Бейсенбі, 02 мамыр, 07:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Үздік шағын аудан: Құмда да ағаш өседі

31.07.2023

253 0

Сонау ықылым заманнан «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы ұстанған халық үшін тал егу маңызды іс. Расымен де саялы ағаш егу ұрпақтан-ұрпаққа қалатын үлгі өнеге болмақ. Қоршаған ортаны көгалдандырып, ағаш отырғызып, табиғаттың әсем көрінісіне көрік бергенге не жетсін? Тіршіліктің қайнар көзіне айналған табиғатымызды аялап, әр егілген ағаштың қандай да бір тіршілік иесіне септігі тисе, мәселен  бір құс ұя салса, бір адам көлеңкесін саяласа, оның өзі үлкен сауап.

Осындай сауапті іс жасап, табиғатты аялап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын  адам кемде-кем. Десе де айналасына жанашырлық танытып, өзі тұратын үй айна­ласын көгалдандырып жүргендер де бар. Соның бірі – қаладағы Сырдария шағын ауданындағы көпқабатты үй тұрғыны Марат Түлепбаев. Ол ауласын гүлдендіріп өзге­лерге үлгі болуда. Ауылда туып-өскен кейіпкеріміз бала күнінен әкесінің жанында жүріп, табиғатқа жақын өседі.

– 2018 жылы зейнетке шықтым. Көршім аулаға жабайы жүзім ағашын екті. Кейін басқа жаққа қоныс аударып, өздері жасаған еңбектерін маған өтініш айтып, аманат етті. Аманатқа қиянат жасамайын деп бос уақытымда ауланы суарып жүріп, қызығушылығым артты. Содан ағаш отырғызуды бастадым. Алғашында  өзгелер «Мына жерге тал шыға ма?» деп күлген-ді. Соған қарамастан қолымнан келгенін жасадым, – дейді кейіпкер.

Кейіпкеріміз үйдің айналасына әсем көрініс беруі үшін ауланы жасыл желекке орап, гүлмен көмкеріп, көркейтуде. Сондай-ақ ауланы сәндеп ғана қоймай,  шудан, күннен, шаңнан қорғауда. Сонымен қатар ауланы қоршап, жеміс ағашын егуді қолға алған.

– Негізі біздің аула құмды жер. Осы жерге ағаш отырғызып, гүлдендіру жұмысын өзіме мақсат еттім. Ол үшін күзде жапырақтар төгілгенде барлығын жинап, жерге көмдім. Сол көмілген жерге нитроаммофоска тыңайтқышын суға араластырып сеуіп, ағаш отырғыздым. Осылайша «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп  талшын, мамыргүл, катальпа ағаштарын және гүл ектім. Ағаштардың жайқалып өсуіне шіріген жапырақ пен тыңайтқыштың көмегі болды, – дейді зейнеткер Марат Түлепбаев.

Кейіпкеріміз айналасын көгалдандырып ғана қоймай, басқа үйлердің ауласын көркейтуге қол ұшын беріп, көмектеседі. Сондай-ақ тұрғындардың алғысына бөленген кейіпкерімізге «ауланы көркейтіп беріңізші» деп өтініш айтып келушілер де аз емес. Қызығушылығы арқылы басталған көгалдандыру мен қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен Марат Түлепбаев сын­ды табиғатқа жанашырлық танытатын азаматтар жетерлік.

Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бас­тамасымен «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауы жеті аудан мен қала арасында өтті. Бұл байқауға Марат Түлепбаев «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің ұсынысымен бақ сынаған еді. Кейіпкеріміз тұратын Сырдария шағын ауданы «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациясы бойынша ІІ орын жеңімпазы атанып шағын ауданға сый ретінде демалыс алаңы салынатын болды.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: