Кез келген мемлекеттің болашағы білім мен ғылымға құйған инвестициясына байланысты екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Ұлт болашағының сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау, ғылымға қамқорлық пен қолдаудың нәтижесі бар. Елімізде білім саласын дамытуға арналған қандай бағдарлама қабылданса да, игі мақсатты көздейтіні белгілі. Бүгінде елімізде білім саласын қолдау мақсатында «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданған.
Осы құжат аясында елімізде білім саласын дамыту жұмысы жүйелі түрде жүзеге асуда. Оның ішінде Сыр өңірінде білім саласы қамқорлықтан тыс қалған емес. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру, балаларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және тағы басқа жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда. Атап айтқанда, ел Президентінің бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде 21 мектептің құрылысын салу жоспарланса, биыл 10 мектептің құрылысы басталмақ. Маусым айында облыс әкімі орталық коммуникация алаңында республикалық БАҚ өкілдеріне берген брифингінде аймақтағы білім саласын қолдауда жасалып жатқан жұмыс барысын атап айтты.
– Өткен жылы Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде білім саласының мәселелері де көтерілген. Нәтижесінде бірқатар ұсынған жобаларымызға қолдау білдірді. Соның негізінде, «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы, құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын мектеп-интернат құрылысы басталды. Осы тізімге облыс бойынша тағы 1775 орынға лайықталған 4 мектептің қосымша құрылысын енгіздік, – деді облыс әкімі.
Қосымша құрылыстар жөнінде таратып айтсақ, олар – №101 Ә.Мүсілімов атындағы мектепке, №2 «Абай» мектебіне, Жезқазған трассасы бойында 600 орынға, Шиелі ауданы Байсын ауылында 250 орынға лайықталған. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университеті мен Қорқыт ата университеті арасында меморандумға қол қойылды. Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір жоба Қызылорда қаласының сол жағалауында «Көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» болатын. Үкімет басшысы ұсынысты қолдап, республикалық маңызы бар спорт ғимаратының құрылысы биыл басталады.
Бүгінде сол жағалауда дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қыза түсті. Бұл болашақта сырбойылық дарындыларды тәрбиелейтін білім ұясына айналатыны даусыз.
Биыл Қызылорда қаласы бойынша барлығы 2827 оқушы мектеп бітірді. Негізгі орта мектепті, яғни 9-сыныпты 5895 оқушы аяқтайды. 9-шы сыныптан кейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру ұйымдарына 2270 оқушы барады деген болжам бар. Ал 2023-2024 оқу жылында 1 сыныпқа 8157 оқушы қабылданады деп жоспарлануда. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 сыныпты бітіруші 8051 түлектің 7219-ы ҰБТ-ға қатысқан. Түлектердің орташа балы 87-ні құрады. Шекті деңгейден өтпегендер саны – 223. Бүгінде мемлекеттік грант конкурсына 6996 түлек қатысуда. Облыс бойынша ең жоғары – 137 балды Арал ауданы №220 орта мектептің түлегі алды. Сондай-ақ Қызылорда қаласының сынақ тапсырушылары 134, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандары және №9 Білім-инновация лицейінің түлектері 133 балл жинап, жоғары нәтижеге жетті. Оқу жылын 514 түлек «Алтын белгіге» және 823 түлек «Үздік аттестатқа» аяқтады. Жаңа 2023-2024 оқу жылында 1 сыныпқа 17543 бала келеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 16141-і немесе 92 пайызы қазақ сыныбына, 1402-і немесе 8 пайзы орыс сыныбына оқуға өтініші білдірген.
Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мың орынға лайықталған білім ошақтарын салуға тапсырма бергені белгілі. Ұлттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары 15100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 8, Арал ауданында 4, Қазалы ауданында 2, Қармақшы ауданында 2, Жалағаш ауданында 1, Сырдария ауданында 1, Шиелі ауданында 1, Жаңақорған ауданында 2 мектеп салынады. Оның ішінде 10 мектеп 2024 жылы, 11 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінде аймақта 6 апатты (Арал ауданы №248 мектеп, Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105,108 мектептер, Шиелі ауданы №45,133 мектептер), 6 үш ауысымдық оқытуға көшуі мүмкін мектеп Қызылорда қаласындағы Абай мектебі, №3,101,261,264,280) бар. Қазір Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты №248 мектепті жеке инвестор салуда. Мектеп осы жылы пайдалануға беріледі. Төрт апатты мектептің құрылысы (Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105,108 мектептер, Шиелі ауданы №45) «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына енгізілді. Жоспарға сай мектептер 2024-2025 жылдары іске қосылмақ. Сонымен қатар Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық №133 мектептің құрылысына жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Бұл құрылысты білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландыру ұсынылды. Қызылорда қаласындағы 6 үш ауысымды мектеп бойынша былтыр Абай мектебіне 550 орындық, №101 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша ғимарат құрылысы басталды. Аталған нысандар жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Биыл Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп есебінен үш ауысымды №261, 280, мектеп мәселелері шешімін табады. Сондай-ақ №264 мектеп-лицейге 550 орындық, №3 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша оқу-ғимаратының құрылысы басталды.
Бүгінде балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – өзекті мәселелердің бірі. Аймақта балаларға мазмұнды демалыс ұйымдастыру жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл туралы аймақ басшысы:
– Облыста 179869 (мемлекеттік – 172625, жеке – 7244) бала білім алуда, оның 8210-ы биыл мектеп бітірді. Түлектердің 7421-і (90,4%) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Жылдағы дәстүрмен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Осы жылы жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 10 лагерьде (7 мемлекеттік, 3 жеке) 8 мыңнан астам балалардың демалысы ұйымдастырылады. Демеушілердің қолдауымен 3000 өрен еліміздің алдыңғы қатарлы лагерьлерінде тынықпақ. Бұдан бөлек, 96 мың бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде демалады, – деді.
Қалалық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жазғы лагерьге бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысына сәйкес көрсетілген санаттағы 1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; 2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға; 3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; 4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға; 5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарындағы балалар қамтылады.
Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы бірнеше бағытта ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, сыртқы лагерь жұмысын ұйымдастыру, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерін ашу, облыс көлемінде және облыстан тыс лагерьге балаларды жіберу, тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастыру. Жазғы демалыс негізінен міндетті оқу қоры арқылы және демеушілер мен кәсіподақ есебінен, сондай-ақ ата-аналар есебінен ұйымдастырылады.
Қала балалары қайда демалады дегенге келсек, «Сырдария» сауықтыру лагері 2020 жылы апатты жағдайда деп танылып, жұмысын тоқтатты. Бүгінде «Зерентай» жеке тынығу лагері 1-ші маусымнан бастап балаларды қабылдауды бастап, 7 ауысымда міндетті оқу қоры есебінен 465 бала қамту жоспарланған. Ал Жаңақорған ауданында орналасқан «Талдысу» тынығу лагерінде жалпыға міндетті оқу қорынан 1500 қалалық жасөспірім демалады деп жоспарланған. Сонымен қатар демеушілер мен инвесторлар есебінен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 60 баланы «Арай-санрайз» лагеріне жіберу жоспарланса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілетін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы «Спутник» лагеріне 120 оқушыға жолдама берген.
Сондай-ақ мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде де балалар демалуда. Мәселен, 1-14 маусым аралығында 55 мектепте 2 ауысымда жатын орынсыз, ыстық тамақпен мектеп жанындағы жазғы мектеп лагері ұйымдастырылды. Жалпы мектеп жанындағы күндізгі лагерьге 2386 оқушы қамту жоспарланған. Сондай-ақ 2023 жылдың маусым айында республикалық дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру орталықтарына 11-15 жас аралығындағы қоғамдық қызметке, оқуға белсенді араласқан, түрлі жарыстар, олимпиадалар, фестивальдар, байқаулар жеңімпаздары (көпбалалы, аз қамтылған отбасындағы) жалпы білім беретін мектептерден 27 оқушы, және «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығына 5-6 сыныптың (жетім балалар, көпбалалы және күн көрісі төмен отбасылардан шыққан балалардың санатына жататын) 10 оқушыны жіберу жоспарланған.
Білім ордаларындағы қауіпсіздік мәселесі де – басты назарда. Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, білім беру орындарында «Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығының талаптарын қатаң түрде орындау білім беру ұйымдарының басшыларына тапсырылған.
Сондай-ақ сабақ кезінде білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған нәрселер мен заттарды мамандырылған күзет қызметкері арнайы темір іздегіш құралмен тексеріп кіргізу, білім ұйымына кірген оқушыларды мектеп директорының тәрбие орынбасарлары және сынып жетекшілері, психолог мамандарымен күнделікті тексеру жұмыстары күшейтілген.
Биылғы оқу жылында білім беру ұйымында «Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ» тақырыбында ата-аналар жиналысын өткізді. Жиналыста ҚІІБ мамандарының қатысуымен далада жатқан белгісіз заттарды алмау туралы, сондай-ақ мектепке әкелуге тыйым салынған заттар тізімі таныстырылып қайта ақпарат берілді.
Мектептерде оқитын кәмелетке толмағандарға мектеп әкімшілігі тарапынан жеке-тәрбие жұмыстары күшейтіліп, ата-аналарымен, тәрбие ортасымен тығыз байланыс орнатуды, олардың сабақ уақытында және мектептен тыс жерлерде қадағалаусыз қалмауы және қоғамдық тәртіп, ел бірлігі, жастар, жасөспірімдер тәрбиесі мәселелерін көтеріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша насихат жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Бұзақылыққа жиі баратын, қылмыс жасауға бейім, сыныптастарын теріс әрекеттерге бастайтын «көшбасшы» білім алушыларды анықтау, жекелей жұмыс жасау, оларға ұстаздар қатарынан арнайы тәлімгер бекіту, тәрбиелік мазмұндағы шараларға тарту, қылмыстық топтардан оқшаулау жұмыстары жыл бойы күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!