалануда бірқатар жұмыстарды атқарған. Сондай-ақ, су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жол картасы әзірленгенің хабарлады.

«Соңғы жылдары туындап отырған жағдайға байланысты біздің филиал су тапшылығын сезінетін каналдарға механикалық тазарту және гидротехникалық құрылымдарға шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлады. Осы жылдың аяғына дейін Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарындағы жалпы ұзындығы 26,7 шақырым болатын каналдарға механикалық тазарту шаралары басталмақшы. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша негізгі күріш дақылын 84,4 мың гектарға егу межеленсе, «Қазсушар» РМК мекемесі нақты 83,5 мың гектар күріш егуге су пайдаланушылармен келісім шартқа отырды», – деді Жорабек Ерназаров.

Брифинте су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің басшысы Зейнолла Қазтоғанов Сырдария өзеніндегі судың азайғаның атап өтті.

«Биылғы жылы Шардара су қоймасындағы су көлемі 656 млн. текше метр құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Ал Қызылорда облысы шекерасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 93 текше метр су жіберілген. Облыстағы су торабынан өзеннің төменгі ағысына жіберілген су көлемі 60 текше метрді құрады. Былтыр бұл 100 текше метр болған еді», – деді Зейнолла Қазтоғанов.

Сондай-ақ, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары іске қосылмақшы. Бұл жем-шөп, бақша дақылдары мен көкеніс көлемін арттыруға септігін тигізеді дейді сала мамандары.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: