Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дінмұхамед Ермеков, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары: «Қаланың бәрін базар ете алмаймыз»

27.06.2023

820 0

Қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков – елордадан елге қызмет етем деп келген жастың бірі. Бұған дейін бірнеше министрлікте қызмет сатысынан өтіп, жас та болса, мемлекеттік қызмет мектебінен өткен жаңа орынбасар қала дамуына нендей жаңа бастама алып келді? Өзі жетекшілік ететін салада жаңашылдық лебі сезіле ме? Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермековпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Дінмұхамед Жандарбекұлы, әлгінде ғана тұр­ғындар үшін кезекті қоғамдық қабылдау өт­кізгеніңізді байқадық. Қала әкімі орынбасарының қабылдауына келген тұрғындар қандай мәселені жиі айтады?

– Негізінен тұрғын үй мәселесі. Әр қабылдауға кел­ген тұрғындардың басым көпшілігі баспана мәселесін айтып келеді. Бірі кезек жайын сұрап келсе, енді бірі апатты үй мәселесін, тағы бірі өзі тұратын үйдің жаңғыртудан өткенін қалап ұсыныс айтады. Сондай-ақ баласына жұмыс сұрап келетін ата-ана да аз емес. Қабылдауға келген әрбір тұрғынның айтарын тыңдап, сол жерде нақты жауабын береміз немесе бұл мәселені зерттеп, мәселенің түйткілін шешуге ықпал етеміз. Бір айта кетерлігі, баспана сұрап келген адамға бәрі кезекпен, заң аясында берілетінін, кезектен тыс пәтер берілмейтінін айтып түсіндіреміз. Орайы келгенде айта кетейін, қалада бүгінде пәтер кезегінде 5 санат бойынша 28195 адам кезекте тұр. Тұрғын үйге кезекке қою қызметі бүгінде толықтай автоматтандырылып, kezekte.kz сайтына орналастырылған. Бұл жерден кез келген адам тұрғын үй кезегін көре алады. Авто­маттандырылған жүйе азаматтардың меншігінде үй бар-жоғын, табысын, жұмыс орнын, санатын тексеріп, кемшіліктер болған жағдайда автоматты түрде шығарады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, сыртқы факторлардың орын алуын тежейді.

– Демек, кезексіз үй алғысы келетіндер бар ғой…

– Бәрі де тезірек баспаналы болғысы келеді ғой. Ең қиыны, хлықтың көзі ашық, көкірегі ояу десек те, «кезексіз үй алып беремін», «кезегіңді жылжытып беремін» немесе «таңдаған үйден пәтер алып беремін» деген алаяқтарға алданып, несие алса да сұраған ақша­сын беріп, соңында жылап, әкімдікке келетіндер бар. Халыққа ешкім кезекті жылжыта алмайтынын, ешкім де кезексіз үй алып беруге шамасы келмейтінін қанша түсіндірсек те, алаяққа алданатындар азаймай тұр. Әлі де халыққа заңсыз ешкім де пәтер ала алмайтынын түсіндіре беру керек.

– Тұрғын үйге қатысты басқа да мәселелер аз емес екені белгілі…

 – Ең қиыны, өзінің жекеменшік үйін ортақ мәселе еткісі келетіндер көп. Көпқабатты үйдің тазалығы, коммуналдық мәселесі, өжіресі, суы және басқа жеке мәселені, тіпті қолынан келетін болмашы нәрсені қабыл­дауға айтып келетіндер де жоқ емес. Көпқабатты үй тұрғындарында ортақ мүлікті күтіп ұстау түсінігі әлі де қалыптаспай келеді. Мәселен, бір жылда қаншама аулалар, ойын алаңдары салынды. Көп уақыт өтпей, сол жерге барсаң, танымай қаласың. Бәрін қиратып, жарамсыз етіп тастаған жағдайларды көріп жүрміз. Мұнан бөлек, айналасын таза ұстау секілді қарапайым нәрселерді айтудың өзі кейде ұят. Алайда біз сол мәдениетке де жете алмай келеміз. Биыл 27 көпқабатты үйдің қасбеті демеушілер есебінен жасалды, мұнан бөлек тағы да 32 көпқабатты үйдің қасбетін жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы бір жаңалық енді үйлердің қасбеті жөнделгенде, сол үйлердің аулалары да қоса жөнделмек. Яғни көпқабатты үй ауласындағы жолдар, жарық бағаналары, ойын алаңдары қоса жөндеуден өтеді.

–  Еңбек жолыңызға қарасақ, бұған дейін үш министрлікте, Президент аппаратында қызмет еткен екенсіз. Үлкен ортаны көрген тәжірибеңіз бар, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берер жаңашыл жобаларыңыз бар болар деген үміттеміз…

– Иә, бұған дейін жинаған тәжірибем бар, әлі де үйренеріміз көп. Мемлекет басшысының орталық атқарушы органда қызмет еткен мамандарды елге қызмет етуге жіберу, халықтың, ауылдың тыныс-тіршілігін көзбен көру, көңілге түю қажеттігі жөнінде тапсырмасымен елге келдім. Азды-көпті тәжірибем мен біліміммен Сыр елінің бас шаһарын дамытуға титтей де болса үлесім тисе екен деген ниетпен келдім. Қала-ауылда да ең бесты қажеттілік инфрақұрылымды дамыту мәселесі болса, бұл мақсаттағы жобаларды қорғап, орталықтан қаржы тартуға, инвесторлар әкелуге жұмыс істеудеміз. Аймақ басшысының да, қала әкімінің да тапсырмасы осы. Себебі тұрғындардың жол, су, жарық секілді мәселе болмайтын, қауіпсіз қалада өмір сүргісі келетіні анық. Әрине, уақыт озған сайын, қала үлкейіп, ескісі тозып дегендей, қажеттілік арта беретіні сөзсіз. Дегенмен мүмкіндігінше тұрғындарға өмір сүруге қолайлы қала жасау – негізгі жұмыстың бірі. Жаңа айтып өткендей алдағы міндеттің бірі – инвесторлар тарту. Мұның нәтижесін уақыт көрсетеді. Тың жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар.

– Сіз жетекшілік ететін саланың бірі – кәсіп­керлік. Облыс орталығы аудан-ауылдарға қара­ғанда кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта екені сөзсіз. Жалпы қаладағы кәсіпкерліктің даму деңгейі қалай?

– Қаламызда шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейі көңіл толарлықтай деп айта аламын. Бұған дейін де кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға, қолайлы жағдай жасау жұмысы жүйелі жүргізілген. Қызметке келгелі орта және шағын кәсіпкерлікті әлі де дамытуға баса назар аударып, жұміс жүргізудеміз. Шағын және орта кәсіпкерлік даму жағынан Қызылорда қаласының облыстағы үлесі – 48 пайыз. Қазір қаладағы халық саны 350 мыңдай болса, соның 35 мыңнан астам тұрғынның шағын кәсібі бар. Дегенмен әлі де қалада кәсіпкерлік саласын дамытуға қолдау жасай береміз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына, жаңа жұмыс орнына ашуға бірден-бір мүмкіндік дер едім. Алдағы уақытта осы бағдарлама аясында кәсіпті дамытуға бөлінетін қаржыны 4-5 есеге көбейтіп, халықтың төмен пайызбен несие алып, кәсіп бастауына жағдай жасауына барынша қолдауға қала әкімінің тапсырмасы бар. Бұл ауылды дамытуға, ауыл халқының жұмыспен қамтылуына жақсы мүмкіндік.

– Әрине, сандарды сөйлетсек, кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Дегенмен бұл салада өнім өндіру жағы әлі де кенжелеп қалғаны жасырын емес. Мәселен, күні кеше қалада нан зауытының ашылуы да бір жаңалық. Яғни кәсіпкерлікті дамытуға келгенде сан емес, сапа жағына мән беретін кез келген сияқты…

– Қала әкімі ай сайын кәсіпкерлермен кездесуді дәстүрге айналдырды. Кездесуде кәсіпкерлік сала­сының мәселесі, кәсібін жаңа бастағандарға қандай қолдау қажеттігі ашық айтылады. Нәтижесі де жоқ емес. Осындай кездесудің нәтижесінде бірнеше кәсіп­керлерге кәсібін жүргізу үшін инфрақұрылымы жүргізілген жер мәселесі шешімін тапты. Мұндағы мақсат – кәсіпті қолдау, жаңа кәсіп бастағандарды қолтықтан демеу. Мәселен, қазір сол жағалау жақсы дамып келеді, сол себепті сол жақта жұмыс істесек, кластер құрсақ деген ұсыныстар бар. Осыны ескеріп, алдағы уақытта шағын кәсіпкерлік алаңын құру жобасын жүзеге асырсақ дейміз. Мұндағы мақсат шағын кәсіпкерлікті бір ортаға топтастырып, оларға көмектесу жағын ойластырып жатырмыз. Осындай қолдаулардың нәтижесінде бүгінде қалада 4 кәсіпкер лимон өсіріп жатыр. Алдағы екі жылда жемісін беріп қалады. Сонымен қатар  «Өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру» картасы аясында Қызылорда қаласы бойынша «Бірыңғай индустрияландыру картасына» енгізілген жалпы құны 68,2 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде: «Orda Glass LTD» ЖШС-ның «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты» жобасы 2021 жылдың желтоқсан айында «Orda Glass LTD» ЖШС-ның Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты іске қосылды. Сонымен қатар  «Ақселеу» жеке кәсіпкерлгінің «Күйдірілген қыш шығару шағын зауыты», «ТриМо» серіктестігінің «Қуаттылығы жылына 500  тонна екі окись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру», «Poom Trade KZ» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу», «Orda TEXC» ЖШС-нің «Түйе жүнін өңдеу және көрпе тігу цехы», «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС-нің «Шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты», «Dana Quartz» ЖШС-нің «Айна шығару зауыты» жобалары бар.

– Сізді ойлантатын мәселе…

–  Бір нәрсені айта кету керек, бүгінде кәсіпкерлерге барынша қолдау жасалуда. Сол сияқты кәсіпкерлер тарапынан да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіну, қаланы көркейтуге үлес қосу, ең болмағанда айналасына, қоршаған ортаға зиян тигізбеуді түсінсе екен дейміз және талап етеміз. Мысалы, жаз мау­сымында кәсіпкерлерге кәсібін емін-еркін жүргізу үшін Президент саябағына сауда-саттық жасауға рұқсат берілді. Сол жерде тегін тұрып, кәсібін жүргізуде. Бір өкініштісі, ертесіне саябаққа барсаң, кәсіпкерлердің сол маңды қалай ластап кеткенін көріп, жүзің ұялады. Қоқыс-қалдықтар бір кеште үйіліп қалады. Мұны талай ескерттік те, алайда нәтиже аз. Бізде тазалықшылар тазалап алады деген қате түсінік бар. Бір қиыны, бізде сауда-саттық мәдениеті қалыптаспаған екен. Сонымен қатар кез келген жерге сауда жасауға да тыйым салып жатырмыз. Бұл мақсатта күн сайын рейдке шығамыз. Әсіресе, «Универсам» маңын әлі де тазарта алмай жатырмыз. Саяжайдан, есік алдындағы бау-бақшасынан өнім әкеп сататындар үшін арнайы орын дайындап берілген. Біз қаланың барлық жерін базар ете алмаймыз ғой, халық та, өнім сататындар да соған бейімделу керек.

– Облыс орталығында туризмді дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?

– Ұлттық статистика бюросының ресми сайтының статистикалық деректеріне сәйкес Қызылорда қала­сында шетелдік туристер саны өткен күнтізбелік жылдың ұқсас кезеңімен (2021-2022 жылғы қаңтар-маусым) салыстырғанда 676 адамды құрады.

Қызылорда қаласы бойынша 48 қонақ үй (оның ішінде 5 хостел) жұмыс жасайды. «eQonaq» ақпараттық жүйесіне бүгінгі күнге 26 қонақ үй тіркеліп тұр, қалған қонақ үйлердің ақпараттық жүйеге тіркелуі бойынша сала мамандары тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, аталған бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаламызда туристік қызметті 12 турагенттік жүзеге асырады

Жазғы демалыс маусымында қала аумағында 13 шағын және 2 ірі демалыс орындары жұмыс істейді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында 52 жол бойы сервистік нысаны болса, қала аумағында 10 кешен жұмыс істеп тұрса, 1 жоба құрылысы қайта салынуда. Өткен жылы автожол дәлізінің бойында 3 жаңа жол сервистік нысаны пайдалануға берілді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: