Дүйсенбі, 24 қаңтар, 19:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6 (1811)
22.01.2022
PDF мұрағаты

Әскерден неге қаштың, бала батыр?

29.05.2021

875 0

Тәуелсіз Қазақстанның айбары әскери қарулы күштер құрамы екені әмбеге аян. Өскелең ұрпақ әскерге барып, Отан алдындағы қасиетті парызын өтеуге ұмтылуы үшін оларға оның маңыздылығын жастайынан түсіндіру қажет. Жауынгер болу жігіттің жігерін жаниды, жауапкершілікке баулиды.

Ел қорғайтын азаматтарымыз барында біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бірлігіміз үстемдік құрмақ. Тәуелсіз елдің кез келген азаматы Отан қорғауға қабілетті, өз елінің патриоты болуы тиіс. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеуді әр азамат парызым деп түсінгені жөн. Мемлекет өр ұландарымен, айбынды жауынгерлерімен мықты. Сондықтан әскер қатарындағы ұландарымызға артылған сенім мен жүктелген жауапкершілік мол. Алайда соңғы уақытта

Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздық танытып, тұра қашатындар қатары көбейіп келеді. Ал мұның себебін әркім әртүрлі айтады. Осы орайда мәселенің мән маңызын жан-жақты зерделеп көрдік. Айтылған ойдың дұрысы мен бұрысын сараптауды оқырман еншісіне қалдырдық.

Әскерге бару – әрбіріміздің борышымыз

– Жасыратыны жоқ, әскерге барудан бас тартатындар бұған дейін де бірнеше мәрте болған. Олардың арасында түрлі себепті сылтау ете­тіндері де кездеседі. Әрине, бұл көңілге күмән келтіреді. Әрбір адамда Отан жалғыз, жүрек жалғыз. Ал соны шынайы сүю, таныммен түсіну рухы мықты жанның ғана қолынан келетін іс. Бүгінгі таңда көк­темгі әскери шақырылымда қаламызда 60 азамат әскер қатарына алынған. Бұл әскери борышын өтеуге тиістердің тек 29,8 процентін ғана құраған. Сонымен қатар әскери борышын өтеуден себепсіз жалтарып жүрген жүз шақты азамат қалалық полиция басқармасының іздеуіне іліккен. Сонымен қатар басқа өңірге қоныс аударған азаматтар да бар екендігі анықталып отыр. Кейбір ата-аналар балаларының тұрғылықты мекен – жайын нақты білмейтіндерін айтуда. Әрине, бұл былай қарағанда түсінуге болатын шығар. Алайда азаматтың жеке басы үшін үлкен ұят нәрсе. Өйткені әскерге барудан жалтарып жүрген жігіт отбасы жауапкершілігін қалай арқалап жүрмек? Әскери қызметке шақыру­дың көктемдегі науқан жұмысы тиісті деңгейде жүргізіліп келеді. Дегенмен әлі де болса жетілдіре түсуді талап етіп отыр. Бұған қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдіктері мен тиісті бөлімдер жүйелі түрде жұмыстар жүргізуде. Әскерге ша­қыру алған азаматтарға іздестіру жұмыстарын әлде де күшейтіп, заңға сәйкес шаралар қабылдауды жүзеге асыруды қолға алмақпыз, – деді қала әкімдігінің аппараттық мәжілісінде өткен жиында қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Руслан Намазбаев.

Иә расымен де бұл бір мекеменің мін­детіндегі іс емес. Бүтін бір ел­дің межелі мақсаты. Өйткені Отан деген ордалы шаңы­рақтың қасиеті мен қорғаны ер азаматтары екені шүбәсіз. Отансүйгіштік сезім отба­сында қалыптасады. Ол өсе келе адам бойына рух беріп, туған жерін қастер тұтып, құрметтеуді үйретеді. Сондықтан сап құрып сарбаз болу – әрбір жігітке жүктелетін жауапкершілік.

Алғашқы әскери дайындық мектептен басталады

– Кейінгі кездері әскери салада қолға алынып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан заңдар жеткілікті. Соның ішінде мектеп қабырғасында оқытылатын ал­ғашқы әскери дайындық пәнінің берер пайдасы орасан. Өйткені әрбір бала болашақта елінің арқасүйер азаматы екенін ұғынып, ұлтына қамқор болуды өзіне міндет тұтады. Қазақ сарбазы деген атқа лайықты қара нардай жігіттер жасық болмауы мектеп жасында берілген тәрбиемен тығыз байланысты. Нәтижесінде әскерге шақырылғанда техникалық білімі бар, тепсе темір үзетін денсаулығы жарамды психологиялық жағы­нан дайын болып тұрады.  Ба­лалардың бойына адамгершілік дәнін сеуіп, рухы мықты етіп тәрбиелеп елін қорғауға жарал-ғанын кішкентайынан құлағына құйып өсіру қажет. Күйбең тір­шілікпен жүрген ата-ана кейде балаларының тамақ режимін дұрыс сақтауына, бос уақытында немен айналысып жүргеніне мән беруді естен шығарып жатады. Мұның соңы баланың тәрбиесіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп жататын жағдайлар. Мектеп қабырғасындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің оқыту жүйесі бүгінде бір қалыпқа түсті. Жастардың жауынгерлік әзірлігі негізінен осы кезеңнен бастау алады. Болашақ Отан қорғаушылардың қарым-қабілеті ал­ғашқы әскери дайындық бары­сында дұрыс қалыптасуы ерекше ескеріледі.

Қаладағы №264 мектеп-ли­цейдің әскери дайындық пәні­нің ұйымдастыруымен түрлі та­қырыптарда әскери спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Сабақ барысында оқушылар түрлі әскери әдістерді, қару қолдануды, тактикалық тәсілдерді үйренеді. Төтенше оқиға кезінде өзін-өзі ұстау, жараланған серіктесіне алғашқы медициналық көмек көрсетуді де меңгеріп шығады. Қазақстан Қарулы Күштердің құрылымымен және әскери жар­ғылармен де бастан-аяқ танысады. «Калашников» автоматының ма­кеті арқылы балалар қаруды қа­лай құрастыру керектігін де үйренеді. Біз ең бастысы болашақ сарбазды сайыпқырандылыққа, дер кезінде шешім қабылдай алатын алғырлыққа баулимыз. Мектеп жасындағы өскелең жас­тардың әскерге баруға деген қызығушылығы зор. Жақында оқушыларым медициналық тек­серуден өтті. Бәрі де шымыр болып шықты. Әскери өмір – те­мірдей тәртіпті ғана емес, отан­сүйгіштікті де қажет ететін орта. Ел басына күн туғанда қолға қару алып, елін-жерін қорғайтын азаматтар осындай патриот ұл­дардан шығады. Ендеше жігіт­теріміз жігерлі, намысы биік, отаншыл сезімі жоғары азаматтар болуына тілектестік білдіріп, сенім артамын, – дейді Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Бекболат Жекенов бізбен әңгімесінде.

Отансүйгіштік сезім отбасында сіңеді

Тақырып төңірегінде қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Сәпен Аңсатов­тың да пікірін білген болатынбыз. Еңбек ардагерінің айтуынша, жас­­тардың рухани әлсіз болуы от­­басындағы тәрбиенің әлсіз­дігінен. Отансүйгіштік сезім ол қа­рапайымдылықтан бастау ала­ды.

– Әскерге бару ұлтына қам­қорлық көрсетіп, азаматтық бо­ры­шын өтеу ерлік деп танимын. Ал Отанды қорғаудан қашқақтау – қорқақтық. Ондай адамға үміт артып, сенім білдірудің өзі ар­тық. Қазақылықтың қаймағы бұ­зылмаған Сыр өңірінде әскерге барғысы келмейтін жастардың қатары көбейіп кетті дегеннің өзі ұят жағдай. Біз жаужүрек ба­тырлардың ұрпағы емеспіз бе? Оларға Отан керек емес болса, Отанға олардың не керегі бар? Бұл бозбалалардың босбелбеулігін білдіреді.

Біздің жас кезімізде әскерге бармау ұят саналатын. Ал бүгінгі жастардың түсінігі басқаша. Көр­ші қалаға барып, бір жыл Отан алдындағы борышын өтеуді қиынсынатындарын түсінбей­мін. Кеңес заманы тұсында атын естіп көрмеген бөгде мем­лекетке де барып 2-3 жылдап әскер қатарында болып келген әкелерінен үлгі алсын. «Ер жігіттен не пайда, қолына қару алмаса, елін, жарын, туғанын дұшпаннан сақтап қалмаса» деген байырғы бабаларымыз. Біздің за­манымыз тыныш, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қолға қару алып, ерлік жасау шарт емес. Ал әскерге бару – әрқайсымыздың Отан алдында­ғы ортақ парызымыз. Бір жыл­дың ішінде әскери тәртіпке төселеді. Күн сайын таңертең сағат 6-да ұйқыдан тұрып, дене шынықтырумен айналысады. Спорт дегеніміз – әскер өмірінің ажырамас бөлігі. Қатардағы жауын­гер таңғы жаттығудан өзге саптық дайындық және басқа да тапсырмаларды орындайды. Әрине, әскери саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі мол. Әс­кери-пат­риоттық тақырыптағы ұрандар ұлтын сүйетін ұл өсіруге ықпал ете алмайды. Жігерлілік азаматтың бойында туа бітті қалыптасып, өсе келе жетілетін руханият шыра­ғы, – дейді ардагер өз сөзінде.

Бұйрық талқыланбайды

– Қай дәуірде болмасын, Отан қорғау әр азаматтың қасиетті борышы. Облыста 2018 жылдан бері «Жас Сарбаз» әскери патриоттық клубы жұмыс жасайды. Мектеп оқушыларына отансүйгіштік тәрбие беріп, түрлі шараларды өткізуге ұйытқы болып келеді. «Мен әскердемін» челенджін қолға алдық. Бейне үндеу арқылы сарбаздар туған жерін, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жатқан бөлімі туралы баяндайды. Жастарды әскерге шақырады. Сондай-ақ әскери техникалық мектептен сар­баздардың жат­тығуын түсірдік. Оқу орын­дарында «Ерлік» сабақ­тары ұйымдастырылуда. Сонымен қа­тар мереке күндері әскери қыз­метшілердің балаларының қатысуымен «Менің атам қа­лай әскери борышын өтеді?» тақырыбында сурет салудан бай­қау болып өтті. Мұның барлығы жас жеткіншектерді әскерге баруға үндейді. Дәрістер жиі оқытылуы керек. Бұл олардың сана-сезімі мен пайымына оң әсер етеді. Әрине, әскерге шақырту алғандардың көбі үйіне жақын маңдағы әскери бөлімде болғысы келеді. Ата-анасынан алысқа ұзап көрмеген бозбалалар шалғайға баруды қаламайды. Бірақ әскери тәртіп орындалуы тиіс. Бұйрық талқыланбайды. Қайда жіберсе сонда барып, әскери борышты өтеу шарт. Аймақ бөлек бол­ғанымен, Отан ортақ, – дейді «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық фи­лиалының жетекшісі Айдос Қожамұратов.

Тілші түйіні

Иә, жалпақ тілмен айтқанда әскери өмір тез ойлануға және оңтайлы сәттерде дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Ол адам өмірінде отбасылық сәттерде аса қажет. Қазір барлық әскери бөлімдер бейнекамералармен қамтамасыз етілген. Сондықтан сарбаз саулығы мен құқығы барынша қорғалған деуге негіз бар. Сондай-ақ бүгінде елімізде азаматтардың әскери борышын өтеуге барлық жағдай жасалған. Азаматтық борышын өтеп келген кейбір отандастарымыз қайтадан әскери қызметке келісім-шарт бойынша еңбек етуге алынып жатыр. Олар әскери өмірдің ыстық-суығына көніп, құрыштай шыңдалған нағыз ерлер. Ал әскер расыменде анау айтқандай қиын болса онда ешкімде бармасы белгілі ғой. Бұдан шығар нәтиже үйде отырып одан-бұдан қорқақтап Отанын қорғаудан қашқақтағаннан бойыңды тік көтеріп барып, ерге тән елін қорғап қайтқан абзалырақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Отанды сүю иманнан». Отан – ол отбасың. Жазылған жайдан ой түю әркімнің өз еншісінде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: