Жексенбі, 08 желтоқсан, 14:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Балаң жақсы болса …

12.09.2023

461 0

Қазір қара шаңырақтан кие кетіп барады деп күрсінетін қариялар көбейді. Неге олай? Заман орнында, адам орнында, ал қоғам өзгерді. Оған шүбә жоқ. Үлкендердің қарашаңырақты аңсайтын жөні бар. Бағзыдан келе жатқан осы бір қазақ халқында ғана бар қасиеттің қадірі қаша бастады ма деп қорқамын. Үйіңде қарияң болса, сол үйде береке болатын. Үйдің есігі өмірі құлыптанбайтын. Шәй қайнап, дастархан жайылып, үйден қонақ арылмайтын. Қарттарға сәлем беруге алыстан келген ағайын түгіл көрші-көлем бас сұғып тұратын. Адамдардың жүрегінде бір-біріне деген сағыныш сезімі болып, сәл көрмесе бір-бірін іздеп отыратын. Қарашаңырақ – ұрпақтар өрбіген қуатты ұя. Кең мағынада бүкіл ұлт тұтас ірге жайған жер де қарашаңыраққа жатады ғой. Сондықтан қазақ баласы атасы көтерген қарашаңырақты аялай қастерлеп, оның қасиетін өзінің ар-намысындай сезінетін.

Қашанда әке-шеше отырған үй аяулы, ардақты, ыстық саналып, келіндер үлкен үйге имене басып, төрге озбай, босағадан сәлем салатын. Оны құтты орынға теңейтін үрдіс бар-тын. «Ордаға керек – отауға да керек» деген аталар өсиеті негізінде әр ұрпақ өзінің шаңырағын ата-салты бойынша жоғары көтеруге және өзі абыройлы, парасатты болуға тырысатын. Өзінің де ұрпағын өсіріп, өркенін сол шаңырақта жаюды мұрат тұтатын. Міне, осы­лайша ата-анасы өмір сүрген қарашаңырақ – ұрпақ арманының, мақсат-мүддесінің бір шоқтығы биік табынар мекені еді.

Естеріңізде болса, «Анамның тұтынған сандығы», «Әкемнің тері сіңген тақия» деген сөздер бала күннен санамызда жатталып қалған. Туған үйдің берекесі қаланған әр кірпіші бізге ыстық болатын. Бұрынғы өткен ата-баба­ларымыз қара шаңырақ түгілі ондағы кей заттарды бұзуға жол бермеген. Үлкендер үйді бұзғанша басқа жер сатып алып, жаңа үй салғанды қалайтын. Себебі сол берекелі үйді салуға үлкен-кіші бәрі жұмылғаны санадан шықпайтын.

Иә, мүмкін ол сөздің де жаны бар да шығар. Менің ауылда тұратын көрші әжейім өзінің үйін бұздырмады. Көненің көзі әжеміздің сондағы айтқаны «Шырағым, бұл үйді салғанда еңкейген кемпірлер мен аяғы ауыр әйелдер де жәрдем берген. Ол кезде қазіргідей дайын кірпіш жоқ. Лай мен сабанды араластырып, қолдан кірпіш құятынбыз. Бала болсақ та сабан тасыдық, лай әкелдік. Таңның атысы, күннің батысы еңбектендік. Қаншама күш, қанша еңбек сіңді, тер төгілді. Соны біле тұра шаңырағымды ортамызға түсіремін дейсіңдер. Оны көргенше, тірідей көмілгенім артық болар. Құс екеш құс та өз ұясын бұзбайды ғой» деген болатын. Сол қариядан  «әже, тағы нені бұзуға болмайды?» дегенімде ол кісі мүдірместен  «екінші, бауды бұзуға болмайды. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мағыналы сөз бар. Тереңіне үңілсең, атаң еккен бауды меңзейді. Қартайған, жеміс салуды тоқтатқан ағашты кесуге рұқсат бар. Бірақ уақыт оздырмай жаңасын отырғызу керек.  Ағаштың жаны болмаса да жүрегі бар, көзі болмаса да көңілі бар. Үшінші кезекте, тандырды бұзбайды. Сол тандырда менің анамның, әкемнің қолының ізі бар. Тандыр осы шаңырақ тұрмақ, бір көшені тамақтандырған де­сем артық айтпаймын. Анамыз тандырға нан жабатын, шоғына тамақ, сүт пісіретін. Тандырға піскен нанның иісі-ақ тойдырып қоятын. Тандырға піскен нанда береке бар. Дүкеннен алған нанды өздерің де, балаларың да суы қашты деп ертеңіне жемейсіңдер. Ал тандырдың наны апталап тұрса да ескірмейді, көгермейді, күші де кетпейді. Тандыр нанының құнары мол, қуаты басым» деген болатын. 

Қазір қара шаңырақты сатпақ түгілі бүкіл әулеттің айбары мен айбыны, өсиеті мен қасиеті, мәуелі бәйтеректің алтын қазығы болған қарияларды да ойланбастан түтін түтеткен үйінен, немере-шөбересінен бездіріп, қарттар үйіне өткізе салатын болдық.

– Меккені іздеп нетесің,

Меккеге қашан жетесің?

Әзір Мекке алдыңда,

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды! – деп ата-анаңа көрсеткен сый құрметің Құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ой қорытқан бұрынғылар.

«Дария кеуде, тау мүсін» абыз­дарымыз жылуы маңайынан аспайтын, мейірімге шөліркеп, рухы аласарып, бір шөкім болған кейпінде құр сүлдері жүрген болар. Ол кісілермен сөйлессең, кезінде үлкен лауазымды қызмет істеген, зиялы, көкірек көзі ояу, білімді адамдар да бар екенін көресің. Сонда деймін ау шатыры көк тіреген, зәулім ғимараттан сол аяулы әкесі мен түн ұйқысын төрт бөлген анасына бір бөлме жетпегені ме? Әлде көңілдің, не пейілдің сараңдығы ма? Қазіргі перзенттеріміз неге қатыгез, суық болып барады? Әлде олар өздерін мәңгілік жас қалпында қаламыз деп ойлай ма екен? Сол мейірімсіз жандар балаларының өз аталары мен әжелерінің мейі­ріміне шөлдеп, тамырсыз шы­бықтай нәрсіз өсетінін білмей ме? Біле-білсе қайрат пен өмірлік күш-қуат немерелеріне атасы мен әжесінің аялы алақаны мен ыстық ықыласынан да берілетінін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Мәселен, Германияда үйінде қариясы жоқ отбасылар балаларын тәрбиелеу үшін ата-әже жалдап, сол кісілердің мейірім-шапағаты үшін қыруар қаржы төлейді екен. Германияның дамыған мемлекет екенін айтып жату артық. Сол мемлекетте «аренда әже», «аренда ата» деген ресми ашылған қызмет түрі бар. Ұзақ жылғы ғалымдардың зерттеу қорытындысы бойынша сол қызметке жүгінгендердің балалары өте тәрбиелі, мейірімді, жылы жүректі, қайырымды болып ер жетеді екен. Ал ол қызметті керек етпегендердің балалары ашушаң, мейрімсіз, қатыгез болып қалыптасатын көрінеді.

Көрдіңіз бе, ата-бабамыз ықылым заманда салған сара жол мен салт-дәстүрімізді  шетел ғалымдары мойындап, соған ден қойып жатыр. Ал біз ала­қанымыздағы алтындарымыздың жылуынан айырылып, ұрпақ жапа шегіп, мейірімсіз болып барады. 

Шығыс пен батыс гуманис­терінің бәрі де «Дүниенің ең асылы, бағалысы – адам, ал оның бақыты– бала» деп білген. «Адам бақыты – бала» деген ғұлама ойшылдардың пікірін біздің қазақ былай тұжырымдайды: «Адам бақыты – бала, егер ол саналы болса». Сондықтан қазақ Құдайдан бала    сұрағанда

«О, Құдай бала бер,

Бала берсең сана бер!

Санасыз болса,

Қайта өзің ала бер» дегенінен сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі, өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп кел­гені – тарихи шындық. Ендеше, осы сарында бала тәрбиелеу ісін бүгінгі заман өзгерісіне үйлестіре отырып, жалғастыру – біздің борышымыз.

Қазіргі жастарға «Ей, пер­зентім, ата-анаңды ешқашан рен­жітуші болма. Олардың көңіл-күйіне қаяу салып, қапалаңдырма. Сені жан-тәнімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-анаңның көңілін қалдыратын қандай да бір іс жасасаң, сен ешқашан жақсылыққа лайықты жан емессің,  өйткені кім­де-кім ата-ананың жақсылығын білмесе,басқа біреудің жақ­сы­лығын да бағаламайды. Егер сен өз перзентім құрмет қыл-                                                                           сын десең, сен де ата-анаңды құр­метте, сен ата-анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де дәмді, жақсы болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізгі тілегі қабыл болғаны. Шариғатта да отбасы жоғары бағаланып, оның бала тәрбиесіне ерекше мән берген.

Онда «Балалар – ата-ана­лар қолына берілген аяулы аманат» делінген. Бұл ғажайып құдайшылық анықтаманы жадыда ұстау былай тұрсын, әр үйдің маңдайшысына жазып қоюға тұрарлық. Баланың өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап бақытты балалық шағы, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолын бақыт жағалауын бетке алып, өмір – айдында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегін әке мен шеше дер едік.

«Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» дейді қазақ. Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы кикілжің көбінесе бала кәмелеттік жасқа толғаннан бастап орын ала бастайды. Бала бойындағы физикалық, психоло­гиялық өзгеріс оның мінез-құл­қының өзгеруіне әкеліп соғады. Сондықтан да ата-ана өсіріп отырған баласының тәрбиесіне жете көңіл бөлгені жөн.

Ата-ананың үміт-арманы ба­ласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған. Оның амандығын, үрімбұтақты, бай бақытты, атақ-абыройлы болуын тілейді, өздері әл-қуаты кетіп, ауру-сырқаулы болып қартайғанда сол баланың қайырын көріп, мерейіміз өссе екен деп армандайды. Ақырғы, ең қастерлі тілектері: «Бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса» деп тілейді.

Осындай ата-ананы сыйлау, сәби шағында өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап күту – адал перзенттің парызы.  Ал парызды орындау перзент үшін Алладан аманат. Ал аманатқа қиянат жасау – кешірілмес күнә. Сондықтан қара шаңырақты киесінен, ата-анамызды немере-шөбересінен айырмай, алтын жүректі қарттарымызды қадір­лейік. Себебі қарты бар үйде қазына барын бір сәт естен шығармайық, ағайын!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: