Бейсенбі, 21 қараша, 23:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

«Ауыл – ел бесігі»: Ел еңсесін тіктей ме?

24.01.2023

1130 0

«Ауыл – ел бесігі» – ауыл экономикасын көтеруді мақсат еткен бағдарлама. Жалпы ауылға жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Дегенмен атқарылатын істен, атқарылар жұмыс көп десек те болады. Себебі ауылдардың мәселесі аз емес.

Ауылдың суы, жолы, жарығы, отын-суы аудан, қаламен салыстырғанда сапасы жағынан төмен болатыны жасырын емес. Тіпті ауыл экономикасы да артта қалып барады. Ауылда жұмыс болмаған соң, қалада пәтер жалдап қара жұмысқа жалданатындар, өзге қалалардан, құры­лыстардан күнкөріс қамымен жүрген де ауыл тұрғындары. Ауылдықтарға жұмыс көзін табу да үлкен мәселе. Себебі қайсыбір ауылда болмасын шағын жылыжайлар мен фермалар жоқтың қасы. Өз күнін өзі көрген ауыл тұрғындарының бүгінгі тірлігі ерлікке тең десек артық айтқандық емес. Шын мәнінде ел экономикасын көтеретінде елді азық-түлікпен, өніммен қамтамасыз ету де ауылдан басталуы тиіс. Ол үшін ауылға жағдай жасалу керек екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға септігін тигізуде. Әлі де бұл жобадан күтер жақсылық көп.

Айта кетелік, бұл жобаны жүзеге асыруға биыл ел үкіметінен 143 млрд теңге қаржы бөлінді. Демек, ауылдарға серпін сыйлар жобалар жүзеге асады деген сөз.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, республикада 6293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2022 жылдары 326 млрд теңгеге 3,7 мың жоба жүзеге асқан. Бұл тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы 334 нысанды, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын (білім беру, денсаулық сақтау, спорт және 2 мыңнан астам  ауыл ішіндегі жолдар салынып және жөнделген. Биыл да бөлінген қаржы аз емес. Атап айтқанда, биыл республика бойынша 736 ауылда 143 млрд теңгеге тағы 1,5 мың жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Оның ішінде 119 жоба ТКШ саласында, 275 жоба әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде, сондай-ақ 11 мың жоба ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту бойынша іске асырылмақ.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асу барысы жуырда Үкімет отырысында талқы­ланған еді. Үкімет басшысы 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланғанын атап өтті.

«Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар» , – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, 2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеу­меттік, мәдениет және спорт нысандары салынбақ.

Аталған жоба Сыр еліне қандай серпін берді дегенге келейік. «Ауыл – ел бесігі» жобасы басталғалы бері 3 жыл ішінде (2019-2021) аймақта құны 11 млрд теңгеден асатын 173 инвестициялық жоба жүзеге асқан.

Өткен жылы жоба аясында облысымыздың 31 ауылдық елді мекенінде 52 инвестициялық жобаны іске асыруға республикалық бюжеттен 7,5 млрд теңгеге жуық қаржы қа­ралған. Нәтижесінде Қармақшы ауданы Жосалы және Ақай елді мекендеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру ке­шендері, Қызылорда қаласындағы Қарауылтөбе, Талсуат елді мекендерінде ауылдық клуб салынуда. Сондай-ақ Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылындағы орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Ал спорт саласы бойынша 11 жоба жүзеге асып, 2021 жылдан бері 5 денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің құрылысын аяқтау, жаңадан 4 кешен салу, 2 спорт кешені жөндеуден өткен. Бұл жоба өткен жылы 3 ауылдық елді мекенге жаңа клуб сыйласа, 2 ауылдың клубы күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар Жаңақорған кен­тінде жарық желілері жаңарып, аймақта 3 елді мекеннің 1045 тұрғын үйі «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 7 елді мекеннің көшелері жөнделіп, 17 әлеуметтік нысанның қазандығы «көгілдір отынға» ауыстырылған.

Биыл Қызылорда облысы бойынша «Ауыл –

ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,6 млрд теңге қаржы бөлініп, 159 жоба жүзе­ге аспақ. Жоба аясында Қазалы ауданы Қ.Пірімов ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ Ақжол ауылында спорт кешенінің құрылысын аяқтау, Шиелі ауданындағы Көкшоқы шағын ауданындағы спорт кешені ашық алаңын күрделі жөндеуден өтпек. Сонымен қатар Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылдық округіндегі ауылдық клубты күрделі жөндеуге және 4 ауылдық елді мекен­нің ауруханаларын жөндеу, ауыл ішіндегі көшелерді жөн­деу жүзеге аспақ. Бұдан бөлек тағы да 41 жобаның құжа­ты әзірленіп, тиісті министрлікке бюджеттік өтінімдер ұсынылуда.

Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдардың жоғы түгенделіп, «жыртығы жамалып» қалатыны анық. Ең бастысы, бөлінген қаржы нәтиежісін ауыл халқы сезініп, оқтаудай түзу көшелер, ел игілігіне пайдаланар еңселі ғимараттар салынса жобаның өз мақсатына жеткені.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: