Жұма, 22 қараша, 21:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Еліне елеулі азамат

06.05.2023

1048 0

Бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан қарттарымыз кезінде еңбегімен елге танылған, өздерінің жеке басының қасиеттерімен халқын тәнті еткен, еңбек еткен ортасында абыройлы болған замандастар еді. Солардың көпшілігі бүгінгі күні қатарымызда жоқ. Олардың басым көпшілігі кезінде, көзінің тірісінде еленбей, ескерілмей дүниеден өтіп кетті. Осыны ескере отырып, аудандық ардагерлер кеңесі соңғы жылдары қолдағы мүмкіндікті пайдалана отырып, жасы сексенге толған қарттарымыздың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат еттік. Әсіресе ұжым басқарған басшылар, ауыл шаруашылығы сала­сының майталмандары, мол өнім алуда жаңа технология мен өндіріс әдістерін тиімді пайдалана білген білікті мамандардың еңбегін елге таныту – ғибратты іс деп білемін. Осындай мақсатпен аудандағы Еңбек ауылынан шыққан, ауданның бірнеше шаруашылығында бас агроном бол­ған Тоқтар Ағатаевтың, Мырзабай Ахун ауылынан шаруашылықтарда бас маман, партком хатшысы, жұ­мысшылар комитетінің төрағасы болған Амангелді Аруновтың мерейлі 80 жасқа толған атаулы күнін атап өтуді ұйымдастырдық. Осындай аза­маттардың қатарында сыртта жүрсе де жүрегі ел деп соққан, кезінде шаруашылықтарда бас маман, шаруа­шылық басшысы болған, аудандық мекемелерді басқарған еліне елеулі азаматтардың бірі Тұрмағамбет Асанов та мамыр айында өмірінің айтулы белесі 80 жасқа толғалы отыр.

Тұрмағамбет Асанов ел тарихында Ұлы Отан соғысы аталып кеткен жылдарда дүниеге келген. Жалпы соғыс жылдарында дүниеге келген ұрпақтың тағдыры бір-біріне ұқсас болып келеді. Олардың сәбилік шағы соғыс жылдарында өтсе, балалық дәуі­рі соғыстан кейінгі оның зардабын жойып, елдің шаруашылығын қалпына келтіруге арналған қиын-қыстау кезең­мен тұстас келді. Олар кезінде тойып тамақ ішпеді, бүтін киім кимеді. Бұғанасы қатпай жатып еңбекке ара­ласып, өмірдегі қиындықтарды көріп өсті. Заманындағы таршылық пен қиыншылықтар  оларды ерте есейтті. Білім алуға құштар етті. Қинала жүріп мектеп бітіріп, жоғары білім алуға ұмтылды.

Тұрмағамбет Асанов 1943 жылы ауданымыздың Еңбек ауылында дү­ниеге келген. Ауылындағы орта мектепті 1959 жылы бітіріп, сол кезде Еңбек колхозы деп аталған ұжымдық шаруашылықта механизатор болып еңбек жолын бастайды. Заман та­лабына сай мектептен кейін екі жыл өндірісте жұмыс істеп, 1961 жылы Алматы қаласындағы Қазақт­ың ауыл шаруашылығы институты­ның ауыл шаруашылығын механика­ландыру факультетіне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп, ауыл шаруашылығы өндірісін механикалан­дыру инженер-механигі мамандығын алып шығады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарына дейін ауданымызда жоғары білімді  инженер-механиктер жоқтың қасы еді. Машина, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникала­рын пайдалануға негізінен қатардағы практик механизаторлар, орта арнау­лы білімі бар техник-механиктер басшылық жасайтын. Олар осындай біліммен инженерлік лауазымды қызмет істеп жүрген Алдаберген Бисенов, Орынбай Сарманов, Нұр­махан Ақтайлақов, Әшім Желдербаев, Камал Назарқұлов, Ким Виктор, Пак Инокентий, Ан Слава, Сағынбай Құланбаев, Сұлтанбек Алда­бергенов, Шамшат Тайбасаров, Ақмахан Әбенов  сияқты азаматтар еді.

Олардың ішінен жастар жағы заман талабына сай кейінірек 70-80 жылдары сырттай оқып, жоғарғы білім алды. Ал оған дейін жоғарғы білімді инженер-механиктер 60 жыл­­дардың ортасына таман институт бітіріп келе бастады. Олар­дың ал­дың­­ғы легінде институт бітір­ген­дер Ахметхан Әбішев Ақарық шаруа­­шылығында, Тыныштықбай Ахметов сол кездегі «40-жылдық Қазақстан» колхозында бас инженер – ме­ханик болып қызмет атқара бас­тады. Тұрмағамбет те солардың қата­­рында 1966 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын біті­ріп елге келді. Өзінің жоғарғы білімді инженер дәрежесіндегі еңбек жолын ауданымыздың ірі шаруа­шылықтарының бірі Жаңаталап кең­шарында бас инженер болып бастады. Бұл қызметті шаруашылықта бас инженер болып қызмет атқарып, кейін сол шаруашылыққа директор болып, сол қызметте жүріп Социалистік Еңбек Ері атанған Алдаберген Бисенов ағамыздан қабылдаған еді. 

Жас маман қызметке шұғыл кірісті. Тұрмағамбетке дейін шаруашылық­тың инженерлік қызметін басқарған Алдекең өте ыждағатшыл, жұмыс бабындағы мәселелерді ірі-майда деп бөлмейтін, кез-келгеніне үлкен мән беріп қарайтын маман-тұғын. Бұрынғы бас инженердің осы қасиеттерін жалғастыра отырып, инс­титутты қызыл дипломмен бітіріп іске кіріскен жас маман да машина, трактор паркін пайдаланудың жаңа озық тәжірибелерін өндіріске енгізуге кірісті.

Осы жылдары Жалағаш ауданы  Қармақшы ауданынан бөлініп, дер­­бестік алып, Н.С.Хрущевтың эко­­номикаға жасаған қисынсыз ре­фор­маларынан зардап шеккен шаруа­шылықтардың жаңа бас көтере бас­таған жылдары еді. Солардың қата­­рында Жаңаталап кеңшарында жаңа директор Алдаберген Бисенов­тың кадрларды өз орнына қойып,  мамандармен ақылдаса отырып, шаруашылық өндірісін жаңаша ұйым­дастырып басқаруының арқа­сында бас аяғы бір-екі жылда табыс­­ты шаруашылықтардың қата­ры­на қосылды. Шаруашылық бас­­шы­сының, мамандарының, бөлімше басшыларының еткен еңбектері өз нәтижесін бере бастады. 1967-1973 жылдары Алдаберген Бисенов ағамыз басқарған Жаңаталап кең­шары да ауыл шаруашылығы өн­дірісін механикаландыру мен күрішті егумен күтіп баптаудың жаңа тех­нологиясын игерген, өндірістің жо­ғарғы мәдениетіне қол жеткізген, аудандағы күріш фабрикасына ай­налған шаруашылықтардың бірі болды. Шаруашылық алдындағы бес жылда мемлекетке небәрі 58 мың центнер астық берсе, 1967 жылы  40,8 мың центнер, 1968 жылы 47 мың,1969 жылы 63 мың, 1970 жылы 66,3 мың центнер астық сатып, өткен бес жылмен салыстырғанда мемлекетке  бес есе көп астық берді. Нәтижесінде кеңшар директоры Социалистік Еңбек Ері атанса, бөлімше басшылары, ма­мандар, өндіріс жетекшілері мен кү­рішші-механизаторлар орден, ме­дальдармен марапатталды. Осы жыл­дары кеңшардың бас инженері Тұрмағанбет Асанов та Лениннің 100 жылдығына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалімен, екі рет Мәскеудегі Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесіне (ВДНХ) қатысып, осы көрме қола, күміс медалімен марапатталды.

Шаруашылықта бас инженер болып тәжірибе жинақтаған жас кадрды аудан, облыс басшылары 1973 жылы аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің басқарушысы қызметіне тағайындап, бүкіл ауданның инже­нерлік қызметі мен ауыл шаруа­шылығын материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарын сеніп тап­сырады. Бұл қызметті екі жылдай атқарып, абырой биігінен көріне білген Тұрмағамбет 1974 жылдың қараша айында аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі Аққұм кеңшарына директорлық қызметке жіберіледі. Бұл қызметте де нәтижелі еңбек еткен ол 1976 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

Аққұм кеңшарын тоғыз жылдай басқарған Тұрмағамбетті аудан бас­шылығы 1983 жылы аудан орта­лығындағы механизатор кадрларын дайындайтын №15 орта білім беретін кәсіптік-техникалық учили­щеге директорлық қызметке жібе­реді. Ол жауапкершілік пен іскерлік қасиеттерін бұл қызметте де көрсете білді. Ол басқарған жылдары учи­лищенің материалдық-техникалық базасы бұрынғыдан да нығая түсті. Оқу сапасын жақсартуға, сапалы кадр дайындауға мән берді. Бұл қыз­метте 1986 жылға дейін істеген Тұрмағамбет отбасылық жағдайына байланысты Қызылорда қаласына қоныс аударып, Автотранспорт меке­месінде бас инженер, Қызылорда совхоз-техникумында оқытушылық қызметтерін атқарды. Қай жерде, қай салада, қандай қызмет атқарса да ол өзінің азаматтық бейнесін жоғалтқан жоқ. Өзінің іскерлігі мен жұмысқа деген жауапкершілігін бәрінен жоғары қойды. Соның арқасында Қызылорда қаласында қызмет атқарған кезінде де абырой биігінен көріне білді. Тұрмағамбеттің көп жылғы нәтижелі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше орден-медальдармен марапатталса, үш рет аудандық кеңестің депутаты, төрт рет аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланып, ауыл шаруа­шылығы қызметкерлерінің рес­пуб­ликалық ХІ конференциясына делегат болып қатысты. Бүгінде Жалағаш ауданының Құрметті азаматы деген мәртебелі атаққа ие болып отыр.

Тұрмағамбет табиғатынан ақ­жарқын, ашық мінезді, адамдармен тез тіл табыса біледі. Өзінің ұтымды да, зілсіз әзілімен, кез-келгенді баурап алады. Ретін тауып өзінен жасы үлкен ағаларымен де әзілдесетіні бар. Бірде Алматы қаласына іссапармен барған кезде сол жақта демалыста жүрген сыйлас ағаларының бірі Жадырасын Күзеновпен Алматы қонақүйінде кездесіп қалады. Ағасын қонақүйінің мейрамханасына шақырып сыйлайды. Отырыста бір сөздің реті келгенде Тұрмағамбет:

– Жәке, сіз осы білесіз бе, мен сіз­ге аға болып келем, сізден үлкен­­мін, – дейді.

– Қалай үлкен боласың, сен, қайда, маған қарағанда баласың ғой,– дейді Жәкең таң тамаша болып.

– Қазір сенбесеңіз төлқұжатымды көрсетейін, – деп қалтасынан алған төлқұжаттың суреті жоқ бетін ашып, аты жөні жазылған жерін саусағымен басып тұрып, туған жылы 1932 жыл деген жазуды көрсетеді. Оны көрген Жәкең не дерін білмей, сенбеске амалы қалмайды. Сөйтіп, ағасына бір жас үлкен екендігін мойындатады.

Сөйтсе, Тұрмағамбет қонақүйіне орналастыру үшін іссапарға өзімен бірге барған аудандық «Казсель­хозтехника» бірлестігінің бас инженері Ан Славаның төлқұжатын көрсеткен екен. Демалыстан келген Жәкең осы оқиғаны айтып күлдіргені бар-тын.

Тұрмағамбеттің оны зейнетке шық­қаннан кейін тағы бір қырын танытты. Ол шығармашылықпен де айналысты. Бейнеттің зейнетін көрген жылдары өзінің өмір жолынан, замандастары мен қызметтестері туралы естеліктер, Жетірудың бір баласы Керейттің шежіре-тарихынан небәрі тоғыз кітап жазып баспадан шығарса, атақты Нысанбай жырау туралы шығармаға редакторлық етіп, үлкен еңбек етті.

«Қосағыңмен қоса ағар», деген халқымыздың даналық сөзі бар. Асылы, осы сөз Тұрмағамбеттің от­басына арналғандай. 1966 жылы бас қосқан, өмір жолындағы тірегі, аяулы жары Күләш та Тұрмағамбетпен бірге 80 жасқа толған мерейлі мерекесін атап өтпекші. Күләш та барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған білікті ұстаз. Бұл саладағы көп жылғы нәтижелі еңбегі үшін «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанған ардагер ұстаз, «Күміс алқа» орденінің иегері.

Тұрмағамбет пен Күләш 57 жыл бойы өмірдің сан қилы өткелдерінен қол ұстасып, бірге өтіп келеді. 1966 жылы шаңырақ көтерген жас отау иелері бүгінгі күні тамыры тереңге кеткен, жапырағы жайқалған алып бәйтеректей болып отыр. Екеуінен дүниеге келген төрт қыз, екі ұлдан тараған немере-шөберелер өсіп, үлкен әулетке айналды. Олардың егеменді еліміздің белді азаматтары боларына күмәніміз жоқ. Қосағымен қоса ағарды деген осы болар.

Бүгінде әдемі қарттыққа жетіп, 80 жасқа толған мерейлі мерекелерін атап өткелі отырған Тұрмағамбет пен Күләшті құттықтай отырып, отбастарына береке, бірлік, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ұрпақтарының қызығын көріп, қол ұстасып, ұзақ өмір сүріңдер демекпіз.

С.Әлиев,

Жалағаш ауданы ардагерлер

кеңесінің төрағасы, Жалағаш

ауданының құрметті азаматы,

Қызылорда облысының

құрметті ардагері.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: