Өңірде дін саласындағы өзекті мәселелерге арналған ауқымды кеңес өтіп, онда қоғамдағы тұрақтылық пен рухани бірлікті нығайту жолдары кеңінен талқыланды. Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары М. Шермағанбет қатысып, аталған бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Басқосуға мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сала мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен діни бірлестіктердің мүшелері жиналып, ортақ мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Кездесудің басты мақсаты – өңірдегі діни ахуалды саралап, қоғамдағы татулық пен келісімді сақтаудың тиімді тетіктерін айқындау болды.
Жиында конфессияаралық түсіністікті бекемдеу, зайырлы мемлекет қағидаттарын ұстану, діни экстремизм мен радикалды көзқарастардың таралуына жол бермеу мәселелері жан-жақты қаралды. Әсіресе жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды күшейту, ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін жетілдіру және әлеуметтік желілердегі теріс мазмұндарға тосқауыл қою бағытындағы шаралар кеңінен сөз болды.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы М. Қазбекова атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларды таныстырды. Ол өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау жүйелі әрі кешенді жұмысты талап ететінін атап өтті.
Өз кезегінде Мейрамбек Зинабдинұлы қоғамдық келісім мен тұрақтылық – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін айтып, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара үйлесімді әрекеті аса маңызды екенін жеткізді.
Жиын соңында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, дін саласындағы жұмысты одан әрі жүйелеу мен үйлестірудің бағыттары нақтыланды. Кездесу қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті сақтауға бағытталған игі бастамалардың жалғаса беретінін көрсетті.
Балауса Сыздықова,
Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» журналист маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
