Жалпыұлттық коалиция өкілдері Қызылорда облысы, Арал ауданында бірқатар кездесулер өткізіп, әртүрлі сала өкілдеріне жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Іс-шараларда тұрғындар пікірлерін білдіріп, өз сұрақтарына жауап алды.

Сапар барысында коалиция мүшелері алдымен «Қарашалаң балық» ЖШС ұжымымен кездесіп, Конституция жобасындағы өзгерістер мен олардың қоғам мен экономикаға ықпалы жөнінде түсініктеме берді. Аумақтық коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов президенттік бастамалардың мақсаты – әділетті қоғамды қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халық үнін ескеретін мемлекеттің қағидаттарын бекіту екенін атап өтті. Ол ұсынылып отырған құжат билік тармақтарының тепе-теңдігі мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерін нығайтады деп мәлімдеді.

«Руханият» орталығында спорт саласының өкілдерімен өткен кездесуде конституциялық реформалардың елдің дамуы үшін стратегиялық маңызы талқыланды. Коалиция мүшесі Дәуренбек Мадинов Конституциялық өзгерістер мемлекет басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының теңгерімін нығайту және азаматтардың мемлекеттік іске қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын жеткізді. Кездесуде жастардың дамуына жағдай жасау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты қолдау жаңа Конституцияда мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде қарастырылғаны атап өтілді.

Арал қаласының активімен өткен жиында коалиция өкілдері Конституция жобасының негізгі қағидаттарын түсіндіріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған нормалардың маңызын атап өтті. Коалиция мүшесі Арғынбай Асанбаев жаңа Конституцияның басты мақсаты – азаматтық құқықтарды қорғау екенін жеткізді.

Білім саласы қызметкерлерімен өткен кездесуде Конституция жобасының білім беру жүйесіне қатысты маңызды бағыттары талқыланды. Коалиция мүшесі Нұрсәуле Ембергенова педагог мамандығын қолдауға арналған нормалардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бастауыш және орта білім берудің міндетті болуы және оны мемлекеттік оқу орындарында алу кепілдігінің Конституцияда бекітілуі білім беру жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, педагог мамандығының әлеуметтік мәртебесін арттыруға ықпал етеді.

Жалпы аудандағы сапар барысында коалиция өкілдері тұрғындарды референдумға белсенді қатысуға шақырды және Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстырды.


Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
