Бейсенбі, 09 мамыр, 11:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Ауаға шынымен у шаша ма?

17.08.2021

1009 0

Бүгінде қаншама адам өмірмен алысып, тіршіліктің қадірін түсініп жатқанда кей азамат әлеуметтік желіде негізсіз ақпарат таратып, халықты шатастыруда. Әсіресе, коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігіне күмән мен індеттің таралу себебіне қатысты жалған ақпарат әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Мұндай негізсіз мәліметтер тұрғындар арасында вакциналау жұмысын кешеуілдетумен қатар, індет қауіпін жете сезінуге кедергі келтіруде. Соның ішінде құлаққа ерсі, ойға қонымсыз ақпараттың бірі – «аспанға ұшақпен у шашады екен» деген жалған мәлімет.

Әрине, мұндай әңгімеге салқынқанды ойлай алатын азаматтардың нанбасы белгілі. Алайда ақ пен қараны аңдамайтын кейбір тұрғындар жалған ақпаратқа алданып, тіпті әлеуметтік желіде кеңінен таратып келеді. Өкінішке орай сондай қате ақпардың арбауына түсіп, астар іздеген тұрғындар арасында қарапайым халықпен қатар, кейбір денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де бар. Сондықтан «ел жатқанда жатпаған» ұшақтың мәнісін іздеп көрелік.

Жалпыхалықтық науқан басталарда міндетті түрде қарсы немесе бұра тартатын топтың болары анық. Ол – қай заманнан бар үрдіс. Себебі әр адамның ойлауы, таным-түсінігі, қабылдау деңгейі әрқилы. Оның үстіне бүгінде теріс ақпараттың өзі вирустан кем түспейді. Қарсы тұрар ақыл, ой-сүзгісі болмаса, дегеніне көндіріп, қалағанын ұқтырады. Індет алғаш пайда болғанда да, емі табылып, вакциналау басталған тұста да осындай топ пайда болды. Әуелгіде «уақытша дерт», «әлемдік биліктің жоспары» деген санаға қонбас сандырақты айтқан жұрт уақыт өте кінәні мемлекетке аударып, ауруды қолдан жасады деп күдіктенді. Вакцинаның өзі-нен қате тапқан, зиянын дәлелдеуге тырысқан жалған мәліметтің өзі біртөбе. Кейіннен тіпті «түнгі сағат 12-де аспанға ұшақпен у себеді екен. Терезені ашпаңыздар» деген жалған ақпар таратты.

Таңқаларлығы, «көзбен көрген», «тікелей естігендер» көбейді. Бірі егістіктегі ұшақты бейнежазбаға түсіріп, «ұшақпен не шашатыны белгісіз» деп дүрліктірсе, енді бірі «танысым айттыға» салып қоғамдық пікірді теңселтті. Сондықтан халық біраз уақыт кімге сенерін білмей, сенделгені бар. Алайда іле-шала құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының мамандары тексеру жүргізіп, бейнежазбадағы ұшақ шашқан химиялық қоспа егістікті зиянкестерден арылтуға арналған сұйықтық екенін анықтады. Ал «танысынан» естіген тұрғын жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім де сұрады.

Әрине, әрбір азамат – өз пікірі мен көзқарасының қожасы. Оған конституцияда кеңшілік берілген. Алайда төтенше жағдай мен ел басына күн туғанда жалған, негізсіз ақпаратты қоғамдық көзқарасқа айналдыруға талпыну – қылмыстық әрекет. Себебі өз елінде ғана емес, әлем бойынша миллиондаған адам көз жұмып, қаншама шаңырақ қара жамылған сәтте көңіл көтеру, қызық қуу ниетімен жалған ақпар таратудың жөні жоқ.

Көңілге күмән ұяласа, денсаулық сақтау ұйымдарының ресми сайты мен әлеуметтік желілері арқылы тіке-лей сауал жолдауға болады. Тіпті мамандар халық арасындағы сұрақтар шеңберінде апта сайын БАҚ-та мақала жариялап, сұхбаттар мен ақпарат беру арқылы ғылыми негізде жауап қайтарып келеді емес пе?! Дәл осы «аспанға ұшақпен у шашады» деген мәліметті мамандар қаншама рет жоққа шығарып, дәлелдеуде. Мәселен, аталған ақпарға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова да нақты жауап қайтарған болатын.

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай отыр. Әсіресе, осындай күрделі кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабар-ламалар көптеп тарауда. Қазақстан заңнамасына сәйкес фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Осы ретте тұрғындардан жалған ақпаратқа сенбей, тек ресми дереккөзге жүгінулерін сұраймыз. Барлық расталған ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан, департаментіміздің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болатынын жеткізгім келеді, – деді сала маманы.

Расында, індетке қарсы әрбір жалған ақпарат адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шы-ғармаған абзал. Мысалы, вакцина туралы жалған ақпараттың салдарынан Қазақстандағы екпе жұмысы тежеліп, індет жұқтыру саны көбейді. Сондықтан азаматтық, адамдық міндет шындыққа тура қарау, әділдік жағында болу, өзгеге зиян тигізбеу екені анық.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: