Қазақстан жұртын толғандырған мәселенің бірі – әйелдердің зейнет жасы. Жыл сайын 6 айдан қосылып келе жатқан жүйе бойынша бірте-бірте әйелдердің де зейнеткерлікке шығу жасын 63-ке дейін, яғни ерлермен теңестіру көзделген болатын. Саналы ғұмырын еңбекпен қатар бала тәрбиесіне, отбасы шаруасына арнайтын әйел-аналарға ерлермен бірдей зейнетке шығу оңай емес. Бұл мәселе қоғам талқысына түссе де бірнеше жыл бойы 6 айдан қосу үрдісі жалғасып келген. Мемлекет басшысы әйел-аналарды 61 жаста зейнеткерлікке шығаруды ұсынған. Бұдан бөлек жас шеңберін 29 дан 35-ке дейін ұлғайту мәселесі көтерілген. Екі мәселе де Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қаралды.
Алдымен жастар жайын қозғайық. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Депутат Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіруге және жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шеңберін 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзетулер енгізді, бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, оптимизмді, ертеңгі күнге деген сенімділік сезімін нығайтуға мүмкіндік береді. «Жастардың әлеуметтік қызметтері» және «уақытша тұрақсыз жастар» ұғымдары нақтыланады», – деді депутат Жәмилә Нұрманбетова Мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 61 жас деңгейінде бекіту, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еседен 55 есеге дейін ұлғайту, еңбек ету қабілетінен айырылған, сондай-ақ асыраушысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемнен шегерім мөлшерін 55 еседен азайту туралы болып отыр. Сондай-ақ ЕТЖ өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін азайтуды болдырмау мақсатында ең төменгі жалақы мөлшерінің 50%-на дейін, сондай-ақ жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді есептеу үшін алмастыру коэффициентін түзету мәселелері зерделенді.
«Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді», – деп толықтырды Жәмилә Нұрманбетова.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!