Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, ұлт болашағына салынған инвестиция. Осы бағытта Байқоңыр қаласында бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Жаңа спорт нысандарының салынуы қаладағы спорт инфрақұрылымын кеңейтіп, жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеді.
-Қала тұрғындарының бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Соңғы жылдары спортпен шұғылданушылар санының артуына байланысты қолданыстағы спорт нысандарына түсетін жүктеме көбейді. Осыған сәйкес, спорт инфрақұрылымын кеңейту жөнінде шешім қабылданды. Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, оның базасында қазақстандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашу жоспарланды. Қазіргі таңда спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды жақын күндері пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға сапалы спорттық инфрақұрылымға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін береді,- деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
