Сенбі, 20 сәуiр, 10:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Әкімдер не дейді?

07.08.2021

923 0

Күнтізбе парағының жартысынан көбін қайырдық. Яғни бір жылдың тең жартысынан асқанымызға да айдан асыпты. Әрбір адам әр күніне есеп береді деп есептесек, «Бір ауылдың жүгін арқалаған ауыл әкімдері жарты жылда не бітірді?» деген сұраққа жауап іздеу заңдылық. Осы орайда қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдері арасында сауалнама жүргіздік…

1. Жарты жылдың жетістігі қандай?

2. Алты айда шешімін таппаған мәселе?

3. Ауылдағы кәсіптің қарқыны?

Сәкен Әбдіжаппар, Қызылөзек ауылдық округі әкімі

«Ауыз су мәселесі толық шешілді»

1. Биыл  ауылдық округтің бюджеті 67 млн 740 мың теңгені құрап отыр. Ал жергілікті салық түсімі 5 млн 804 мың теңгеге жоспарланып,  есепті мерзімде 5 млн 546 мың теңге салық жиналды.

Бүгінде Қызылөзекте коммуналдық сала бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бөлінген 4 млн теңге қаражатқа Айнакөл және Ш.Ибраева көшелерінің жалғасына түнгі жарық бағаналары орнатылды. Елді мекендердегі барлығы 19,4 шақырымды құрайтын 18 көшенің 9 көшесіне орташа жөндеу, 4 көшеге ағымдағы жөндеу және кіре беріс жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде 5 көшені орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінімге ұсынылды. Қараөзек және Айнакөл елді мекендерінде 2013-2014 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болса, Қараөзек стансасында 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жаңадан ауыз су желісі мен ауыз су қоймасы салынып, ауылдық округте ауыз сумен қамту мәселесі  толық шешімін тапты. Дегенмен биыл аяқ су тапшылығы орын алды. Осыған орай ауыл әкімі аппаратының теңгеріміндегі СНП-500/10 маркалы насосты қондырғысы «Қараөзек» дариясына орнатылды. Қазіргі уақытта Қараөзек елді мекеніне аяқ су тұрақты берілуде. Сонымен қатар демеушілер есебінен жерасты суын пайдаланып, орталық көшеге аяқ су беретін 2 дана баспа құдық орнатылды. Ал Айнакөл ауылы тұрғындарының өтінішіне сәйкес, қала әкімдігінен бөлінген жаңа СНП-500/10 дизельдік насос қондырғысы Сырдария өзеніне құрылып, Сауранбай каналы арқылы Айнакөл ауылына аяқ су беріліп отыр.

2. Қызылөзек ауылдық округінде алдағы уақытта әлі де талай іс атқарылмақ. Ауыл көшелерін жөндеу өз кезегінде жалғасын таба бермек. Сондай-ақ округке кіре беріс жол бойында орналасқан «Қожақ» автомобиль  көпірінде апаттық жағдай қалыптасуына байланысты өткен жылы көпірді күрделі жөндеу жұмысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 5 млн 211 мың теңге қаражат қаралған болатын. Соған сәйкес жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, үстіміздегі жылы аталған көпірді күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен тиісті қаражат бөлу жөнінде бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен бірге Қызылөзек ауылдық округінен спорттық жаттығу алаңының құрылысын салу мақсатында 6 млн 996 мың теңге бөлу жөнінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім ұсынылып, қаражат бөлінуі күтілуде.

3. Ауылдық округ тұрғындарына шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, қолдау көрсету арқылы кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Жыл басынан бері 5 азамат кәсібін бастап, бүгінде барлық тіркелген кәсіпкерлік нысандары 136-ны құрап отыр. Оның ішінде 1 ЖШС тігін тігумен, 3 шаруа ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері егін шаруашылығымен, 34 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, 98 жеке кәсіпкерлер сауда-саттық, тасымал, мал бордақылау, асхана, монша, шаштараз және басқа да әртүрлі кәсіппен айналысуда. Елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың қоғамдық рейтингісін анықтау ережесіне сәйкес, «Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында өсу динамикасына қол жеткізгені үшін» деген арнайы марапатқа Қызылөзек ауыл әкімі екі жыл қатарынан ие болып келеді. 

Мәмбетәлі Ақмырзаев, Ақсуат ауылдық округінің әкімі

«Ақсуатқа газ келеді»

1. Қазіргі кезде Ақсуат ауылдық округінің сегіз мыңнан астам тұрғыны бар. Оның басым көпшілігі Ж.Махамбетов ауылында тұрады. Сондай-ақ жыл өткен сайын «Наурыз» шағын ауданы да кеңейіп келеді. Бүгінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, округтегі жұмыссыздық мәселесін жою басты орында. Жыл басынан бері тұрақты жұмысқа 40, ақылы қоғамдық жұмысқа 42, әлеуметтік жұмысқа 10 адам орналасты. Ауылда келелі жұмыстар қарқынды жүзеге асуда. Атап айтсақ, 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген 120 орындық «Асыл-Ай» бөбекжайына    2020 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Оған балабақшаға қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар  сатып алынды. Сөйтіп жыл басында аталған нысан пайдалануға беріліп жұмыс істеуде. Үстіміздегі жылы ауыл орталығынан спорт кешені құрылысына жер белгіленіп, «Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры типтік жобадағы спорт кешені құрылысын салуды жоспарлауда. Ерекше айта кететін жайт биыл ауыл орталығында орналасқан  «Әлі Арыстан» мешіті 300 орындыққа кеңейтіліп салынып, жанынан қосымша балалар білім алатын  30 орындық медресе  мен 300 орындық асхана ғимараты құрылысы аяқталды.

2. Бүгінде ауылды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету – басты мақсат. Биыл округті табиғи газбен қамту мақсатында құрылысын бастауға  500 млн теңге бөлінді.  Осылайша Ж.Махамбетов ауылына дейін жоғары қысымды газ құбырын, Ж.Махамбетов және  «Наурыз»  шағын ауданына орамішілік газ құбырларын салу 2021-2022 жылдарға жоспарлануда. Сондай-ақ, бүгінде елді мекеннен жаңадан бой көтерген шеткі көшелерге орналасқан үйлерге қосымша электр желілерін тарту мақсатында  20,842 шақырым болатын 14 көшеге жалпы құны 2,5 млн теңгеге жоба сметалық құжаттары әзірленді. Сонымен қатар 5 көшені түнгі жарықпен қамту мақсатында жоба сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім жолданды. 

3. Қазіргі кезде ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашып, берекелі тірлік етуде. Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдауының арқасында округте 322 кәсіпкерлік нысан тіркеліп,  бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 34 кәсіпкерге артты. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясына 5 млн теңгені құрайтын бір жоба қаржыландырылды. Қазіргі кезде ауылдық округтегі «Алдан», «Қайрат», «Самат» «Тағайбек» және «Әділет» шаруа қожалықтары бірігіп, 305 гектар жерге күріш екті. Сонымен қатар қала мен ауыл тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында  «КазАгроМир» ЖШС мекемесі 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, қияр егіп, жергілікті нарыққа ұсынуда.

Нұрсұлтан Алмас, Қызылжарма ауылдық округі әкімінің орынбасары

«Жылдан-жылға жарқырап келеді»

1. Қызылжарма қалаға қарасты ауылдық округтер арасында «көгілдір отын» игілігін көріп отырған бірден-бір елді мекен. 2015 жылы ауыл түгелдей газбен қамтылды. 2021 жылдың 6 айында ауылдық округтің бюджеті 4 млн-нан аса қаржыны құрады. Жылдан-жылға ауылда жарық мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Атап айтар болсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп №26 көшеге тас төселді. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа көшелерге көрсеткіш (көше атаулары) белгілері орнатылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде округтегі «Новая» көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылуда. Бүгінде қала мен ауыл арасында қоғамдық көліктер үздіксіз, тұрақты түрде қатынап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес елді мекендегі шет аймақтарға да қоғамдық көлік жүргізілуде.

2. Алдағы уақытта Қызылжарма ауылдық округі бойынша жалпы ұзындығы 43,6 шақырымды құрайтын 69 көшеге электр желілерін тарту қажет. Осы мақсатта жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 19,2 млн теңге қаржыны талап етеді. Себебі ауылдың шет аймағы болып табылатын Қызылжарма 1, 2 тұрғын ауданындағы тұрғындар өз бетінше  электр қуатын жүргізіп пайдалануда. Бұл электр желілері төмен әрі белгіленген талаптан тыс орналасуына байланысты балалар мен тұрғындарға қауіп төндіруде және тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсуде. Осы  аумақтарға талапқа сай электр энергиясы жүргізілсе, округтің электр қуаты мәселесі толықтай шешімін табады. Сонымен қатар ауылдағы көшелерді жөндеу мәселесі басты назарда. Мәселен, Меңлібаев, Сайлыбаев, Сыздықов, Алимов, №61, №13 көшелеріне орташа жол жөндеу мақсатында жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облытық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылды. Аталған көшелер округтегі әлеуметтік нысандармен мектепке қарама-қарсы  тікелей орналасқан. Сондықтан бұл көшелерді бірінші кезекте жөндеуден өткізу маңызды. Өйткені мектепке оқушылар мен ата-аналардың басым бөлігі осы көшелермен қатынайды. Сондай-ақ ауылға спорт және ойын алаңдарын салу, Р.Батырбаев 2А көпқабатты тұрғын үйді кәріз су желісіне  қосу мәселелері де өз кезегін күтіп тұр.

3. Ауылда мемлекеттік бағдарламалар  аясында шағын кәсіп ашып, өз ісін дамытып отырған азаматтар жетерлік. Жыл басында 304 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, қазіргі кезде 320 бірлікті құрайды. Яғни жаңадан 16 кәсіпкерлік нысан  ашылып, 45 адам жұмыспен қамтылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 20 млн теңгені құрайтын 2 жоба құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында «Микробизнес-Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымы» арқылы  36 млн теңгені құрайтын 3 жоба (көлік жуу орталығы және  блок шығаратын цехын ашу мен «Лаваш» өнімдерін шығаратын цехы) қаржыландыруды күтуде. Сондай-ақ «Байменова» наубайханасы тамыз айында жұмысын бастамақ. Осылайша 6-7 ауыл тұрғынын жұмыспен  қамтылмақ.

Сейдуали Әбдіқадыров,  Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі

«Берекелі істің бастауы»

1. Қосшыңырау ауылдық округі  тұрғындары тарапынан  бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің бірі – «көгілдір отын» жайы. Биыл осы мақсатта жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға облыстық бюджеттен 11 млн 688 мың теңге қаржы қаралды. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекеме анықталып, жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталуда. Абай ауылына кіреберіс жолға үнемделген қаржы есебінен 6 жарық бағанасы орнатылып, іске қосылды. Жыл соңына дейін Досан елді мекеніндегі  №1 және 17 көшелеріне жарық бағаналары орнатылмақ.

2. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында округ бойынша 5 көшеге, оның ішінде Абай ауылындағы №1, №5, «Қырман» көшесіне және Досан елді мекеніндегі №1, №9Б көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Сонымен қатар Абай ауылындағы балалар ойын алаңдары мен әкімшілік ғимаратын темір шарбақтармен қоршау жоспарлануда.

3. Ауылда ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірде егіншілікті ілгерілетудің тың жолдары қарастырылған. Әсіресе, төрт түлік шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағыт ұсталуда. Бұған халықтың бетбұрыс жасап отырғаны байқалады. Қазіргі кезде ауылда 161 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  тіркелген кәсіпкерлік нысан 7 процентке артқан. Мұндағы ауыл тұрғындарының басым бөлігінің табыс көзі – мал және егін шаруашылығы. Осы бағытта несие серіктестіктерінен округ бойынша жыл басынан бері 43,7 млн теңге қаржыны құрайтын  8 жоба қаржыландырылды.  Оған 45 бас мүйізді ірі қара, 29 жылқы, сатып алынып, округтегі мүйізді ірі қара, мал саны 4875, жылқы 2637 басқа жетті. Сондай-ақ жалпы құны 26,2 млн теңге қаржыны құрайтын 5 жобаның құжаттары несие серіктестіктеріне өткізіліп, қаржы күтілуде.

Дайындаған: Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: