Бейсенбі, 26 желтоқсан, 08:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Дарияға сеніп егін егуге бола ма?

25.12.2021

1400 0

Биылғы жазда Сыр өзеніндегі судың деңгейі төмен болды. Бұл егіншілікпен айналысатын диқандарға қатты әсер етті. Енді келер жылы дарияның жағдайы қалай болады. Диқандар Сыр өзеніне сеніп, егін еге ала ма?

Тіршілік көзінен таршылық көру кімге оңай соқсын? Су азайса да Сыр күрішін азайтпау керек. Сол үшін де еңбекшіл қауым ебін тауып, егінін мейлінше мол алуға тырысты.

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қала бойынша биыл 4133 гектар жерге күріш егіліп, барлығы 21 264 тонна күріш алынған. Сонымен қатар 100 гектар күздік бидайдан 90 тонна, 365 гектар жаздық бидайдан 297,5 тонна өнім алынған. Одан бөлек 48,3 тонна арпа, 3196 тонна жоңышқа, 6 тонна мақсары бар. Сондай-ақ биыл диқандар қаланың «астық қамбасына» 17397 тонна көкөніс пен 13167 тонна бақша дақылдарын толтырды.

Дарияға сеніп егін егуге бола ма?

Нәтижесінде Қызылорда қаласында 1 желтоқсандағы дерек бойынша ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 12,8 млрд теңгені құрайтын өнім жиналған. Су тапшылығы туындатқан мәселелерге қарамастан өнімнің нақты көлемінің индексі өткен жылмен салыстырғанда 5,9 процентке артқан.

Су тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылған. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек баяндап берді.

– Егістікті сумен қамтамасыз ету мақсатында шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдарынан бар-лығы 86,3 мың текше метр топырақ тазартылды. Сондай-ақ Қосшыңырауға екі, Ақсуатқа екі, Қызылөзекке екі, Талсуат пен Белкөлге бір-бірден су насостары орнатылды. Ал егін шаруашылығында суды үнемдеу мақсатында күрішті көшеттеп егу технологиясы тәжірибе ретінде алғаш рет енгізіліп, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен мен «Golden Bridge Turan» серіктестігі бірлесіп, жапон техно-логиясымен 175 гектар жерге Өзбекстанның «Лазурный» және «Искандер» сорттары көшеттеп егілді. Тамшылатып суару технологиясымен Қарауылтөбе ауылдық округінде 4 гектар қызанақ және Қызылөзек ауыл-дық округінде 8 гектар картоп егіліп жиналды, – дейді бөлім басшысы.

Дарияға сеніп егін егуге бола ма?

Бөлім басшысы Нұрбек Әзірбекұлы келер жылы су тапшылығын болдырмау мақсатында жүзеге асатын жобаларының жоспарымен де бөлісті. Мәселен, облыс бойынша 2025 жылға дейін суармалы алқаптарда су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес келесі жылы қашыртқы суын насос қондырғылары арқылы қайта пайдалану жоспарланып отыр. Бүгінгі күні қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында қажетті 5 дана насос қондырғыларын 2022 жылдың бюджеттік өтінімге енгізуге «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына ұсыныс хат жолданған.

Одан бөлек, 150 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолдану және 2020 жылы күріш дақылын 100 гектарға көшеттеп егу жоспарланып отыр екен.

Дегенмен Сырдариядағы су деңгейінің азаюы бұл біздегі ғана мәселе еместігін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі атап өтті. Серік Қожаниязов Орталық коммуникациялар алаңында «Арнасы тартылып бара жатқан Сырдария өзенін қайта қалпына келтіру бойынша қазіргі уақытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» деген сұраққа «Сырдария өзенінің арнасы тартылып барады деп айтуға болмайды. Сырдария өзенінің суы азайып барады. Ол – біріншіден, табиғи құбылыс. Осымен төртінші жыл Дария суының азаюы жалғасып келеді. Оған қыс мезгілінде қардың аз түсуі, жауын-шашынның аз болуы себеп болып отыр. Су Қазақстанға келем дегенше, жоғары жақта бірнеше ел бар – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан. Бұл елдерде де суға мұқтаждық бар, – деп жауап берді.

Вице-министр мәселені шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайымен бөлісті: «Біз қарап отырған жоқпыз. Жұмыс істеудеміз. Біріншіден, Арал-Сырдария бассейнінің өзге елдің суына тәуелділігі 91%. Қазақстан аумағында шамамен қалған 9% су пайда болады. Сол себепті сыртқы елдермен түрлі тәсілдерді пайдаланып, шаралар қабылдап жатырмыз, – деді экология министрлігінің өкілі.

Билік мәселенің мәнісін майшаммен қарап жатыр делік. Дегенмен әзірге су тапшылығы әлі де болса күн тәртібінен түскен жоқ. Сол қиындықтардан шаруашылық иелері биыл қалай өткенін, қандай шаралар қолданғанын сұрап білуді жөн көрдік. Бұл мақсатта ел қамбасын толтыруға айтарлықтай үлес қосып отырған «Жаңажол» ЖШС басшысы Орынбасар Төлеповпен тілдестік.

Шаруашылық басшысы биылғы жылы су деңгейі төмен болғанын, ол егінге біраз қиындық тудырғанын жасырмады. Судың келмеуінің себептерін де атап өтті.

Дарияға сеніп егін егуге бола ма?

– Жалпы су деңгейінің азаюының түрлі себебі бар. Қырғызстаннан бастау алатын су негізінен таудағы мұз-дақтардың еруінен пайда болады. Ал ауа райының 1,5 градусқа жылуы судың азаюына себеп болып тұр. Жылда айтлып жүрген мәселе болғанмен, биылғы судың азаюы егінге үлкен әсер етті, – дейді шаруашылық басшысы Орынбасар Өтепұлы.

Биыл «Жаңажол» шаруашылығы 2920 гектар жерден 21000 тонна күріш жинаған. Шаруашылық өзі жоспарлаған межеге де жетті. Бірақ бұл көрсеткішке жету үшін қосымша шығын жұмсауға тура келген. Оның ішінде су қашыртқыларына су айдау үшін қосымша насостар орнатқан. Әр жерде орнатылған насостардың жұмыс істеуі үшін жанармай керек. Оның да бағасы қалтаға салмақ екені анық.

Орынбасар Өтепұлы облыстық мәслихат депутаты, әрі шаруашылық басшысы ретінде жақында судың тап-шылығына байланысты өткен арнайы жиынға да қатысқан.

– Біз қазір Шіркейліге түсіп жатқан судың нақты көлемін білмейміз. Жақында бір австриялық компания Шіркейлі каналының бойына арнайы шлюз орнату ұсынысын жасады. Олардың құралы заманауи, барлығы компьютер арқылы басқарылады. Бір артықшылығы, келіп жатқан су көлемін анықтайды, қажетті суды есептеп жібере алады. Яғни ол құрал маған қажетті суды есептеп, шлюздер арқылы жіберетін болады. Әр шаруашылық суды үнемдеп пайдаланса, бұл мәселені реттеуге мүмкіндік бар. Бірақ бір мекеме өкілдері бұл жобаны құптамай отыр, – дейді ол. Ол депутат ретінде алдағы сессияға бұл жобаны ұсынып та көрмек.

Орынбасар Төлепов басқаратын шаруашылық келер жылы 3400 гектар жерге күріш егуді жоспарлап отыр. Дегенмен егінге келетін кері әсер есесін жібермей тұрғандай. Мәселен, арнайы тыңайтқыштарды сатып алуда да біраз қиындық бар. Бүгінде кей тыңайтқыштардың бағасы 2-3 есе өсіп кеткен. Жанармайдың бағасы да күн сайын шарықтап барады. Сол себептен шаруаларда «Өз шығынын да жаба алмай қаламыз ба…» деген қорқыныш та жоқ емес.

Бұл мәселеге орай Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Жанұзақ Баймановтың айтуынша, 2021 жылдың вегетациялық кезеңінде Шардара су қоймасына 4084 млн текше метр су түсуі болжанса, нақты түскен су көлемі 2319 млн текше метрді құраған. Алдағы жылға болжамдар мен қазіргі жағдай да мәз емес екен. Қазіргі уақытта Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған су көлемі 15,2 млрд текше метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 млрд аз. Бүгінгі күні Шардара су қоймасында 1418 млн текше метр, яғни өткен жылмен салыстырғанда 814 млн текше метрге кем. Көкбұлақ су бекетіне секундына 484 текше метр су түсуде, ол өткен жылмен салыстырғанда 397 текше метрге кем.

Дарияға сеніп егін егуге бола ма?

– Сырдария өзенінде су көлемі мөлшерден аз болуына байланысты биылғы жылдың су пайдалану маусымында су тапшылығы байқалып суармалы егіске су жетіспеуі орын алды. Осы тығырықтан шығу үшін біраз шаруашылықтар насос қондырғыларын пайдаланып, күрішті тұздылығы жоғары қашыртқы суымен суарса, көптеген шаруашылықта күріш атыздарындағы сулар уақытылы ауыстырылмады. Бұл шаралар өз кезегінде күріштің суару режимінің бұзылуына және өнімділіктің төмендеуіне тікелей әсер етті, – дейді Жанұзақ Нұрділдәұлы.

Сондай-ақ жыл сайынғы вегетация кезінде орын алып отырған су тапшылығын азайту мақсатында алдағы жылдары егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарына басымдық беру керектігін айтты. Бұл бағытта күріш институты ғалымдары, бүгінгі күнге дейін ауыспалы егіске енгізіліп жүрген жоңышқа, бидай, арпа, мақсары дақылдарынан бөлек, құрғақшылық пен топырақ тұздылығына төзімді және мал азықтық көрсеткіштері жоғары түйе жоңышқа, қант құмайы сынды дақылдарды ұсынып отыр екен.

Соңғы жылдардағы өңірдегі ауыспалы егіс жүйесін басқару мен пайдалану бағытындағы өзгерістердің әсері-нен, инженерлік жүйенің құрамындағы суару каналдары мен қашыртқы-кәріз жүйесінің және олардың бойындағы гидротехникалық құрылыстардың пайдалану тәртіптерін толық сақталмауынан ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайларының нашарлап, топырақтарының тозуына байланысты суармалы жерлердің көлемі мен өнімділігі кеміген.

«Ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайының нашарлауы әртүрлі дәрежедегі канал арналарының деформацияға ұшырап, қамыстар мен түрлі өсімдіктің өсуіне тікелей байланысты. Осы себептер олардың су өткізгіштік қабілеттерін төмендетіп, су қорларының тиімсіз шығынының мөлшерін арттырады», – дейді ғалым.

Қызылорда облысында орналасқан суармалы жерлерде жер асты суының деңгейі негізінен көлденең кәріздер мен қашыртқылар арқылы төмендетіледі. Бірақ олардың көп жылдан бері тазаланбай, жөнделмеуіне байланысты жер-асты суының деңгейін толығымен төмендете алмауда. Осы үдерістің әсерінен суармалы топырақтың тұздануы мен сортаңдануы жеделдеп, олардың ауданы ұлғаюда. Сондықтан қазіргі кезде облысымыздың суармалы жерінің 70-80 проценті түрлі дәрежеде тұзданған. Сонымен қатар суармалы топырақтардағы қоректік заттар – қара шірік, азот, фосфор, калий қоры да кеміп кеткен.

«Осыған орай, қазіргі кезде өңірде ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық, мелиоративтік жағдай-ларды жақсарту мақсатында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ суармалы жерлерді қайта айналымға қосу және қалпына келтіру туралы Елбасының тапсырмасына сәйкес Қызылордада 158 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар жерді қайта айналымға қосу жөніндегі, жалпы құны 161 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру үшін тиісті жұмыстар жалғасуда», – дейді Жанұзақ Байманов.

P.S. «Су жоқ жерде өмір жоқ. Ол ақиқат», – деп ақын Мәриям Хәкімжанова айтқандай, судың аздығы біраз қиындық алып келді. Егіні су сұрап тұрғанда, су беретін Сырдария жылап тұрғанда болашақты ойлап біраз уайымдайсың. Ертеден егінмен ел баққан Сыр жұртына бұл қиындық оңай тимей тұр. Ақ маржаны ас та төк болып шықпай қала ма деген ойдан шаруалар әбден шаршады. Бірақ үмітсіз шайтан. Еңбекші қауым еңсесін түсірген жоқ, «Бұл мәселе де шешілер» деп жақсылықтан үмітті…

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: