Бейсенбі, 23 қыркүйек, 14:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77 (1777)
21.09.2021
PDF мұрағаты

Мені аман алып қалған мейірім

19.06.2021

567 0

«– …Өмірімнің бәрі көз алдыма келген сәт еді, бұл. Ажалмен арпа­лысқан сол бір кезді ұмыта алмаспын.

–  Ол күндер де артта қалды. От­басыңызға аман-есен оралдыңыз. Құпия болмаса, індеттен қалай айық­тыңыз?

– Мені бір тылсым күш аман алып қалды. Аурухананың сыртында, айна­ламда мейірім­діліктің шуағын сездім. Көмек қолын созған әрбір жаннан қуат алып, келешекке деген сенімді жоғалтпадым. Мен секілді талай адамды да аман алып қалған – сол мейірімділік».

Бұл – мақаланы әзірлеу ба­рысын­да вирус жұқтырып, бір өліп, бір тіріл­ген ажалдың аранынан аман қалған кейіпкермен болған диалогтан үзінді. Бізге әңгіменің ерекше әсер еткен осы тұсы пандемия кезіндегі адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен жақсылығын жете сараптауға түрткі болды.

Әлем реңін өзгерткен індеттің жер бетіне жайылғанына жылдан асты. Алғашында вирустың құр­лық асып таралатын қауқары барын елемеген жұрт «ары асса, Қытайдан қайтар» деген үмітпен қамсыз жүрген. Алайда көп өтпей коронавирус Еуропа мен Америкаға дейін жетіп, бір сәтте жер-ғаламды құрсауына алып үлгерді. Жағдайдың бұлай ушығуына дайын болмаған әлем елдері шекара қымтап, оқ­шауланғанша қаншама отбасы қара жамылып, тәж-тажалдың тырнағына іліккен миллиондаған науқас жарық дүниемен қошта­сып кете барды.

Қазақстанда да жағдай мәз емес-тұғын. Оттегі аппаратының аздығы, ауруханадағы орын тап­шылығы, оттегі жетіспеушілігі мәселесі отандық денсаулық сақтау саласын біраз әбігерге салғаны мәлім. Оған қоса дәріханада – кезек, елде – карантин. Халық «Ендігі күн не болмақ?», «Бала-шағаны қалай асыраймын?», «Оқшаулау қашанға дейін жалға­сады?» деген сан сауалға жауап алуға асығып, үрейлене бастаған. Дегенмен көптің демеуі мен жұмыла көтерген жүк қос бүйірден қысқан қиындықты аластағандай сезілді. Оның үстіне көп өтпей карантиндегі халыққа қаржы бөлініп, оқшаулаудың да оңтайлы тұсы көрінген шақта сенім де ширай түскені бар.

Байқағанымыз, түздегі өмірге бой үйреткен қоғам үйге енгеннен ағайын­ның қадірі артып, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы нығайды. Отбасы құндылығы, өзара ой бөлісу дағдысынан жы­рақтай бастаған қаншама шаңырақ қатесін түзеп, олқылықтың орнын тол­тыруға үлгерді. Адамдар ара­сында мейірім еселеніп, жақсылық жа­сауға пейілді жанның қатары көбейді, кенет…

Қадірі артқан мамандық

Иә, кенеттен орын алған алғашқы карантинге көпшілік  тосырқай қарады. Еркін өскен дала жұрты елді мекеннің өзінде ел аралап, өзге ауылдарға баруына жол жабылды. Қауіптің салдарын алғаш естігенде түрліше жорып, мысқылдай жауап қай­тарғанмен, кейін мемлекет пәрменінен соң салмақты саралай алды.

Жасыратыны жоқ, күрделі кезеңде бүгінгінің батырларын таныдық. Ол – ерлік білекпен емес, кең көңіл, кәсіби шеберлік арқылы көрінетінін дәлелдеген дәрігерлер. Індет бастау алған сәтте «ақ халатты абзал жандар» әрбір науқастың амандығын тілеп, жанұшыра жәрдем көрсетіп бақты. Күн-түн демей, жанында болып, жағдайдың жеңілдеуіне күш салды. Тіпті науқастар мен отбасының саулығы үшін айлап ауруханада түнеп, дерттің беті қайтқанша үзіліссіз жұмыс істегендер де бар. Себебі аз зерттелген вирус сол кезгі емнің ығына жығыла қоймаған еді. Салдарынан дәрігерлер өздері де індет жұқтырып, қызмет барысында жан тапсырған жанкешті ерлік те танытты. Сондықтан адамзат қадірін жете түсінген мамандық иелері індетпен күресте шешуші рөл атқарды деуге толық негіз бар.

– Пандемия кезінде Сыр елінің дәрігерлері қызметін адал атқарып, көпке үлгі болды. Нау­қастардың саны артқанына қарамастан қолда бар материалдық-техникалық базаны сәтті пайдаланып, кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін көрсете алды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің көмегі арқылы қол жеткізген дем алуға арналған құрылғылар науқастардың өмірін сақтап қалуға әсер етті. Қала әкімдігі мен еріктілер тарапынан көрсетілген кө­мектер де айтарлықтай жеңілдік туғызды. Соның арқасында жағдай тұрақталып, бастапқыға қара­ғанда шақыртулар саны азайды. Ал тұрғындар болса, оттегі баллондарын тасымалдауға көмектесіп, жұмыстың тоқтамауына сеп болды. Сондықтан азаматтардың амандығы – Сыр жұртшылығының ортақ жәрдемінің нәтижесі, – деді Қызылорда теміржол ауруханасының директоры Сұлтанбек Кенжебаев кезекті пікірінде.

30 жылға жуық «Қызылорда облыстық жедел жәрдем стансасында» терапевт дәрігер болып қызмет атқарып келе жатқан Жанат Жұмалиев – пандемия кезінде індетпен бетпе-бет келген аза­маттың бірі. Сала маманы коронавирус ушыққан шақта тәуліктік шақырту саны артып, науқастар қатары көбейгенмен дәрігерлер негізгі жұмыс дағдысынан айнымағанын жеткізді.

– Біз үшін әрбір науқастың өмірі қымбат. Сон­дықтан пандемия кезінде қателесуге жол беріл­мейді. Қандай да бір кедергі туындаса, дереу олқы­­лықты түзетуге күш салып, жұмысқа кедергі келтір­меуіне жағдай жасалды. Мәселен, індет жағдайында жұ­мыс режимі, ем-дом шарасында үлкен өзгерістер орын алды. Тәуліктің басым бөлігін ауруханада өткіз­геніміз бәріне мәлім. Науқастардың пандемияны ауыр өткеруі, қиналуы бізге де оңай емес. Сол үшін күні-түні еңбек етіп, қолдан келген көмекті көрсеттік. Бұрын-соңды мұндай көлемде емдік шарасын жасау, балалар мен жүкті әйелдерді емдеу секілді тәжірибе кемшін еді. Осы тұрғыда пандемия медицина саласы қызметкерлеріне үлкен сынақ әрі кәсіби мектепке айналды, – деді Жанат Жұмалиев.

Шынында, бүгінде ахуалдың оңалуы – дәрі­герлер мен жанашыр жандардың ортақ жеңісі. Сондықтан медицина қызметкерлеріне айтылар алғыс пен құрметтің орны ерек. Мемлекет те жағдай саябырсыған сәтте індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеп, түрлі марапат тапсырып, лайықты бағалауды қолға алды. Алайда дәрігерлерге арналған ең үлкен құрмет пен баға халықтың шынайы ризашылығы болғаны белгілі.

Мейірімге жұмсалған миллиондар

Кім-кімде болмасын, қиын сәтте сыналады емес пе? Аймақтағы кәсіпкерлер де ел басына күн туған шақта кісілігін көрсетуге асықты. «Басыма түспеді» деп, шет жүрген, «қатысым шамалы» деп, қашқақтаған ешбірі жоқ. Бәрі бірдей жұмыла көтерді, жабыла еңсерді. Бірі хал үстіндегі науқасқа оттегі құрылғысымен көмектессе, енді бірі қажетті тасымал мен дәрігерлерге ыстық тамақ, жатын орынды қамтамасыз етуді мойынға алды. Әйтеуір, «ел саулығы – өз саулығым» деп түсінгеннен болар, ажал аузындағы науқасқа араша болуға қолында барын аямаған анық.

Мәселен, індетпен күреске «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев 3 млн 200 мың теңге, «Жан-Арай» ЖШС директоры Бағдаулет Мақашев 3 млн теңге бөлсе, «Өмірзақ» ЖШС 2 млн теңге көлемінде қаржылай жәрдемдескен. Бұған қоса, «Мағжан и К» компаниясының басшысы Мағжан Ералиев 700 дана оттегі баллонымен және арнайы 50 дана қорғаныш киімін, «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС директоры Нұрболат Ибраев 2 оттегі конденсаторын ауруханаға сыйға тарқан.

– Әлемді шарпыған пандемия Қазақстанды да айналып өтпегенін білеміз. Осындай сын сәтте шаһар кәсіпкерлері науқастарға көмек көрсетуді жүйелі қолға алды. Қала әкімдігі мен денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп, қажетті құрылғылардың санын, жеткізу мерзімін нақтылап, мүмкіндігінше жәрдем беруге талпындық. Әрине, елішілік жолдар мен халықаралық шекара уақытша жабылғандықтан кейбір медициналық құрылғыларды жеткізуде кедергілер болғаны рас. Алайда ол мәселе де оң шешім тауып, сәтті жүзеге асты, – деді «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС директоры Нұрболат Ибраев.

Сонымен қатар ізгі істің басы-қасында бол­ған «Ақтөбе и К» 700 дана, «Жомарт» қоғамдық қоры­ның еріктілері 60 дана, «Сыбаға» ЖШС 40 дана оттегі баллонын, «Азамат» ЖШС 3 дана оттегі концентра­­тын ауруханаға табыстаған. Ал «Кореана», «Тондемун» дәмханасы ұжымдары медици­на қызметкерлері мен блок-бекеттегі қыз­меткерлерді және аз қамтыл­ған отбасыға азық-түлік қоржындарын үлестірсе, «Bella Vista» кешені, «Қызылорда», «Бәйтерек», «Арбат», «Selena star» қонақ үйілері дәрігерлердің демалуы­на арнап орын әзірледі.

«Қол жұмылмай — жылынбайды»

Расында, індеттің салқынын қазақ қоғамы ауыр өткерді. Баласын жоқтаған ана, жақынын аза тұтқан бауырдың үні ұлы далада жаңғырып жатқандай сезілетін. Тәж-тажалдың уысына ілінген қаншама зиялы қауым, жақсы мен жайсаңның есімін білгенде де көптің күрсінісінде шек болмады. Тіпті дерттің асқынған шағында күнара қаралы хабарды естіген халық еңсесі түсіп, аза тұтты. Оның үстіне дүние салған науқастың жерлеу рәсіміне қатысатын адам санын шектеу, жақынға көңіл айтып, шаңыраққа бас сұға алмау «жараға тұз сепкеннен» кем емес еді. Алғашында құдайы асқа жасырынып барған үлкен буын, кейін қазаға қоңырау шалып, қайыр айтып, үйден «бет сипайтын» болды. Амал не, індеттің әлпетін көрген жұрт, бір-біріне өкпе артпады…

Осындай сәтте жадау көңілге медеу болған оқиға – көп болып қайырымдылыққа ұмтылу, жақсылық жасауға талпыну. Нәубеттің бетін қай­тару үшін жанындағы бауырға, жақындағы көршіге қол ұшын беріп, жәрдемдесу көбейді. Азаматтар мұқтаж жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек апарып, алғысын алды. Жер-жерде қайырымдылық акция­лары өтіп, қажетті медициналық құрал-жаб­дықтар мен дәрі-дәрмектер ауруханаларға тегін таратылды.

Жомарт кәсіпкерлерді айтпағанда, әзер жан бағып отырған бұқара халық та қолында барды бөлісіп, жақсылыққа қарымта қайтарды. Ең азы, блок-бекетте қызметте тұрған әскерилер мен дәрігерлерге тамақ тасып, «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» игі іске үлес қосуға әрекет жасады. Мұның өзі қазақтың талай зобалаңнан аман алып шыққан адалдығы, даладай пейілі, жомарт жүрегі санадан, тектен өшпегенін көрсетсе керек.

Қиын сәтте халыққа көмек қолын созған белсенділер қатарында Айнұр Құлмырзаева да бар. Одан пандемияда білек сыбана көмек көрсетуінің себебін сұрағанымызда анасымен тағдырлас жандарға деген ықылас пен адамдарды індеттен арашалауға деген ұмтылыс екенін аңғартты:

– Анам науқастанып, оттегі қажет кезде шарасыз болдық. Сол сәтте «Оттегі баллонын қайдан табамыз?», «Қалаға қалай жеткіземіз?» деген сауалмен таң атырғаным есімде. Дегенмен көп ұзамай анам ем алып жатқан ауруханаға кәсіпкерлер оттегі құрылғысын сыйға тартты деген хабар келді. Сол сәтте қуаныштан көзімнен жас қалай ыршып кеткенін байқамай қалдым. Қазір ойласам, сол кездегі азаматтардың жомарттығы, адамгершілігінің арқасында менің анам ғана емес, жүздеген науқас қайта өмірге келген екен. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді емес пе, сол секілді қиындық өз басыңа келгенде ғана оның өлшемін, салмағын сезінеді екенсің. Менің өзгелерге көмекке ұмтылуыма да сол азапты күндерді басымнан өткеруім себеп болды. Сонда барып өзгелерге көмек қолын созу ең үлкен бақыт екенін сезіндім, – деді Айнұр.

Орайы келгенде айта кетейік, пандемия кезінде Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан қала аумағындағы емханаларға қосымша көмек ретінде 30-ға жуық қызметтік көлік қызмет көрсеткен. Медицина мамандары бекітілген көліктер жедел жәрдем мен оттегі баллондарын тасымалдауға таптырмас көмек болғанын жеткізген еді.

Жастар – жақсылық жәрдемшісі

Пандемия ұғындырған тағы бір ұстаным – ұрпақ сабақтастығы, буынаралық түсіністік. Яғни еріктілер жылымен қатар келген індетте жас буын ортақ мүддеге жұмылып, ерікті түрде әрекет етті. Қоғамдық қор мен жастар орталығының өкілдері қала аумағындағы ауруханаларға кезек-кезек оттегі баллонын апарып, медициналық қорғаныш құралдарын үлестіру, залалсызданыру, дәрігерлерге көмек  көрсету секілді жұмыстарды атқарған еді. Себебі салмағы ондаған келіні құрайтын оттегі баллонын ары-бері тасымалдау мен бетперде таратуға жалғыз адам аздық етеді. Оның үстіне медицина мекемесінің мамандары да жетіспейтін. Сондықтан жастар орталығы күнделікті көмек көрсетуге үндеу салып, жастардың басын қосқан. Әлеуметтік желі арқылы жариялаған хабарлама нәтиже беріп, жобаға атсалысушылардың саны күннен-күнге артып, жиылған жігіттер ауру­ханадағы оттегі баллондарын қайта толтыру, тасымалдауға қол ұшын берген екен.

– Сыр жастары әлеуметтік көмекке атсалысуға қашан да дайын. Коронавирус індеті өршіген кезде көшеде бетперде тарату, залалсызданыру жұмысына жәрдемдесу, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізу секілді қайырымды істерге белсенді араласа білді. Қаладағы көлік тізгіндеген еріктілер де жобаға қатысуға ықылас білдіріп, артылған сенімнің үдесінен шыққанын айтып өткім келеді. Сондықтан бүгінгі ахуалдың көрсеткішіне ұйымшыл жастар бірлігі сеп болды деуге болады. Сыр елінің жастары бір-біріне көмек қолын созып, қиын сәтте бірге болса, алынбайтын қамал жоқ екеніне толық дәлел, – деді «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы.

Сын сәттегі жақсылықты тек кәсіпкер мен бел­сенділерден іздеу сыңаржақ болар. Билік те халық­тың ахуалын назарға алып, қолдан келер көмекті үйлестіруге тырысты. Әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек, несие мәселесі, салық жеңілдігі азаматтарды тығырықтан алып шығудың бір амалы еді. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы да аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау білдіріп, «Birgemiz» қоры бойынша қаржы жинаған-тұғын.

Сонымен қатар үкімет кәсіпкерге кедергісіз жұмыс жасауға мүмкіндік қарастыруда. Карантинде кәсібі тұралаған азаматтардың несиесін төлеу мерзімін шегеріп, тіпті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға үш жылға дейін мораторий жарияланды. Мұндай көмек ел экономикасының аяққа тұруына жасалған ең маңызды қадам екені анық.

P.S. Уақытпен санаспай, көмек көрсетуге барын салған азаматтардың бұл ұмтылысы келе­шекке сенім, жастарға күш сыйлайтыны сөзсіз. Бұл да болса күрделі кезеңде бірлігін танытып, қиын шақта жұмыла білген елдің індетті жеңер күні де алыс емес екенін ұғынғаны. Тек бірлік бекем, ынтымақ асқақ болса, еңсермес шың, алынбас қамал жоқ. Осындайда алып Абайдың бүгінмен ұштасқан ұстанымы еріксіз ойға оралады:

«Жау жабылса, бұзылмас жан көрмедім,

Артық жолдас таппадым татулықтан». 

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: