Сурет ашық дереккөзден алынды
Биылдан бастап жалпыға бердей декларация тапсырудың екінші кезеңі басталды. 2021 жылы бұған алғаш болып лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік функцияны орындауға уәкілетті және оларға теңестірілгендер мен олардың жұбайлары міндеттелді. Ал биыл кімдер тапсырады?
Биылдан бастап жалпыға бердей декларация тапсыру бюджет қызметкерлеріне – мұғалімдерге, дәрігерлерге, спорт және мәдениет өкілдеріне, квазимемлекеттік және ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайы, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы декларациялауға жатады.
Ресми дерек көзіне сүйенсек, жалпыға бірдей декларациялау жүйесінің алғашқы жылына енгендер қаржы министрлігі бекіткен 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынуға міндетті.
Айта кетерлігі, жалпыға бердей декларация тапсырудың алғашқы жылында 250-нысанды толтыру тапсырылады. Мұнан кейін жыл сайын 270-нысанды толтырып отыру қажет.
Ал 250-нысанда қандай мәліметтерді көрсетесіз дегенге келсек, бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне егжей-тегжейлі жарияланды. Біріншіден, мұнда Қазақстаннан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Оларға жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, көлік құралдары арнайы техника және тіркемелер, елден тыс жерлердегі шетелдік банктердегі есепшоттардағы ақша, елден тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі жатады. Сондай-ақ декларацияда Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Бұған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үй ғимаратындағы үлес, бағалы қағаздар, қаржы құралдары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, қолма-қол ақша, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі жатады. Сонымен қатар декларацияда сенімгерлік басқаруға берілген мүлік көрсетілуі тиіс.
Айта кетелік, бірінші жылы салық төлеушілер 250-нысанды толтырса, келесі жылы 270-нысан бойынша декларация тапсырады. Кейіннен «кіру декларациясында» көрсетілген мүлік және ақша қаражаттары туралы мәліметтер ірі сатып алу немесе мәміле кезінде растау құжаттарының орнына жүре алады. 250-нысанның декларациясы жалпыға бердей декларациялау жүйесіне кірген күнге барлық активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған болса, 270-нысанның декларациясында өткен күнтізбелік жылдың мәліметтерін көрсету қажет. Яғни өткен жылы не сатып алып, нені иеліктен шығарғанын түгел көрсету қажет.
Заң бойынша декларация тапсырудың екі мерзімі бар: қағаз жүзінде тапсырса, 15 шілдеден кешіктірмеу керек. Ал электронды түрде 15 қыркүйекке дейін тапсыруға болады. Декларация электронды құжатпен мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушінің кабинеті» (cabinet.salyk.kz), электронды үкімет (egov.kz), сондай-ақ eSalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады. Ал қағазбен тапсырылса, салық органына, ХҚКО-ға немесе поштаға бару керек.
Тағы бір атап айтарлығы, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші реет ескерту берілсе, екінші ретінде 15 АЕК, толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Жалпыға бірдей декларация тапсыру не үшін қажет? Көлеңкелі экономикамен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуді, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асуда. Салық органдары салық төлеушінің бастапқы декларациясын және кейінгі декларацияларда не көрсетілгенін салыстырады. Егер азамат кіріс көздерін растай алмаса, онда ол осы сомадан салықтың 10 пайызын төлеуге мәжбүр болады. Бақылау 2025 жылдан кейін басталады. Бұл кезде халықтың барлық санаты жалпыға бірдей декларация тапсырады.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!