Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ағарғаны үзілмеген қазақпыз…

09.04.2022

1344 0

Бұрын ата-анамыз демалысқа шыққан сайын бізді ауылдағы үлкен үйге апарып тастайтын. Сөйтіп, ала жаздай сол жақта болушы едік. Күнде ағарған ішіп, ыстық нанға сары май жағып, оны қантпен қосып жеудің өзі не тұрады, шіркін…

Балалық шағымыз осылай қызықты өтті. Таң атқаннан қара кешке дейін үй көрмей ойнаушы едік. Сонда ата-әжеміз бізді «ойын баласы ғой» деп тоқтатпайтын. Сол үшін жыл сайын ауылға баруға құмартып, жазды асыға күтетінбіз. Өйткені онда асыр сап ойнап, демалыстың қалай өткенін білмей қаламыз.

Есімізден кетпейтін тағы бір көрініс бар. Қашанда ауыл дәмінің орны ерекше. Түсіне білгенге адам денсаулығына пайдасы зор. Мәселен, тоқсан ауруға ем  ағарғанның орны бөлек. Кезінде ата-бабамыз түйенің шұбатын, жылқының қымызын, сиырдың айранын, ешкінің сүтін ішіп ұзақ өмір сүрген. Оның құрамындағы құнарлылықты осыдан-ақ аңға­руға болады. Медицина тілімен айтқанда ағарған ағзаға өте пайдалы. Себебі дәрумендер иммундық жүйені нығайтуға мол мүмкіндік береді.

Бала күнімізде атам үнемі қазақ батырларының күштілігі туралы жиі айтатын. Олар бір қойдың етін сүт пісірім уақытта бір өзі тауыса алатын алып адамдар екенін мысал етті. Ал қазір ағарған ішпейтіндер көп. Бүгінде жастар оның орнын газды сусынмен алмастырған. Дегенмен медицина олардың адам денсаулығына кері әсері бар екенін дәлелдеуде. Мәселен, науқас адам сауығу үшін түрлі дәрілерді қабылдайды. Олар ішек қызметін бұзып, қарын түктерін қабындырады. Салдары асқазан ауруына алып келеді. Ал дәрігерлер дәріні ішкеннен кейін айран, қымыз, сүт ішсе тез жазылуына септігі тиетінін айтады.

Қазіргі кезде барлық адам семіздікпен күресуде. Артық сал­мақтан арылудың жолын іздеп түрлі диетаға отырған жандарды да көз көріп жүр. Осыған орай диетологтар толықпын деп шағымданғандарға ағарғанды ұсынуда. Оның құрамы күрделі болғанымен артық салмақтан арылтуға өте белсенді. Сонымен қатар ауыр және майлы та­ғамдардан кейін айран ішу көп калорияны жойып, семіздікке апармайды екен.

– Ағарған деген құт қой. Мейлінше дастарханнан үзбеге­німіз абзал. Әсіресе, осы көктем мезгілінде ағзаға ағарғанның пайдасы мол. Қазір немереме айран берсем, келіндер йогурт береді. Сондай-ақ бүгінгі балалар қолдың сүтінен гөрі дүкеннің сүтіне құмар. Жасыратын несі бар, оның иісі алыстан жүрегімді айнытады. Ағарғанға қант қосып берсе одан асқан қандай пай­далы тағам бар? Мұны балаға күнделікті ішкізсең денсаулығы мықты болады. Өзі­міз кезінде ұл-қызымызды қолдың сүтін беріп өсірдік. Сол кезде тіпті, ауру-сырқауды білмеуші едік. Осының барлығы сапалы асымыздың, ұлттық сусынымыздың арқасы. Мұны әрбір келін, әрбір ана білу керек, – деді көпбалалы ана Анар Жансейітова.

Сонымен қатар ертеректе әжелеріміз шашын ағарғанмен жуса керек. Сондықтан да ол кездері бас терісінің құрғауы, қайызғақ, жансызданған шаш сияқты мәселелер кездеспеген. Керісінше, нәрлендіріп, жылты­рауына, тез өсуіне ықпалын тигізген. Байқасаңыз, көп адам ағарғанды оның ішінде айран мен қымызды астан кейін немесе ұйықтар алдында ішеді. Мұның да өзіндік сыры бар. Айран адамның жүйке жүйесіне оң әсер етсе, қымыз асты тез қорытады. Сондай-ақ олар ұйқысыздықтың алдын алып, мазасыздықты емдейді.

Соңғы жылдары күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүріп, осындай пайдасы зор тағамдарды емес, тез дайындалатын дүние­лерге үйір болып алдық. Соның салдарынан түрлі аурулар шы­ғып, ол дүниелер адам өміріне зиянын тигізуде. Бұрын апамыз «Ағарған іш» деп отырушы еді. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр екен ғой. Сонымен қатар «Ақ мол болсын!» деген тілек те тектен-текке айтылмаса керек. Көп тағамның дәмін арттырып, тәбетіңді ашатын ағарғанның пайдасы көп. Сондықтан да оны дастарханнан үзбеуіміз қажет.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: