Сенбі, 23 қараша, 22:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«14 жыл тасып іштіңіз, тағы шыдай тұрыңыз»: Қызылордада әкімнің сөзі аудан тұрғындарының ашуына тиді

18.08.2023

1244 0

Қызылорда қаласының іргесінде ЦКЗ деп аталатын шағын аудан бар. Бұл жердің тұрғындары құзырлы орындардың табалдырығын әлі тоздырып жүр. Өйткені оларды жол, су мәселесі шаршатқан, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Тұрғындардың сөзінше, олар өзін артта қалған ауылда өмір сүріп жатқандай сезінеді. Бұл ауданда Сарқырама, Сарысу, Ақбастау, Ақбастау-1 сияқты көшелер бар. Су, жарық жайы бәріне ортақ болса, сарысулықтар жол азабын қоса тартып келеді. Сәкен Кеңестаев есімді тұрғын он жылдан бері осында тұрып жатыр.

«Бұрын скважинаның суын ішсек, қазір дарияның суын пайдаланып отырмыз. Ішуге келмейді. Жаздай су жөнді ақпаса да, «Водоканалдың» адамдары «сендер суды ұрлап отырсыңдар, есептеуіш неге айналмайды?» деп өзімізге дүрсе қояды», – деді ол.

Аудан тұрғындары «су бар» деген аты ғана екенін айтады. Өйткені мұнда күндіз сығырайып қана ағады екен. Ал ішетін, тамаққа қажет суды жұрт сатып алуға мәжбүр. 18,5 литрлік бір бөтелкесі 600 теңгеден сатылады. Айсұлу Ибраева екі бөтелкесі екі күнде таусылатынын айтты. Ал одан бетер қинайтыны – жол жайы. Қар, жаңбыр жауған күні Сарысу көшесі батпаққа айналады екен.

«Мектепке баратын балаларға обал. Балшық кешпес үшін маршрутқа дейін көтеріп апарамыз. Өзіміз аяқкиімнің сыртынан целлофан орап, галош киіп аламыз да үлкен жолға жеткесін шешіп қалдырамыз», – деді тағы бір ауыл тұрғыны.

Оның айтуынша, Сарқырама, Ақбастау, Ақбастау-1 көшелеріне тас төселген. «Жоқтан жақсы» деген тұрғындар оған да риза. Бірақ Сарысу көшесі шетте қалған.

«Әкімдік жағалап шаршадым. Жылда «смета дайындалмаған, жоспарға енбеген» деп шығарып салады. Негізі Сарқырама көшесіне жарық, су желісін жүргізген. Шамасы жететіндер содан тартып алып отыр. Өзіміз суды 14 жылдан бері тубдиспансерден (таяу маңда – еск.) тасып жүрміз. Жақында қала әкіміне бардым, сонда Шәменов «14 жыл тасып іштіңіз, тағы шыдай тұрыңыз» деді. Ал қорадағы азын-аулақ малға құдықтан алып береміз», – деді Гүлнұр Молдақожаева.

Гүлнұрдың алты баласы бар, оның бесеуі мектепке барады. Біреуінің мүмкіндігі шектеулі, интернатта оқиды.

«Судың түрі – анау, бәрін жуындыру оңай емес. Жауынды күндері есіктің алды иленгенде сабаққа бармай қалатын да кездері болады. Алтауына аяқ киім шақ келмейді. Ойын алаңын армандамай-ақ қойдық», – деді көпбалалы ана.

Айзада Жүсіпбекованың төрт немересі – оқушы. Ол да көршілері сияқты «көп жоқтың» кесірін көріп отыр. Ал Рита Ізімбетова «су, жарыққа жарымасақ та ақшасын сұрап келгенде бәледей» деп ашуға булықты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: