Байқоңыр қаласында бой көтерген жаңа шағын ауданда 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай айтып берді.
«Халықты баспанамен қамту әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Байқоңырда жаңа шағын ауданның қалыптасуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы нақты нәтиже. Тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа 7 «А» шағын ауданы бой көтерді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында осы шағын ауданда тағы 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды», – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Байқоңыр қаласы толықтай табиғи газға қосылды. Сонымен қатар Төретам және Ақай елді мекендері де көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілген.
«Қазіргі таңда облыс әкімдігімен «Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры және 84,6 шақырым кәріз желілері ауыстырылады», – деді Қайрат Нұртай.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
