Бейсенбі, 26 желтоқсан, 05:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық…»

13.04.2021

2563 0

15 сәуір – «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққан күні. Шығармашылық ұжым үшін де, газет оқырманы үшін де бұл күннің орны бөлек екенін ескере келіп, басылым тарихына қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

Осыдан тура 27 жыл бұрын Сыр елінде тіл жанашырына айналған «Ақмешіт апталығы» облыстық тіл басқармасының танымдық, ақпараттық, жарнамалық басылымы жарыққа шықты. 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы, одан кейін Тіл комитеті құрылғаннан кейін жержерлерде комитетке қарасты басқармалар отауын тігіп, жұмыстарын жандандырған-ды. Сол кезеңде марқұм Әділхан Бәймен Қызылорда облысының, тіл басқармасын басқарды. 1994 жылдың 18 мамырында облыс әкімінің №97 қаулысы бойынша тіл басқармасының алқасы құрылған сәтте алқа төрағасы болды. Сол жылы 15 сәуірде жарыққа шыққан Сыр елінің танымдық, ақпараттық басылымы «Ақмешіт апталығы» тіл басқармасының үніне айналды.

Қазақ тілі мәртебесін көтеру, қазақ тілінің жанашыры болатын бір заңды құрылым мен басылымның қажеттілігі – уақыт сұранысы. Облыстық тіл басқармасы жанынан ашылған «Ақмешіт апталығы» газетінің негізгі мақсаты да осы, тіл жанашыры болу. Басылым «Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деген ұстаныммен шыға бастады. Газеттің негізін қалаған, басылымның бас редакторы Әділхан Бәймен, бас редактордың кеңесшісі Нұрділдә Уәлиев, бас редактордың орынбасары Аманжол Сақыпұлы, жауапты хатшылар Шәкізат Дәрмағамбетов, Әділ Ботпановтар, бөлім меңгерушісі Дүйсенбек Аяшұлы болса, техникалық редактор Кенжебай Сиқымов, дизайнерлер Базарбай Пірназар, Лида Батырбайкеліні, суреттерді әзірлеуде Қуаныш Мырзабаев, фототілші Болат Омарәлі есімі аталады.

Газеттің іргесін қалауға үлес қосқан Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкірұлы былай деп жазады: «Ақмешіт апталығы» газетінің ең алғашқы саны әлі есімде. Газеттің атауы сол газеттің жүргізетін саясатының, жалпы табиғатының айнасы іспетті емес пе?! Газеттің атауын қалай жазып, қалай орналастыру мәселесімен Әдекеңмен бірге келісе отырып, біршама жұмыс жасадық. Сол жолғы газет ұжымының өзі ерекше топ – есімі елге ендіенді белгілі бола бастаған, журналистика, ғылым, поэзия саласының босағасын аттаған алғашқы нық қалам иелері Аманжол Сақыпұлы, Әділ Ботпанов, Дүйсенбек Аяшұлы, Нұрлан Көбегенұлы тағы басқа уыздай жастар болатын».

«Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық...»

Газет алғашқы күннен бастап ұстанымы айқын екенін байқатады. Қазақ тілінің жанашырына айналған басылым әрбір санында аймақтағы мекемелердің құжаттарының қай тілде жазылып жатқанына дейін зер салып, тіпті қазақ тілінде жаза алмай жатқан мекемелердің атын атап, түсін түстеп жазады. Мәселен, «Ана тілім – алтын тұмарым» айдарымен облыстық тіл басқармасының мекемелерді аралап, құжаттары орыс тілінде жазылған жайттарды әрдайым газет бетінде жариялап отырған. Ал келесі сандарда кемшілікті түзеген мекемелер туралы да оқырманға ақпарат берілуі газеттің өз миссиясын жоғары деңгейде атқаруға жауапкершілікпен қарағаны сезіледі. Тіпті газеттің соңғы бетінде «Қуақы» айдарымен берілген сынсықақтың өзі ана тілінің мәртебесін көтеруге арналған. Облыстық тіл басқармасының тіл мерекесін ұжымдарда өз дәрежесінде атап өту әр басшының азаматтық борышы екенін газет арқылы үндегені сол уақытта тіл мәртебесін көтеруге қаншалықты жұмыс атқарылғаны және баспасөздің ықпалы зор болғанын көрсетеді.

1995 жылғы 1 сәуірде ҚР Президентінің №2164 «ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы» Жарлығы шығып, осыған орай тіл басқармасы Ұлт саясаты жөніндегі комитет болып қайта құрылды да, тіл басқармасы сол комитеттің бір тармағы болып қалды. Осыдан бастап газет Ұлт саясаты жөніндегі Қызылорда облыстық комитетінің басылымы болып шыға бастады.

1995 жылдың тамыз айынан бастап басылымға «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ құрылтайшы болды.

 Газет 1995 жылдың №23 санынан бастап Қызылорда облыстық тіл комитетінің, «Оңтүстікмұнайгаз» мемлекеттік АҚ-ның танымдық ақпаратты басылымы болып шыға бастады. Осы саннан бастап газетте мұнай тақырыбы жиі жарық көрді. «Мұнайшылар, мұнай бер!», «Мұнай миллиондар игілігі», «Алтын аймақтың адамдары», «Болашақтың баспалдақтары» деген тақырыптармен бірге «Мұнайлы аймақтың адамдары», «Құмкөл хабарлары» айдарлары тұрақты беріліп отырған. Газеттің логотипіне де өзгеріс енді. Мұнай скважиналарының суреті логотиптен көрініс тапты. Осы жылы газеттің қосымша құрылтайшыларының саны артты. Атап айтқанда, облыстық мәдениет, білім басқармалары, облтелерадиокомпаниясы, «Ақмешіт» жабдықтау өткізу, «Алаугаз», «Қызылордамұнайөнімдері» «Ақмаржан» АҚ мекемелері газетке құрылтайшы болды.

1996 жылы газеттің таралымы 8000-ға жетті. Осыған орай газеттің басылу тәсілі өзгергенін «Редактор бұрышы» айдарында «Ақмешіт» оқырмандарына» деген тақырыппен хабарлайды: «Ақмешіт апталығы» газеті тиражының көбеюіне байланысты алдағы уақытта өзгеше тәсілмен шығуы мүмкін екенін естеріңізге саламыз. Яғни, облыстық «Полиграфия» бірлестігі газетті осыдан былай қарай №12 облыстық баспаханадан «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері секілді ротациямен басатын болады. Баспагерлердің пікірінше, газеттің сапалы шығуына мұның еш зияны тимейтін секілді. Газеттің мазмұны мен бағытына, тақырып қамтуы мен ұстанған негізгі мұратына «Ақмешіт апталығы» газеті редакциясы өзгеріс енгізбейді. Сонымен көзіқарақты оқырман қауым, өзіңізбен жаңа жылда қауышып отырған «Ақмешіт апталығы» газетіндегі аз-кем өзгеріске түсіністікпен қарауларыңызды өтінеді» деп жазады.

Жарық көрген жылдардан бастап Сыр өңірінің тұла бойы тұнған шежіресінен ел қорғаған батыр, бір ауыз сөзбен дауды тоқтатқан би-шешендер, қасиетті топырақтан шыққан әулиелер жайында жиі жарияланды. Елге белгілі азамат, ақын-жазушылар, өнер саңлақтары мен жыршы-жырауларға газеттің бірінші бетінен орын берілді. Осылайша жаңа серпіліспен келген басылым барлық газеттерге тән догмалық форматты бұзды. Әдеттегідей бас мақала емес, жоғарыда атап өткендей елге белгілі азаматтармен сұхбат бірінші бетте беріле бастады. Бұл кезең сұхбат жанрының алғы шепке шыққанын байқатады. Бұл өзгеріс тек «Ақмешіт апталығы» газетіне ғана емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ журналистикасына тән. «Ақмешіт апталығы» газетінде жарияланған сұхбаттың бір ерекшелігі кез келген кейіпкерінен қазақ тілінің жайы, оның тілге деген жанашырлығы жайында бір сұрақ міндетті түрде болды.

«Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық...»

Газеттің бірінші бетінің сұхбатпен басталуын бас редактор Әділхан Бәймен былай деп түсіндіреді: «Бірінші бетте суретпен жарияланатын сұхбат кейіпкерін таңдауға мән береміз. Біріншіден, сұхбатқа шақыратын адамның өзіндік ерекшелігі, айтатыны бар адам болуы керек. Сонда ғана оқылатын сұхбат шығады. Әрине, біз оны бірінші бетке беріп жүрміз. Газеттің сұхбат жанры ойды дәл, анық жеткізе білуге қолайлы деп түсінеміз. Сұрақ батыл тіке қойылса, оған жауап беруші кәсіби тұрғыда нақты жауап берсе, бұл жанрдың айдарынан жел есе береді» дейді. Газетте әрбір нөмір сайын түрлі сала өкілдерімен, уақыт туғызған мәселеге орай тиісті басшылармен және белгілі тұлғалармен сұхбатты бас редактордың орынбасары Аманжол Сақыпұлы жүргізіп отырған.

Газетте сұхбат жанрының алғы шепке шығуы басылымдар үшін жаңалық болғанын белгілі қаламгер Нұрділдә Уәлиев атап көрсетеді: «1994 жылы «Ақмешіт апталығын» ұйымдастырғанда басылым бетінде сұхбатжанры бірінші кезекте орын алды. Бірінші бетті суретімен жағымды геройға беру, жеке адам жөнінде әңгіме қозғау, сол арқылы қоғам бейнесін беру «Ақмешіт апталығының ұстанымы болды. Ол кезде үлкен етіп бірінші бетке суретімен жариялау сирек еді. Сұхбаттың рөлі өте күшті болды. Редакцияға келушілер көбейді».

Газеттің «Қуақы» айдарын жүргізуге белсене атсалысқан Қазыбек Әшірбекұлы: «Ақмешіт апталығы» – жаңалықтың жаршысы болып, оқырман қауымды еліміздегі әлеуметтік экономикалық жағдаймен, мәдениетпен, әдебиетпен, саясатпен, спортпен, тарихымызбен тұрақты хабардар етіп отырды. Әзіл-оспақ, сын-сықақ та газеттің сегізінші беті «Қуақы» деген айдармен апта сайын үзбей жарық көрді. Мен «Қуақыға» құлшына кіріскеннен кейін бас редактор алғашқыда жарты ставкаға, сәл уақыттан соң толық ставкамен жұмысқа алды. Әр дүниемнің астына Әшірқазы, Әзілқазы, Айқынқазы, Бекқазы, Ақиқаттегі деп жазатынмын. Шымкент қаласында тұратын белгілі сатирик Алпысбай Боранбаевпен хат арқылы хабарласып, дүниелерін «Қуақы» қоржынына қосып жүрдім. Сыр бойының белігілі сатира сарбазы Нұрмахан Елтай газетіміздің белсенді авторларының бірі болды. Бас редактормен ақылдасып, үздік сатиралық шығармаларға бәйге жариялаған кезіміз де болды» деп жазады.

Басылым жарыққа шыққаннан кейін бір жылдан кейін құрылтайшы іздеп шарқ ұруына облыстық тіл басқармасы ғұмырының ұзақ болмауы да әсер етсе керек. Бұл туралы белгілі қаламгер Әскербек Рахымбекұлының естелігіне сүйендік: «Жаңа басқарманың өмірі ұзақ болмады, көп ұзамай жабылды. Басқа облыстардағы осы тектес мекемелер жұмыс істеп жатқанда елден алабөтен біздегісінің белі үзілгеніне жанымыз ауырғанын жасыра алмаймыз. Іштей үгілсе де Әділхан сыртқа сыр алдырмады. Мекеме тарамай тұрғанда жанынан «Ақмешіт апталығы» атты газет шығаруды қолға алған, енді бірыңғай сонымен болып кетті. Бұл аймақтағы бірінші беташар жеке басылым еді» деп жазады.

1996 жылы «Ақмешіт апталығы» газетінің екінші кезеңі басталды. Бар-жоғы бір-екі жыл ішінде сапалы мазмұнымен танылған басылым 1996 жылдан бастап жекеменшік басылым ретінде екінші кезеңге қадам басты. Алайда басылым өз ұстанымынан айныған жоқ. Сол уақыттардағы үдеріске еріп сенсация қуып арзан дүние жариялауға жол бермеді. Жыл өткен сайын мазмұны байи түскен басылым аудиториясы жаспен шектелмеді. Үлкеннің де, жастың да, тіпті саясаткер мен өнер адамының, өндірісші мен ақынның да іздеп жүріп оқитын талғамы жоғары басылым болғанын сол жылдардағы таралымынан байқауға болады.

2004 жылы газеттің бас редакторы Ә.Бәймен дүниеден озғаннан кейін газет жайы қалай болар екен деген сауал шығармашылық ұжымның ғана емес, оқырманның көкейіндегі де сауал болатын. Дегенмен газет жабылмады. «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шығуына тертөккен, іргесін бірге қаласқан, кейіннен «Халық» газетін ашып, Сыр журналистикасына тағы бір мазмұнды басылым қосылуына үлес қосқан Аманжол Сақыпұлы газеттің жыл аяғына дейін шығуына көмектесті.

«Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық...»

Осы жылдың 5 қарашасынан бастап газеттің бас редакторы міндетін атқарушы болып белгілі журналист, еңбек жолын осы газеттен бастаған, есімі де «Ақмешіт апталығы» газетімен танылған, бұған дейін «Халық» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарған Нұрлан Көбегенұлы атқарды. Газет жұмысына кіріскеннен-ақ ұстаз есімін ұмытпауды жөн санаған ол басылым арқылы «Әділхан Бәймен атындағы проза, поэзия жанрына қалам тербейтіндерге арналған бәйге жариялады. Ол «Ақмешіт асулардан аса береді» атты оқырманға арнау сөзінде былай деп жазады: «Сыр өңірі баспасөзінде танымдық-ақпаратты басылым «Ақмешіт апталығы» газетінің орны бөлек. Облыста жарық көрген тұңғыш тәуелсіз басылым. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін нығайтуда алғашқы болып, әрі талай рет мәселе көтеріп, үн қосты. Тілімізді тірілтті, жоғалғанымызға қол жеткізді.

Тәуелсіз басылым ретінде елдің іргетасын қаласты. Осыншама қыруар шаруаның басында ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Сыр бойының азаматы Әділхан Айтмағанбетұлы Бәймен мырза еді. Қазір «Ақмешіт апталығы» Әділхан Бәйменсіз – Әдекеңсіз қалды. Уақыт тек алға жылжиды. Құбылмалы қоғам жақсыны үйретті, жаманынан жирентті. Шәкірттері Әдекеңнен тек жақсылық іс қылуды үйренді. Ұстаздың ісін жалғау – шәкіртке сын. «Ақмешіттің» алғашқы жылдарында бас редактордың орынбасары болған Аманжол Сақыпұлы игілікті істі жалғастыруды қолға алды. Тәуекел кемесінің ескегін қайта қолға алды. Алғашқы еңбек жолым «Ақмешіттен» бастау алды. Үш жыл ішінде Әдекеңнің тәлімтәрбиесін көріп, шығармашылығым шыңдалды. Қысылтаяң шақта бас редакторлық қызметті маған ұсынып, үлкен жүкті артқан сәтте қарсылық білдіре алмадым. Қараша айынан бастап бүгінгі қаражат қиыншылығын серпіп тастап, «Ақмешітті» оқырмандарымен байланыса беруіне бел байлауды жөн санадық. Басылымның ғұмыры 10 жылмен шектелмейтіндігін біз елге дәлелдегіміз келді».

Бір жылдан кейін де газет жабылған жоқ. Газеттің іргесін қалауға жас маман болып тер төккен, бүгінде «Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол Сақыпұлының көмегімен «Ақмешіт апталығы» газеті бір сәтке тоқтамағаны газет жанашырларының естелігінде жиі айтылады. 2005 жылдың алғашқы санында сол кезде «Халық» газетінің бас редакторы қызметін атқарған Аманжол Сақыпұлы «Әдекең жаққан от сөнбейді» атты мақаласынан шәкірттерінің ұстаз аманатына адалдық танытқаны сезіледі. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп жатамыз. Тұл қалған адамың Әдекең емес. Бүгінгі күні алды елуге таяған жорналшы қауымнан бастап Әдекеңді ұстаз санайтындар легі жетіп артылады. Соның бірі біз, Нұрлан екеуміз болатын. Кешегі күні газет Әдекеңсіз қалған тұста аға аманатын жалғастыруды жөн санаған болатынбыз. Осы мақсатты иыққа артқан соң бүгін де тәуекелге бел буып отырмыз. Мақсат – Әдекең жаққан от сөнбесін, Әдекең шығарған газет жойылмасын, асыл ағаның көзі болып оқырманымен қауыша берсін дегендік. Газет басшылығын қолға алған Нұрланның іскерлік қайратына, ерік-жігеріне сенім мол» деп жазады.

Әріптес інілердің бұл ісіне қуанып, тілектестік білдірген газет жанашырлары аз емес. Атап айтқанда, белгілі журналист, дербес зейнеткер Нұрділдә Уәли «Әділхан Бәймен салған жол қайта жанданып жатқанына, оны өз ойлары, айтары бар, қаламы өткір, тәжірибелі, кезінде Әдекеңнің қанатының астында болған інілерінің қолға алғаны көңілге қонымды іс болып тұр. «Газетті жоғалтпаймыз, дамытамыз» дегендерің, бір жағынан адамгершілік, екінші жағынан журналистік қауымдастық деп білем» деп жазса, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкірұлы «Әдекең дүниеден мезгілсіз озса да, бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, өзі баптап ұшырған қыран құстай жаны сәулелі шәкірттері әрі қарай жалғастырмаққа бел буыпты» деп қуана тілектестігін білдіреді.

2005 жылдан бастап газеттің бас редакторы қызметіне кіріскен Нұрлан Көбегенұлы «Сенім жүгін арқаға арттық» атты оқырманға арнау мақаласында «Әдекең інілері алдында биік. Өзі тәрбиелеген әріптес інілері – «Ақмешіттің» жігіттері Әдекең тіккен шаңырақтың түтінін түтетіп, биіктігін ұлықтай бермек. Біз осылай шештік. «Ақмешіттің» жаңа құрамы жаңа жылдан бастап Әдекең салған ізді жалғастырмақ. Біз сіздермен қайта қауыштық. Алда үміт бар. Сіздердің бізге артқан сенім жүгі бар. Ең бастысы, біз бен сіз үшін маңызды Әдекеңнің шаңырағы – «Ақмешіт апталығы» бар.

Мұнан кейінгі редакторлар Нұржан Нұрмағанбетов, Нағымжан Сауяев та газеттің мазмұнды шығуына үлкен үлесін қосты.

Ширек ғасыр тарихы бар басылымның үшінші кезеңі – «Ақмешіт апталығы» газетінің Қызылорда қаласы әкімдігінің басылымына айналуы. 2011 жылы қала әкімдігі жанынан «Қызылорда медиа» атты кәсіпорын құрылды. Осы кезде газет құрылтайшысының шешімімен басылым қала әкімдігі жанынан құрылған медиа серіктестікке берілді. Бұл шешім «Ақмешіт апталығының» ақпарат айдынында одан әрі қарай еркін жүзуіне жасалған қадам болды. 2011 жылы 27 сәуірде ҚР Байланыс және ақпарат министрлігіне қайта тіркелген «Ақмешіт апталығы» газетінің тарихындағы үшінші кезең басылымның құрылымына да, бағытына да өзгеріс енгізді. Басылым «қалалық қоғамдық-саяси» газет болып өзгерді. Жаңа кәсіпорынның құрылу ісінің басы-қасында жүрген «Қызылорда медиа» ЖШС директоры бас редакторы Мұрат Жетпісбаев өз естелігінде былай деп жазады: «Қала әкімдігінің жанынан «Қызылорда медиа» атты кәсіпорын құрылды. Айтуға оңай болғанымен жаңа кәсіпорын құру дегенің қазабат шаруа екен. Үш ай табанымыздан тозып, түрлі мекеме араладық. Әкімдік бөлген қаржыға редакцияның бүкіл мүлік-мүккәмалын жаңарттық. Газеттің дизайнын өзгерттік, түрлі түсті форматта шығара бастадық. Қалада атқарылып жатқан жұмыстарды кеңірек көрсету үшін «Бүгінгі мен бұрынғы», «Сырт көз» атты айдарлар енгіздік. Арнайы беттер жасадық. Аз уақыт ішінде тиражымыз 1,5 мыңнан 5 мың данаға дейін өсті».

«Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық...»

2014 жылдың қаңтар айынан бастап газет «Сыр медиа» ЖШС қарамағына өтті. Басылымдардың бір шаңырақ астына бірігуі Сыр журналистикасына серпін әкелді. Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінің салынуы, редакциялардың материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі газет мазмұнына да оң әсерін тигізді. Сонымен қатар осы уақыттағы атап айтар жаңалық – әр газеттің сайтының жасалуы. Уақыт талабына сай интернет мүмкіндігін ақпарат таратуға пайдалану, сайт жұмысын жүргізу осы жылдардың еншісіндегі жаңалық болғаны анық. Қалалық газет тарихында Кенжалы Ерімбетов, Дүйсенбек Аяшұлы, Әділжан Үмбет, Қаныбек Әбдуовтың редакторлық қолтаңбасы қалды.

 Бүгінде қалалық газет ретінде бас шаһардың тыныс-тіршілігін жазумен қатар әу бастағы асыл мұраты – ұлттың үні, ұлттық құндылықтарды насихаттаудан жаңылған емес. Газеттегі «Ақмешіт Қызылорда болғанда», «Тарих», «Атамекен, мен сені білемін бе?» деген айдарлар осының дәлелі.

Газет тігінділерін ақтара отырып, газеттің жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай басылымның іргесін қалаған ағалардың: «Біз өз қолымызбен қаладық, иығымызбен көтердік, қол жаймадық…» деп оқырманға сыр ақтарғанын көзіміз шалды. Бұл мазмұнды газет шығару жолында ауыр жүк арқалаған ағалардың кейінгі буынға аманатындай әсер етті, намысымызды қамшылай түскендей.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: