Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

11-ші үкіметке тағы да сенім арттық

19.01.2021

6903 0

«Үкімет  заң бойынша отставкаға кетуі тиіс» деді Президент сайлау күні. Елге сайлауда қай партияның жеңіске жеткенінен бұрын, сай­лаудан кейін Үкіметке енді кім келер екен деген сауал қызық болды.

Келер айдың 25-ші жұлдызында Үкімет басшысы қызметіне кіріс­кеніне толық екі жыл толатын Асқар Мамин өткен жұмада таңертең қызметінен кетіп, түстен кейін қызметіне оралды. Анығын айтқанда жетінші шақырылған Парламент Мәжілісінің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Үкімет жетекшілігіне Асқар Мамин­нің кандидатурасын ұсынды. Дауыс беруге төменгі палатаның 99 депу­таты қатысып, оның 78-і бұл ұсынысты қолдады. Нәтижесінде Үкімет басшысы болып Асқар Мамин қайта сайланды. Жалпы екі жылға жуық Үкімет басқарған Асқар Мамин бұған дейін қандай ісімен ел есінде қалды? Қайта сенім артудың себебі неде?

11-ші үкіметке тағы да сенім арттық

Асқар Мамин – Тәуелсіз Қазақстан Үкіметін басқаруға келген 11-ші адам. Бір айтарлығы, ол жайбарақат уақытта тағайын­далған жоқ. Қақаған қыс мезгілінде, сарышұнақ аязбен қоса шешімін таппаған әлеуметтік мәселе қы­сы­лып тұрған сәтте келді. Ел ас­танасында бір отбасындағы 5 сәби­дің ажал құшқаны қоғамда шешімін таппаған мәселені анық көрсетті. Халықты бей-жай қалдырмаған осы бір жағдайдан соң Үкімет ауысты. Қызметіне кіріскен сәттен бастап Премьер-министр Асқар Маминге жүктелген тапсырма – халықтың әл-ауқатын көтеру. Бір сөзбен айтқанда қоғамның бітеу жарасы пісіп жетілген тұста келген премьер-министрге жүктелер жүк жеңіл болмады. Бұған дейін сая­саткерлер «мықты менеджер, стратег, мінсіз атқарушы» деп баға берген Асқар Мамин үшін Үкімет орынтағына отырған күннен бастап төтенше оқиғаға толы күндер басталды…

Көп ұзамай ел бойынша көпбалалы отбасылар, табысы аз азаматтар тізімге алынып, атаулы әлеуметтік көмек, көп­балалы отбасыларға ар­налған жәрдемақы тағайындалды. 11-ші Үкіметтің халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасаған алғашқы қадамы осы болды. Әрине, мұқ­таждың жағдайын жасау оңай болған жоқ. Табысты есептеу де­генді үйдегі бар мүлікті түгендеу деп түсінген өңірлердегі жіберілген қателіктер, кемшін тұстар, айтылған сын аз болмады.  Халық үшін де, Үкімет үшін де оңай болмаған жұмыс. Үкімет мұқтаждықты масылдыққа ұластырып алмауға тырысты. Ал халық арасында тегін ақшаны алып қалуға тырысқан пысықайлардың «пысықтығы» да көрініп қалды. Айтып-айтпай не керек, бұл мәселе қоғамда әбден сыналды, түзелді, соңында орындалды.

11-ші үкіметке тағы да сенім арттық

Атап айтқанымыздай, Асқар Маминнің  екі жылға жуық уақытында жаймашуақ күндер аз болды десек  артық емес. Премьер-министр қыз­метіне кіріскен алғашқы жылы, яғни 2019 жылдың 24 маусымындағы Арыстағы апат Үкімет үшін де үлкен сын болды. Жедел шешім қабылдау, елмен бірге болу, ел мүддесіне қызмет ететін кез. Сын сәтте асып-сасқандар да, сөзден сүрінген министрлер де болмай қалмады. Сол кездегі Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мұны табиғи апат деп бағалап, елден кешірім сұрауға арланған сөзі үшін Мемлекет басшысынан қатаң сөгіс алды. Көпбалалы аналардың жайы, Арыстағы апат бір жыл үшін аз жүк емес екені белгілі. Алайда бұл жылдың сынағы мұнымен бітпеді. Жыл аяқталар сәттегі ұшақ апаты да қоғамдағы тағы бір мәселені ашып көрсетті. Адам өлімі, тексерусіз, ес­керусіз қалған әуе компаниялары жі­берген кемшіліктер бұл саланы әлі де жіті зерттеуді, талап етуді қажет етті.

Қош, Асқар Мамин Үкіметінің алғашқы жылы осылайша әбігерге толы оқиғалармен өтсе, екінші жыл­дың «сыйы» да аз болған жоқ. 2020 жылдың ақпаны Қордайдағы тәртіпсіздікпен басталып, бұл жағдай Бердібек Сапарбаевты министрліктен Жамбыл облысына әкім етіп тағайын­дауға шешім қабылдаумен аяқталды. Өткен жыл әбігері мұнымен аяқталған жоқ. Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирус инфек­циясы қазақ елін айналып өтпеді. Төтенше жағдай, ауырған ел, дертке дауа іздеген халық, бір жұтым ауаға зар болған жағдай ел басындағы ауыр сынақ болды. Бұл сын қоғамның бетпердесін айқын көрсетті. Цифр­ландырудың кемшін тұстары, ден­саулық саласындағы кем-кетік және басқа да өзекті мәселелер айқын көрінді. Нәтижесінде қос саланың да министрі қызметімен қош ай­тысты.  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бо­лып кешегі күзде тағайындалған Бағдат Мусин – Үкіметтегі ең жас министр. Ал қызметімен қош ай­тысқан Елжан Біртановтан соң Ден­саулық сақтау министрі болып тағайындалған Алексей Цой елде вирустың нағыз өршіген кезіне тұспа-тұс келді. Қос министрдің саласында атқарылғаннан атқарар шаруа көп екені түсінікті де.

Пандемия салдарынан жұмысы­нан  айы­рылған ел үшін сол сәтте қабылданған ше­­шім – табысынан айрылғандарға арналған 42500 теңге көлеміндегі жәрдем­ақы. Бұл қиын сәтте аз да болса сеп болды. Осы сәттерде қоғамда жәрдемақы алу жайы көп талқыланып, еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрінің жұмысы көрінді. Елдің көп сауалына ынты-шынтысымен жауап беріп, тіпті жәрдемақыны уақытында беруге үлгермей жат­қаны үшін халықтан кешірім сұрағаны да Үкімет пен халық арасын жақындата түсті. Сын сәт­те елдің жанынан табылған министрлер қатарында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов те бар. Төтенше жағ­дай кезінде (әлі де) онлайн оқудың машақатынан қиналған ата-ана, оқушы, мұғалімнің басындағы жағ­дайды түсініп, әлеуметтік желі арқылы әрбір жағдайға үн қатып отырған министрдің әрбір сөзі «халық үнін естіитін Үкімет» бар екенін сезіндірді. Тіпті әлеуметтік желі арқылы мектебін сағынып жылаған баланы да жұбата біл­ген Аймағанбетов білімімен де, білігімен де сын сәттерде Үкіметтің атына кір келтірмеді. Тағы бір атап айтарлығы, білім және ғылым министрінің Әліппені қай­таруы қо­ғамды шын қуантты.

Коронавирус инфекциясымен бір­­ге елді әбігерге салған тағы бір оқи­ға – Түркістан облысы Мақтарал ау­данындағы жағдай. Су басқан елдің жайы, көмек беру, халықтың үнін есту, шешім қабылдау – Асқар Мамин Үкіметі үшін сындарлы сәттің бірі.

Асқар Мамин  тұсында елдегі қарқынды жүзеге асқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағ­дарламасы болды. Ай­мақтардың жол­дарын түзеген, халыққа табыс көзі болған бағдарламаның қиын сәттерге қарамай жүзеге асуы елдің екі қолға бір жұмыс табуына және өңірлерде инфрақұрылымды жақсартуға оң әсе­рін тигізді. Сан­дарды сөйлетсек, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы», «Еңбек» және басқа да мем­лекеттік бағдарламаларды қоса алғанда, жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралармен 1 млн 390 мың адам қамтылса, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Со­нымен қатар тұрғын үй құрылысы да бәсеңдеген жоқ. Атап айтқанда өткен жылы құрылыс салу көлемі 12,5 процентке артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5 про­центке немесе 15 млн шаршы метр баспана тұрғындарға берілді.

Елбасы Н.Назарбаев қиындық­тарға қарамастан Үкіметтің жақсы жұмыс атқарғанын атап айтқан болатын. Қысылтаяң шақтарға толы екі жылда ел бірлігіне сызат түсірмей, дағдарып қалмай қызмет еткен 11-ші Үкіметке тағы сенім артты. Бұл – Үкіметтің екі жылға жуық қызметіне берілген баға.

Бет қатталып жатқанда: Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Жаңа құрамда жаңарған екі министр ғана. Атап айтқанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Серік Шәпкенов, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев болды. Өзге министрлер орнында қалды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: