Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ажырасу мәселенің шешімі ме?

12.07.2022

1904 0

Ажырасу… Бір ғана сөз көптеген ұйыған отбасының тағдырын бір сәтте басқа арнаға бұрып жібереді. Өкініштісі, шайқалған шаңырақтың зардабын бүлдіршіндердің тартатыны.

Қазіргі таңда «кеше үйленіп еді ғой, бір жылға толмай ажырасып кетіпті», «пәленшенің қызы ажырасып, қайтып келіп отыр» немесе «Түгеншенің келіні кетіп қалыпты» деген сөздерді жиі естиміз. Қоғамды дендеген бұл дерт елімізде соңғы жылдары тым көбейіп барады.

Статистика сыры

Қаламыздағы АХАТ бөліміне барсаңыз, ерекше күйге енгендей боласыз. Тіптен, көз алдыңызға бір-біріне мәңгілік бірге болуға серт беріп, ақ некесін қидырып жатқан жас жұбайлар елестейді. Расында, бұл мекемеден талай жандар жаңа өмірге аяқ басу үшін некеге тұрып, уәделерін  берді. Дегенмен сол қуанышты жағдай соңы өкінішке ұласып жатқандар бар. Әттеген-айы, бұл мекеменің есігін қайта ашып, ажырасуға арыз жазатындар көбейе түскені. Мәселен, осы жылдың шілде айына дейін 1199 неке қию тіркелсе, олардың 150-нің шаңырағы шайқалған.

Ал қалалық соттың берген мәліметіне сүйен­сек, 2021 жылы 1677 отбасы ажырасуға өтініш берсе, 926 отбасыға шешім қабылданған. 

Осы тақырыпты саралағанда «Азаттық рухы» газеті келтірген деректі көзіміз шалды. Келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстанда өткен жылы 48,2 мың отбасының шаңырағы шайқалса, соның 34,8 мыңы қала тұрғындары екен.  Ал осы жылдың қаңтар-сәуір айында республика бойынша 5680 ажырасу тіркелген. Оның ішінде 4639-ы – қала тұрғындарының көрсеткіші. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша ауыл тұрғындары арасында 1014 ажырасу тіркелген.

«Ажырасудың жоғары деңгейі елордада бай­қалған. 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффи­циенті 3,54 құрады, ең төменгі көрсеткіш – Түр­кістан облысында 1000 адамға 1,20 жағдай­дан келіп отыр. Ажырасудың басым бөлігі ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар арасында тір­келген. Бұл көрсеткіш – 60,5%, ортақ бір баласы барлар арасындағы ажырасу үлесі – 20,8%, кәмелетке толмаған 2 және одан көп баласы барлар арасындағы көрсеткіш – 18,7%», – де­лінген Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінде. Сонымен қатар жалпы ажырасудың басым бөлігі яғни, 34,1%-ы отасқанына 10 жылдан асқан отбасылар екен.

Кім ажыраспай жатыр…

Міне, осы сөз қазіргі еліктегіш жастарды құртуда. Олар «отбасы» ұғымын жеңіл қабыл­дайды. Сезімдері лаулап «шын махабатпен үйленіп жатырмыз» дейді. Алайда өмірдің сәл ғана қиындығына шыдамай екіге ажырап кете барады. Бүгінгі ата-ананың да бұл сөзге еті үйренген. «Елде менің қызым ажырасып па, тәуекел, ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деп жеңіл-желпі қарайды. Сонымен ажырасудың себебі қандай?

Оның себептері көп. Ең біріншісі – жастар­дың бір-бірін жақсы танымай жатып, бас қосуы. Ажырасуға арыз беретіндердің басым бөлігі өз шешімдерінің себебін мінездерінің үйлес­пейтінін, тұрмыста ортақ тіл табыса алмай­тындығымен түсіндіретін көрінеді.

Ауылдағы ағайындар көбінесе тұрмыс тауқы­метін себеп қылады. Көзіміз көріп жүр, арқа сүйер азаматтары ішкілікке салынады. Әйелін ұрады. 

– Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жал­қау.  Егер ер адам отбасын құруға, бір отбасы­ны асырауға шамасы жетпесе оған несіне сенім артамын. Соқыр сезіммен үйлендім  бе, алдандым ба, білмеймін? Некеміздің  соңы ақыры  ажырасуға әкелді. Себебі әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім, – дейді Алмагүл есімді келіншек (есімі өзгертілген).

Екі жаққа кетісудің тағы бір себебі – ер адамдарда құмар ойындарына, одан қалса жүріс жасауға әуестік басым. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Содан отбасы екі жаққа бөлініп тынады.

Одан бөлек, тырнақ астынан кір іздейтіндер де табылады. Бұл жағдайға көбінесе, қалада өскен еркетотай қыздар әуес. Себебі ауылдың жігітін жақсы көріп, отбасын құрады. Әрі кетсе, бір ай ауылда тұрар. Содан күйеуін қалаға көшуге азғырады. Енесімен сыйыспайды. Әсіресе осы себеп қоғамда белең алып барады. Арамызда мұндай жайды өз басынан өткерген азаматтар да бар.

– Келіншегім екеуміз төрт жылға жуық қыз бен жігіт болып жүрдік. Отбасын құруға шешім қабылдап, заңды некеге тұрдық. Алайда ол бір-екі айдан кейін өзгере бастады. Қалада тұруды мақсат етті. Ата-анам  рұқсатын беріп, қалада пәтер жалдап тұрдық. Одан кейін тағы өзгеріп, ата-анасымен бірге тұруға ұсыныс айтты. Мен келіспедім. Әке-шешемді тастап, қалаға келдім. Енді соның үйіне күшік күйеу болуым керек пе?. Осы мәселелер арамызды суытып, ажырасуға алып келді. Ақыры сот арқылы ажырасып тындық. Арамызда бала болмаған соң қиындық туғызбады. Дегенмен «ажырасқан» деген сөздің өзі жаман естіледі. Сондықтан болашаққа бірге қадам басарда бәрін ақылдасып, асықпай келісіп алған жөн екен, – дейді Қанат есімді 26 жастағы жігіт (есімі өзгертілген).

«Қалалықтар ажырасуға бейім»

Психологтардың айтуынша, көбіне 3-4 ай таныстықтан кейін шаңырақ көтеріп жатқан жастар ажырасады екен. Бұл уақытты қыдыру­мен, түрлі кафе, клубтарға барумен өткізіп, жанындағы адамды өмірлік жар ретінде тани алмайды. Үйленгеннен кейін ғана оның уақытты бірге өткізуге тек жақсы серік екенін түсінеді. Сондықтан да жастар үйленгенге дейін мейлінше көбірек әңгімелесіп, ішкі сырларымен бөліскен дұрыс деп кеңес береді. Бұл бір-бірін жақсы тани түсуіне, кейін оңай түсінісуіне көмек болады.

«Азаттық рухы» газетінде жарияланған отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың сөзіне сүйенсек, ауылға қарағанда қалада ажырасу мүмкіндігі жоғары екен.

«Біздегі қала тұрғындарының белгілі бір бөлі­гі ауылдан келетіні белгілі. Ауылда ажырасудың себебі болса да, оған мүмкіндік жоқ. Өйткені онда қоғамдық пікір жоғары, туысқандық қарым-қатынас рөл ойнайды. Шағын ауылда тұрғындардың бәрі бір-бірін жақсы таниды. «Елдің сөзіне қаламыз ғой, ұят болады» деген түсінік бар. Ал қалада ешкім ешкімді танымайды. Оның үстіне қала тұрғындарының заң тұрғысынан хабары бар, сондықтан олар бұған дейін жинақ­талып қалған проблемаларды ажырасу арқылы шешуді жөн санайды. Статистика бойынша біздегі ажырасудың негізгі себептері – зорлық-зомбылық, отбасында баланың жоқтығы, отба­сылық өмірге дайын болмау,  көзіне шөп салу, туысқандардың араласуы сияқты мәселелер кең таралған», – дейді писхолог.

Мақалада ажырасудың белгілі себептері­не тоқталдық. Бірақ қандай себеп болсын, ажыра­су – ешқашан туындаған  мәселенің шешімі емес. Неке әу баста құрылған кезде ғұмырлық ниетпен құрылады, сол қағида сақ­талуы тиіс. Ажырасу туралы ой үйленгендердің есіне ешқашан келмеуі қажет. Бұл шешім баланың тірі жетім қалуына септігін тигізеді. Сондықтан некелі жұптар ажыраспас бұрын өмірге келген перзентінің көзіне шынайы қарауы тиіс.

Әйел – отбасының ұйытқысы

Отбасының бақыты – өзара түсінікте. Екеуара жарастық әйелге де байланысты. Шаңырақтың шайқалмауында, ұлттың ұлт болуында әйелдер­дің рөлі орасан зор. Әйелдің ең маңызды міндет­терінің бірі – үйдегі болған сырды сыртқа шашпау, сыр сақтау. Бұл салиқалы әйелге тән сипат.

– Ерлі-зайыптылардың сыры сыртқа шықса, отағасының абыройына нұқсан келеді. Исламды нық ұстап, ниеті дұрыс болып, қашан да Аллаға дұға етуші ерлі-зайыптыларға Жаратушы бейбітшілік пен берекет береді. Алла Тағала Құранда: «Олармен жақсы, байыпты түрде мәміле жасаңдар» («Ниса» сүресі, 19-аят), – дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – әйелдеріңізге жақсы қарағандарыңыз», – деген. Сонымен қатар Байһақи хадистер жинағында Абу Умамадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шүкір етуші жүрек, Алланы еске алатын тіл және сенің дүниелік әрі діни істеріңе көмектесетін салиқалы әйел, адам­дар жиған-терген қазынадан әлдеқайда қайырлы».

Шаңырақты ер мен әйелдің сыйластығы ғана ұстап тұрады. Сол себепті ерлі-зайыптылар бір-бірімен тіл табысып, жарасымды тіршілік етуі керек. Сондықтан да екі жақта әр істе сабыр етіп, перзенттеріне тәлім-тәрбие беруді ойлау қажет. Тұрмыста келіспеушіліктердің болуы қалыпты жағдай. Қазақ халқы «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бұған түсіністікпен қараған. Әрбір қиындықты мұсылман адам сабыр мен кешірім арқылы жеңуі тиіс. Ең бастысы, отбасында ынтымақ пен тыныштық болса, мұндай шаңырақтың шайқалуы әсте, мүмкін емес. «Айырылған азады, қосылған озады» деген қағида берік сақталғанда ғана, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі арта түспек, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, әйелдер, қыздар секторының жетекшісі Ләззат Сыдықова.

Шыдам мен сабыр қажет

Отбасы – жеке адам өмірінің мәні ғана емес, мемлекеттің іргетасы. Сол үшін де осындай ауқымды мәселенің шешімін табуға ел болып үлес қосқан абзал. Әсіресе жастарға аға буын ақылы өте қажет. Отбасынан жаман мен жақсы­ны ажыратып өскен тәрбиелі жанның мемлекет үшін баға жетпес байлық екендігі де даусыз. Мейірімділік пен  қайырымдылық секілді адами қасиеттерді бала бойына сіңіру шаңырақта берілетін тәрбие.

– Мәселе кімнің басында болмайды. Кез-кел­ген отбасында кездеседі. Тек оған шыдамдылық пен сабыр қажет. Ең бастысы, аналар қыздарымыз­ды қиындыққа төзуге үйретуіміз қажет. Сонда ғана отбасыны сақтап қалуға болады. Қазіргі таң­да көбінесе жастар өзімшілдікке салынады. Соның себебінен сәбилері әкелерінен жырақта өседі. Ал біздің кезімізде қандай еді? Аналарымыз ерінің жолын тосып, алыс сапардан келсе, бар жылы-жұмсағын дайындап қарсы алушы еді. Әйелдің қызметі үйде, бала-шағасының қасында болатын. Солардың тәрбиесіне қарайтын. Отағасы­ның қызметі түзде еді. Бүгінде әйелдер өзімшілдікке салынып, ерінің істегенін мен де жасай аламын дейді. Содан отбасының шырқы бұзылады. Сондықтан шаңырақ көтерген екі жас өз орнын толық біліп, оны өз деңгейінде атқара білсе, олардан бақыт алыстай қоймас, – дейді көпбалалы ана Дәмет Мәтенова.

Түйін…

Адамзаттың басты міндеті – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Тал бесіктен жер бесікке дейін артынан із қалдырып, ұрпағына өнегелі, өрелі тәрбие беруге асығады. Әйтсе де дәл осы құндылығымыз күні бүгін маңыздылығын жойған сияқты. Батыстан соққан суық жел сияқты түрлі «сән» санамызды улап барады. Тіпті азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес.

Рас, сананы тұрмыс билеген уақытта бесіктегі баланың болашағына бей-жай қарайтындар көбейді. Сондықтан адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескеру керек. Жаңадан көтерген шаңырақты сақтап қалуды мақсат ете білген жөн. Сәбилердің ертеңіне сызат түспеу үшін – ауызбіршілік пен татулықты дәнекер еткен абзал.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: