Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Баласын неге боқтайды?

05.12.2023

906 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Өмірде әрбір адам отбасын құрып, балалы болып, ата-ана деген атқа ие болғаннан кейін оларға үлкен жауапкершілік артыла түседі. Ол – бала тәрбиесі. Себебі бала «ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-анасының айналайын деп мақтау сөзін естіп өссе, ол алға ұмтылады. Керісінше боқтық сөзді естіп өссе, оның да аузынан сол сөзді күте беріңіз.

Осы күні баласына боқтап сөйлейтіндерді жиі кездестіріп жүрміз. Рас қой, иә… Бірде таныс апамыздың үйінде қонақта болдық. Жиырмадан асқан ұлы бар. Бірақ сол баласының бір ісі ұнамай қалса керек, шешесінен боқтап, ақысын солай алды. Көрген көзге де, естіген құлаққа да ерсі енді. Әлгі апамызды тәте дейтінім бар еді.

– Тәте, ұлыңызды неге шешесінен боқтайсыз? – деп ыңғайсыз болғанын айтқым келді. Тәтемнің де жауабы дайын екен.

– Боқтасам өз балам. Біреудікі емес, – деп қойып қалды. Ал енді қараңыз, бұл қандай тәрбие? Негізі қоғамда баласына боқтап сөйлейтін немесе баласының көзінше боқтық сөзді көп айтатын отбасылар бары өкінішті…

Баласы көпшілік ортада әдепсіз сөз айтса, таңғалып, ұялатын ата-аналар бар немесе керісінше, мәз болып, қызық көріп, «жарайсың» деп мақтап қоятындары да қаншама. Тіпті баласын қайта-қайта боқтатып қойып, оны әлеуметтік желіге жүктейтіндері де жетерлік. Балаңызды академиктердің жанында өсірсеңіз де ол мүлде әдепсіз сөз айтпайды деген адам сенерлік ұғым емес. Неге? Тұтас бір қоғамда өмір сүргендіктен, ол міндетті түрде айналадағы адамдарды көріп өседі.

Ата-ана қателігі…

Психологтардың айтуынша, былапыт сөздерден қашып құтылу мүмкін емес, десе де баланың боқтампаз болуы ата-анаға, үйіне, ортасына тікелей байланысты. Сондай-ақ ата-аналарда баланы кішкентай кезінен былапыт сөздерге үйретсе, тілі тез шығады деген теріс пікір қалыптасқан. Осы қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? Маман пікіріне сүйенсек…

Тәттігүл Әбілқасымова, 22 жылдық тәжірибесі бар психолог, зейнеткер:

– Баланың көзінше боқтап сөйлеу оның психо­логиясына тікелей әсер етіп, санасына тез сіңеді. Ал қалыпты болып кеткен бұл сөздерді кейін ол қанша жаста болса да, айтуға құмар болып келеді, – дейді ол. Психолог маманның айтуынша, мұндай жаман сөздер баланың дағдысына айналып кетпеуі керек.

– Дағды қалыптасса, біз әдетте барлығын авто­матты түрде істейміз. Мысалы, баланы кішкен­тайынан тазалыққа, әдепке үйретсек, уақыт өте ол машықтанады, үнемі таза жүруге тырысады. Мұнда да сол сияқты. Проблема әдетке айналған жағдайда баланың аузынан қайткен күнде де бұл сөздер шығып кетеді, – дейді Тәттігүл Әріпханқызы.

Мәселенің шешу жолы сонау ерте жастан бас­талады. Психолог баланың түпкі санасында кіш­кентайынан айтылған сөздердің барлығы қалып қоятынына сенімді. Айтуынша, баланың балағат сөз айтуы – ата-анасының қатесі.

– Жаңа туған нәресте таза парақ секілді. Біз оған не жазсақ, бала да дәл сондай әрекет етеді. Сол үшін таза парақты біз тек дұрыс жағынан толтыруымыз керек. Адам баласы негізінен ашуға булығып тұрғанда былапыт сөздер айтып, ішін босатады. Немесе кейбіреуінде бұл сөзге міндетті түрде жалғанатын қосымша іспеттес болып кеткен. Оған қоғамда болып жатқан оқиғалар, жағдайдың нашарлығы, барлығы әсер етеді. Алайда қандай жағдай болса да, баланың көзінше боқтық сөз айтпауға тырысу керек, – дейді психолог.

Боқтау – күнәнің ауыры

Бұл жайында шариғат не дейді? Біз Қызылорда облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаевқа жолықтық.

– Перзент – ата-анаға Алланың берген сыйы, аманаты. Сыйы дейтін себебіміз ата-ана перзентінің дүниеге келуімен қуанады, шаттанады. Ал есейген сәтте сол перзентінің рахаты мен қызықшылығын көреді. Перзентті аманат деуіміздің сыры балаға жақсы тәрбие беру, үлгілі ата-ана болу жауапкершілігі міндеттелуінде. Сондықтан әрбір ата-ана перзентіне дұрыс тәрбие беруі үшін ең алдымен өзінің күнделік­ті іс-әрекетіне, ауыздан шығар әрбір сөзіне иманды­лық тұрғысынан бақылау қоюы қажет. Осы орайда айтарымыз, ата-ана баласына қандай жағдайда болсын боқтап сөйлеуден, балағат сөз айтудан сақ болғаны жөн.

Ауыздан шыққан әр сөздің күнә ретінде жазы­латындығын Құран бізге былай ескертеді: «Адам баласының қасында, оның аузынан нендей сөз шықса да бірін қалдырмай жазып тұратын бақылаушы періштелер бар» («Қаф» сүресі, 18-аят). Адам баласы аузынан шыққан сөзі арқылы не сауап алады, болмаса күнәсі жазылады.

Жалпы өмірде боқтық сөз айту, өзгені боқтау күнәнің ауыры саналады. Ата-ананың өз перзінтіне боқтап сөйлеуін шариғат ешқашан құп, дұрыс деп санамайды. Шариғатымыз боқтық сөз айтуға қатаң тыйым салады. Шариғат күнәлі іске әрдайым шектеу қояды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға иман еткен кісі – міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді емес», – деп айтқан. Хадиске сүйенер болсақ, иманды адамның сипатына боқтық, былапыт, боқауыз сөз айту жатпайды.

Халқымыз: «Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтпаса керек. «Ауыздан шыққан суық сөз, көңілге барып мұз болар» деп те жатады. Боқтап сөйлеу күнәнің ішіндегі ауыры деп айтылуы бекер емес. Тәрбиелік тұрғыдан қарасақ, ата-ананың боқтық сөзін естіп өскен бала ертеңгі күні ол да өзге біреулерге былапыт сөйлейтін болады. Ертең есейіп ата-ана болғанда өз перзінтіне боқтап сөйлеуді әдетті іске айналдырады. Сол үшін күнә тудыртатын мұндай боқтық сөз айтудан әрдайым мұсылман баласы сақтануы тиіс.

Тәрбиелік сөз айту – имандылықтың, мәдениет­тіліктің, адамгершіліктің белгісі. Қазақ халқында «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген қанатты сөз бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің тағы бір хадисінде: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді» деген.

Алла Тағала бізге тілдесу, сөйлей алу нығметін берген болса, онда тілді күнәлі сөздерден тыюмыз қажет. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Кім Аллаға және Ақыретке сенсе, жақсы сөйлесін немесе үндемесін» деп өсиет айтқан. Хазіреті Әли (р.ғ.): «Жүрек таза болса, тілден әдемі сөз шығады» деген екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисте былай дейді: «Адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда бүкіл дене мүшесі тілдің алдында бас иіп: «Біз үшін Алладан қорық. Шын мәнінде біз саған тәуелдіміз. Егер сен туралықты ұстансаң, біз де тура жолда боламыз. Ал егер тура жолдан тайсаң, біз де таямыз» деп айтады. Ауру қалса да әдет қалмайды демекші, ата-ана күнделікті күйбең тірлікте жаман әдеттерін тыйып, боқтық сөзден сақтанып, жақсы амалдарды қалыптастырса, жақсы сөз айтуға тырысса, ұрпақ тәрбиесі үшін игілікті іс болар еді, – деді наиб имам.

Тілші түйіні

Құрметті ата-ана, онда да баласын боқтап сөйлейтіндерге айтарымыз, мүмкін сәл де болса ойланарсыз деген үміттеміз. «Ауыз менікі» деп ойға не келсе соны айта берсеңіз, «бала менікі» деп үнемі боқтай берсеңіз, онда сіз кім болдыңыз? Сізден шыққан ұрпақ қандай болады? «Жөнделем» деген адамға ешқашан кеш емес. Сондықтан Алланың берген тілдесу нығметін де, Алланың берген сыйы баланың қадірін жоғалтпайық, ағайын!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: