Дін – көрінгеннің қолжаулығына айналмауы тиіс. Тырнақша ішіндегі «имандылықты» насихаттап жүрген діни экстремистердің мақсаты қоғамды күйрету. Сондықтан діни білім әрдайым маңызды.
Бұл туралы Қызылорда облысында өткен теолог мамандардың спортшы жастарымен кездесулерінде кеңінен түсіндірілді. Іс-шара Қармақшы ауданында және қалалық «Жастар» орталығы мен дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Стадионында» ұйымдастырылды.
Онда жастар арасындағы діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу,зайырлылық қағидаттарын түсіндіру мақсатында өткен кездесулерде теріс діни ағымдардың белгілері, олардың жастар санасын улау тәсілдері және әлеуметтік желілер арқылы жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстары туралы жан-жақты айтылды. Әсіресе, спортпен айналысатын жастардың белсенділігін өз мақсаттарына пайдаланғысы келетін радикалды топтардың әрекеттері ерекше аталды.
-Дін – күн көрудің кәсібі емес, дін – ғылым, дін – тағылым, дін – парасат, дін – ғибрат, дін – ождан, дін – биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек,*- деді теолог Жеңісбек Дәрібаев сөз арасында.
Мамандар діни экстремизмнің қоғам тұтастығына, мемлекет қауіпсіздігіне, отбасы құндылықтарына төндіретін қаупін түсіндіріп, мұндай идеологиялардың салдары ауыр болатынын айтты. Зайырлылық қағидаттарының мәні мен маңызы кеңінен талқыланып, жастар тарапынан туындаған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.
Балауса Сыздықова,
Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» журналист маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
