Сәрсенбі, 20 қараша, 14:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Жылу электр орталығы салынады

31.05.2022

1584 0

Жаз басталысымен қыстың қамын ойлау  – қалыпты жағдай. Жылда бұл уақытта қалада жылу мен жарық мәселесі шешіліп, жолдың ақауы жөнделеді. Қызылорда облысында электр қуаты – 240 МВт болатын жылу электр орталығы салынбақ. Бұл туралы Сыр өңіріне іс-сапармен келген еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Бүгінде аймақтағы газдандыру деңгейі 66,5 процентті құрайды. Нәтижеінде 550,8 мың адам табиғи газбен қамтылып отыр. Газбен жабдықтау жөніндегі жобаларды іске асыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ «ҚазақГаз» компаниясының қаражаты арқылы жүргізілуде. Қызылордада жиынтық қуаты – 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Дегенмен ол қызылордалық тұрғындарға аздық етуде. Сондықтан аймаққа электр қуаты – 240 МВт болатын жылу электр орталығын салу жоспарлануда. Жобаны іске асыруға құны – 215,1 млрд теңгені құрайды. Үстіміздегі жылы құрылысы басталып,  2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жоба іске асырылса, 700 млн кВт тапшылықты жоюға мүмкіндік болмақ.

– Сыр өңірі – мұнай өндіру көлемі бойынша 5-ші өндіруші аймақ.  Еліміз бойынша мұнай өндіру үлесі 6,14 процентті құрайды. Өткен жылы мұнай өндіру көлемі – 4,3 млн тонна болса, жыл басынан бері 1,4 млн тонна өндірілді. Аймақта игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігінде мұнай өндірудің табиғи төмендеуі байқалады. Өңірлерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында былтыр Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында 4 жоба жүзеге асырылды. Аталған жоба арқылы 3 елді мекен немесе 24 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Биыл жалғасатын 1 жоба мен 6 жаңа жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен газдандыруға 3,7 млрд теңге мөлшерде қаражат көзделген. Осыған орай Бірлік және Қыраш елді мекендерін газдандыру бойынша 1 жоба аяқталады. Сондай-ақ Төретам және Ақай елді мекендері мен Сексеуіл, Махамбет және Наурыз кенттерін газдандыру бойынша қалған жобалар 2023 жылға ауысатын болады, – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Қазіргі кезде қаладағы орталықтан­дырылған жылумен жабдықтау меке­мелерінде 20 аудандық қазан­дық жылу энергиясын береді. Стан­цияның негізгі жабдықтарының 82 проценті тозған. Ал облыстағы «Қызылорда» Өңірлік электр желілік компаниясында» 10 056 км кабель және әуе электр беру желілері арқы­лы жұмыс істейді. Мұнда электр желілерінің 69 проценті ескірген. Себебі электр стансасы 1964 жылы салынған. Ал жаңасы 2005 жылы қолданысқа берілді. Жасыратын несі бар, тозығы жеткен қондырғының пайдасынан шығыны көп. Мәселен, табыстың 60 проценті «көгілдір отын­ға» жұмсалған шығынды төлеуге ке­теді. Ескі қондырғы жаңасына қара­ғанда газды көбірек жейді. Сон­дықтан 30 проценттен артық электр қуатын өндіруге ешқандай мүм­кіндік жоқ. Оның өзін тұрақты ұстап тұру да үлкен күш. Өйткені ескі алты турбинаның 1992 жылы біреуі жаңартылып, олардан қазір сол ғана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 2005 жылы салынған үш турбина бар. Оның екеуі іске қосылып, біреуі күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгінде қала бойынша – «Энергосервис», облыс  көлемінде – «Шиелі Жарығы» және «Дәулетэнерго» ұйымдары са­палы электр энергиясын жеткізуде. Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі газдың шекті көтерме бағасын, ал соңғы бағасын Ұлттық экономика министрлігі бекітетінін атап өтті. Өзіндік құн мен бекітілген көтерме баға арасындағы айырманы газ және газбен жабдықтау саласын­дағы ұлттық оператор субсидиялайды.

Атай кету керек, қазір өңірде 19 газ желісі ұйымы және 151 авто­мобильге газ құю станциясы бар. Облыста сұйылтылған мұнай газын тұтыну 2021 жылы 90 мың тоннаны құрады. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында шамамен 25 мың тонна тұтынылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығына сәйкес өңірде сұйылтылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы литріне 60 теңгені құрайды. Сондай-ақ Болат Ақшолақов көк­темгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Қызылорда облысының шаруа­ларына 11,7 мың тонна отын бөлін­генін атап өтті.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: