Сенбі, 20 сәуiр, 12:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Тегін жер: Қашан? Қалай? Қайдан?

19.04.2022

1125 0

Наурыздан бастап Қазақстанның электронды үкімет порталында жеке­меншік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға кезекке тұру қызметі іске қосылды. Енді қазақстандықтар үй салуға арналған жер алуға кезекке тұрып, оның қозғалысын онлайн бақылай алады. Бұл қызмет қосыла салысымен жер алуға өтініш беру­шілер қатары артты. Бүгін сол мемлекеттен берілетін «тегін жер­ді» қалай, қашан және қайдан алуға болатыны туралы сөз қозғамақпыз.

Бұған дейін тұрғын үй салуға арналған мемлекеттен берілетін жерді алу үшін тұрғындар жергілікті әкімдікке баруға мәжбүр еді. Оның үстіне жер кезегінде нешінші болып тұрғанын білу де біраз әбі­герге салатын. EGov-тағы жаңа функцияның қосылуы істі жеңілдетіп, үйден шық­пай-ақ бар ақпаратты алуға мүмкіндік сыйлады. Десе де бұл функция қосылған тұста халық арасында тегін жер таратылып жат­қандығы туралы ақпарат ағылды. Осыған байланысты мемлекеттен жер алу мәселесін тереңірек зерттеп көрдік.

Ең алдымен мемлекеттен тегін бері­летін 10 сотық жердің жаңа бағдарлама еместігін назарға алған жөн. Яғни бұл кеше басталған іс емес. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 50 бабында көрсетілгендей, жер учаске­лері Қазақстан Республикасының аза­маттарына жекеменшікке, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшiн 0,10 гектар мөлшерде беріледі.

Сонымен қатар мемлекеттен тегін жер алу үшін оның үйі, пәтері, саяжайы немесе гаражы болуы маңызды емес. Алайда азамат тұрғын үйді қолданысқа беру жөнінде актіге қол қойылған соң ғана жер телімінің иесі атанады. Бұл жерді сатып жіберуге белгілі бір қиындық туғызады. Сондай-ақ жер телімі бір адамға тек бір рет тегін беріледі.

Мемлекеттен тегін 10 сотық жер алу кезінде тек тұрғылықты жерде ғана ала аласыз деген қауесет те тарады. Алайда мұның жалған екенін білген абзал. Мәселен, сіз электронды үкімет арқылы бірнеше облыстан, бірнеше ауданнан жер алуға тіркеле аласыз. Мысалы, қызылордалық тұрғын кезегі келсе Алматыдан жер ала алады. Бұл жерде ең бірінші қай аймақтағы кезегіңіз бірінші келетіні маңызды рөл атқарады. Сіздің кезегіңіз келгенде өзге аймақтағы өтініштеріңіз автоматты түрде алынып тасталады.

Айта кетерлігі, жекеменшік тұрғын үй салуға арналған жер телімін мега­полистерден алуға мүмкіндік жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтанда жер кезегіне тұру 2007 жылдан бастап, ал Алматыда 2006 жылдан бастап мүмкін емес. 2022 жылғы жағдай бойынша Шымкент қаласында да бос жер жоқ.

Сонымен қатар көпшілік кезегі кел­ген кезде жер автоматты түрде өзінің атына жазылады деп ойлайды. Алайда үй салынып, қолданысқа берілгенше жер телімі уақытша өтеулі пайдалану құқығымен ғана беріледі. Келісімшартта жерге иелік ету мерзімі көрсетіледі (көп жағдайда 3 жыл). Оны әкімдік бекітеді. Тұрғын үйді қолданысқа беру туралы актіге қол қойылған соң ғана азамат жер иесі атанады.

Жерді бірден сатып жіберу де мүмкін емес. Өйткені үй салынбайынша сізге меншік құқығы берілмейді, яғни ол жер әлі мемлекеттікі болып саналады. Одан бөлек заң бойынша келісімшартта көрсетілген мерзімде жер мақсатты қолданылмаса, мемлекет қорына қай­тарылады. Ал жерді алған азаматқа айыппұл салынады. 

Сондай-ақ жердің нақты қанша уа­қытта берілетіні белгісіз. Барлығы өтініш берілген аймақта дайындалған жер санына және қордың жылдам толықты­рылуына байланысты. Жер телімі инфра­құрылым желісімен қамтамасыз етілуі керек, бірақ мұндай жерлер аз. Сонымен қатар кезекке де байланысты. Егер аймақта жер телімі  сұранысқа ие болса, ұзағырақ күту қажет болады.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: